Ертегі. Еріккен хан

Oinet.kz 06-10-2017 1687

Аңыз әңгіме: "Еріккен хан". - Ұлы Қазақ Елі

Еріккен хан бір күні халықты жинап алып: «Кімде-кім жалтыр мұздың үстінде екі көрпемен түні бойы үсімей шықса, соған өмір бойы жетерлік алтын беремін. Ал бір жерін үсік шалса, ол өлім жазасына бұйырылады», - деп жариялайды.

Бұл хабарға көп адам еліктеп, ханның айтқанын істейді.

Бірақ бірінің аяғын, екіншісінің қолын үсік шалып, ауруға ұшырайды.

Оның үстіне ханның жазасы да соққы болып тиеді.

Ханның ауылына бір күні Қожанасыр келеді. Ол ханның талабын орындамақ болады.

Хан берген екі көрпені мұз үстіне төсеп, үстіне киім жамылмай жатады. Сөйтіп, сар аяздың өзінде жамбасынан сыз өтпеген Қожанасыр үсіктен аман қалады. Хан оның жағдайын сұрай келіп, еш сылтау таппаған соң: - Мүмкін, сен түнде алыстан от көрген шығарсың? – деп сұрайды. Сонда Қожанасыр көз ұшынан бір оттың жылтырағанын айтады. Іштей ыза болып тұрған хан: «Сен сол оттан жылу алып, аман қалған екенсің?» - деп, Қожаға жөнсіз тиіседі.

Қожанасыр өзінің ол оттан ешқандай жылу алмағанын дәлелдеуге тырысады. Бірақ хан көнбейді.

Ақыры Қожанасыр ханды үйіне шақырады. Ұзын мосыға шәугімді іліп, астына жылтыраған от жағады. Шәугім биік, от әлсіз, шай қайнамайды.

Сонда іші пысқан хан: - Ей, Қожанасыр, аспанға тұрған шәугімге жылтыраған оттың жылуы жете ме? – депті. - Ханеке, көз ұшында жылтыраған оттың мұз үстінде жатқан адамға жылуы келгенде, мосы басында тұрған шәугімге астында жылтыраған оттың жылуы неге бармасын. Бүгін болмаса, ертең шай қайнар, - депті.

Сөйтіп, сөзден жеңілген хан қатты ұялып, үйіне қайтады.

Ашық сабақ: Махамбет Өтемісұлы өмірі, шығармашылығы
Қожанасыр хикаялары. «Өлген» қазан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу