Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Асқар Сүлейменов өмірі мен шығармашылығы

Oinet.kz 02-10-2019 4118

 

Аннотация

 

            Бұл  шығармашылық  жұмыста  А.Сүлейменовтің  өмірі, бейнесі, мінезі өрнектелген  ойлы  толғамдары  арқылы  берілген. Зерттеу  нысаны  ретінде  «Шашылып  түскен  тіркестер» философиялық  ойлары  алынды. Мұндағы  жазушы, сыншы, драматург, философтың  терең  ойлы  тіркестерінің  мәні, мағынасы, астарлы  ойлары, жұмбақтап  жеткізген  толғамдарын  жұрттшылық  назарына  шығарып, зерттеуге  алынған.

           Жұмыс  кіріспе, негізгі  және  қорытынды  бөлімдерден  тұрады. Кіріспе  бөлімде жазушы  шығармашылығын  зерттеуші  профессор, сыныптас  досынан  алынған  сұхбаттар  арқылы  жинақталған  мәліметтер, естеліктер  қамтылып, жалпы  туындыға  түсініктеме  сөздер  берілді. Негізгі  бөлімде  біршама  тіркестерінің,  сөз  орамдарының  мағынасын  анықталса, жазушы  тілінің  көркемдігі  талданып,  қолданған  эпитет, теңеу, метафораларға  тоқталды. Сонымен  қатар  Абай  шығармаларымен  салыстыра  отырып, байланысы  зерттелген.

           Қорытындылай келе, жазушы, драматург, сыншы, философ  А.Сүлейменовтің дәстүрі, тілі көркем, терең ойлы, астарлы  мысқыл, шешендік  өнерінің  жалғасы  іспетті. А.Сүлейменовтің  тілін  ұғу  үшін  сол  дәрежеге  көтерілу  қажет. Нағыз  жүрегіңмен  ұғатын  философиялық  сөздер. Тек  қана  жүрегіңмен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жұмыстың  өзектілігі:

 

       Шашылып  түскен  тіркестерін   талдай  отырып, эстетикалық және  тарихи  құндылықтарын  дәріптеу, философиялық  ой – толғамдарын жаңғырту, жазушы  тілінің  құдіретін  насихаттау.

 

Жұмыстың  мақсаты:

 

Ø Философиялық  ой толғамдарын  зерттеу, мағынасын  ашу;

Ø Көркемдік  және  тарихи  құндылығын  бағалау;

Ø Тілдік  қолданыс  ерекшеліктерін, сөз  орамдарын   талдау;

Ø Тіркестерді  тақырып  бойынша  жүйелеп,  жинақтау;

Ø Абайдың  шығармаларымен  салыстыру;

 

 

Зерттеу  әдістері:

·        Сұхбат   алу,  талдау,  жинақтау  әдістері                                       

 

                            

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                       

Мазмұны

 

                             І.    Кіріспе

                                    Парасат  падишасы

                             ІІ.   Негізгі  бөлім            

1.                  Философияға  толы  ойлы  тіркестер.

2.                  Сүлейменов  толғамдарының  тілдік  көрінісі.

3.                  Абаймен  үндестік.

                               ІІІ.  Қорытынды

                                     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                      Асқарды  сыдыртып  оқымай, ішке  түйіп  оқу  керек

                                                                                                     Ғ.Мүсірепов.                

 

Кіріспе

         «Күлкісі  де,  жанары  да  салқын  екен. Тура  қараған  адамның  өңменін  суық  жанары  жуалдыздай  тесіп  өтетін  секілді. Ашаң  тұлғасында  ешкімге  бас  имес  паңдық, тәкаппарлық  пен  ойлылық  бір  сәтке  жалт  етіп  өткендей  болды» [1,3]. Бұл  Д.Исабековтің «Қарғын» романындағы  Жасын  бейнесіне  жасырынған  Асқар  болатын.  Жазушы,  әдебиет  сыншысы, драматург, Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  А.Сүлейменов  1938  жылы  29 желтоқсанда  Оңтүстік  Қазақстан облысы, Түркістан  ауданындағы  Шорнақ  ауылында  туып, Созақ  ауданында  орта  мектепте  білім  алған.  «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық  еңбектердің, әдебиет  және  өнер  жайлы  жазылған  көптеген  мақалалардың  авторы, «Арғымақ  пен  шабандоз», «Құлагер» киносценарийлерін,  «Жазушымен  жүздесу», «Ситуациялар» драмаларын   жазды. 2001 жылы  «Кек», «Болмыспен  бетпе – бет» кітаптары  жақыр  көрді. Сонымен  қатар,  Б.Брехтің, Е.Шварцтың  пьесаларын  аударған. 1996 жылы «Ситуациялар» триптихы  үшін  Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  сыйлығы  берілді.  Ә.Бөпежанованың  «Парасат  падишасы»  атты  естеліктер  туралы  кітап  жарыққа  шықты.

         А.Сүлейменовтің  прозасын, драматургиясын, мақалаларын  тереңінен  зерттеп, диссертация  қорғаған  Ақжол  Қалышбектің  айтуынша, Асқар  уақытынан  озып  туған  тұлға, модернист. А.Қалышбек  А.Сүлейменовтің  жазушылық  өнерін  үш  кезеңге  бөліп  қарастырады: 1. Сыншылық;                         2. Прозалық;  3. Драматургиялық;

        Жазушының  бірге  оқыған  сыныптасы  Мәми  Дадабеков  сұхбат  жүргізу  барысында  жылқыны  жақсы  көретінін, тік  мінезді, өткір  тілді, қағытпа  сөздерді  көп  айтатыны  жайлы  еске  алды.  Иә, Асқар – өткір  тілді  жазушы. Оны  «Қарғын» романындағы  мына  бір  жолдардан  да  аңғаруға  болады: «Маңдайлы  ашаң  жігіттің  телегей  теңіз  білім  мен  биік  парасат  иесі  екенін, жебедей  өткір, сүңгідей  салқын  жанары  жақынды  емес, алысты  көруге жаралғанын, қабырғасы  қара  басының  ғана  бүгіні  мен  ертеңі үшін  қайыспайтынын  аңғарды  және  оның  айтқан  сөздерінің  бірі  бүгін не  кеше  пайда  болған  пайымдау  емес, бұдан  әлдеқашан  бұрын  мың  ойланып, мың  толғанып  барып  жасаған  нақты  да, бұлтартпас  түйіндері  сияқты» [1, 33]. Сыншылық  қасиетінде  шек  жоқ. Ешқандай  кісі  кемшілігін  таба  алмаған  екен. Өте  тапқыр  болған. А.Сүлейменовтің  тегі  Қаратау  төңірегінің  қожалары  болса  керек. Бірде батып  ойнай  беретін  біреу  қожалығын  бетіне  салық  еткісі  келіп;

- Арақта  боза  жаман,  қазақта  қожа  жаман, - деп  соқтыға  сөйлепті. Сонда Асқар: - Алдымен, боза  арақ  емес, қожа  қазақ  емес. Тым  болмаса, соның  байыбын біліп  сөйлесең  етті,- деген  екен.

        А.Сүлейменовтің  2001 жылы  шыққан  «Кек» деп  аталатын  кітабымен  таныстым. Сондағы  «Шашылып  түскен  тіркестер» тарауындағы  қанатты  сөздерін  тереңдігімен, қиыннан  қиыстырған  толғамдарымен, ерекше  сөз  орамдарымен  қызықтырды. Неге  «Шашылып  түскен  тіркестер» деп  алды  екен  деген  сұрақ  туындайды. Менің  пікірімше, бұл  туынды – барлық  шығармаларының  негізі,  жинағы. Байқап  қарасаңыз,  көптеген  тіркестері  әр  шығармаларының  түйіні  іспетті, жалғасы  іспетті. Шашылып  түскен  дегені – мұнда  әртүрлі  идеялардың  айтылуы.  Мысалы, ұлттық  болмыс, рухани  байлық, адамгершілік, саясат, адам  бойындағы  кемшіліктер. «Шашылып  түскен  тіркестер» - терең  философиялы, өткір  тілді, көркемдігі  жағынан  эстетикалық  құндылығы  жоғары,  тіпті  кейбір  тіркестері Абайдың  сөздерімен  үндесіп  жататын  шебер  жазылған  толғамдар.

 

 

 

 

 

 

Негізгі  бөлім

            Біріншіден, жоғарыда  айтып  кеткенімдей, шашылып  түскен  түркестері  ақиқатқа  ұмтылған  терең  ой, көлемінің  қысқалығы, жұмбақ, астарлы  ой,  көркем  тіл,   философиялық  ойға  бай. Сонымен  бірге, жазушының  соңғы  жарық  көрген  шығармасы.  А.Сүлейменовті  зерттеуші  А.Қалшабек «Әр  сөзі  бір  роман» деп  баға  береді. Шынында  да, недеген  сөздер! Неге  қиындатып, жұмбақтап  жазады? Ерекшелігі  неде? Осы  сұраққа  қарапайым  ғана  жауап  таба  алдым: қазақтың  ежелден  келе  жатқан  қанға  сіңген  шешендік  өнеріміз, тіліміз, дәстүріміз.  Әр  тіркестері  арқылы  жазушының  мінезін  тануға  да  болады.  Мәселен, «Келер  қазақтың  да  ішетін  уы мен  балы – Абай». Бір  ғана  сөзбен  Абайдың  құдіреттілігін  жеткізіп  тұр. «Абай  жолын» оқымаған  қазақ – қазақ  емес» деген  пікірге  саятын  секілді. Астарлап, жұмбақтап  бір  ауыз  сөзбен  жеткізетін  тіркестері  де  аз  емес. Енді  бір  сөзінде «Юбка  киген  Махамбет» дей  салады.  Ал  тауып  көріңіз? Юбканың  Махамбетке  қатысы  қандай? Негізі, Фариза  Оңғарсынова  ақынға  айтылған  сөзі  еді. Осы  сөзден  кейін  Ф.Оңғарсынованы  зерттемейсіз, бәрін  де  ап-айқын  айтып  тұр, осы  сөз  арқылы  танытып  тұрғандай. «Таулы  Қарабах  емес – Таулы  Қара  бақ».  Қарабах – Әзірбайжан  елінің  тауы. Қарабах  тауында  армениямен  қақтығыстар  болады. Жазушының  айтпағы, біздің  елімізде  қара  бақ  болады  дейді. Мысалы, Қаратау, Қара теңіз, қара  шаңырақ,  қара  қобыз....  Мұнда  «қара» деген  ұғымды  «бақ» деп  санап, жақсылыққа  балап  тұрғандай. «Бейбақ  Қожа  Иассауи, «Егемен  Қазақстанға» барыңыз  да  анкетаның  5-графасын  өзгертіп  алыңыз. Өзгертіп  беретін  Аян  Нышанәлі.»  Бейбақ  деген  сөз  әдетте  аңкау, адал  адамдарға  айтылады. Неге  Иассауи  мен  Нышанәліні  ерекшелеп  көрсетіп  тұр? Себебі  Сүлейменов  айтады: « Әзіреті  Сұлтан  қаңлы  болса, ол  кісінің  кезінде  қазақ  тілі  болмаған  болып шығады. Мұны  қайтеміз?», - дейді. Сонда  «Иассауи» деген  сөзге  қанағаттанбай  тұрған  Асқарды  көреміз. «Алған – ұмытар, берген – ұмытпайды.  Қазақстанның  психологиялық  халі: аз  да  болса  алғанын  ұмытпайды, мол болса  да  бергенін  ұмытады.  Кең  қолтықтың  бір  ірілігі». Қазақтардың  психологиясын  қалай  әдемі  келтірген  десеңізші!? Қанша  көп  берсе  де  ұмытпайтын  қазақ,  кішкентай  берген  нәрсесін  еш  ұмытпайды. Енді  қараңыз, кең  қолтық! «Кең» деген  сөз ашық, жомарт  деп  алынса, пейілі  кең  қазақ  халқын  іріге  балап  тұр. Бұл  жерде ащы  мысқылды  анық  байқауға  болады.  Жазушы  адами  қасиеттерге  де  тоқталып өткен. Мысалы, «Кісілігін  жоғалтпаса  жауыңның  қайсыбір  иттігін  кешіруге  де  болады». Кішіпейілділік  атты  адам  бойындағы  құндылықты  осыншама  тіркестер  арқылы  жеткізіп  тұр.  Кейде  проблемалық  сұрақтар  да  тастап  отырады: «Адам  ажалға  бір  табан  жақын  ба, өмірге  бір  табан  жақын ба?». Сондағы  айтпақ  ойы, өмір  бар  жерде  өлім  де  бар. Ол Құран  кітапта  да  көрсетілген. Бірақ  ортаға  проблема  тастап  тұр, қайсысына  жақынбыз?

         Адамның  рухани  ізденіс-сілкіністері  үш - ақ  сауалдың  аясына  сыяды:

а) не  біле  аламын?

б) не  істеу  керек?

в) үміт  артарым  не?

Пункт «А» - метафизика, пункт «Б» - мораль, пункт «В» - дін. Метафизика” терминін алғаш қолданған Аристотель. Одан  кейін Әл- Фараби, Ибн Синалар  жалғастырып  әкетті. Метафизика – сезім мүшелерімен емес, оймен ғана пайымдауға болатын ең жоғарғы бастамалары. Ал  мораль – грек  тілінен  аударғанда  «Әдет-ғұрып» деген  мағынаны  білдіреді. Бір  сөзбен  айтқанда, адамның мінез-құлқын реттеу қызметтерін атқаратын әлеуметтік институт. Сонымен, терең  ойлана  білу  үшін парасат, білім, адами  құндылықтар және  дін  адамның  рухани  жаңаруына, қалыптасуына  әкеледі. Енді  бірде  қазақ  пен  қасқырды  қатар  қояды. «Қазақ  пен  қасқырдың  консенсусқа  келер  жері – етке  деген  ықыласы; тағы  бір  жері – екеуі  де дақыл  тамақты тамақсынбайды». Консенсус – бірауыздылық  дегенді білдіреді. Демек, қазақ пен  қасқырдың  ортақ  ұқсастығы  етті  жақсы  көретіні  деп  отыр. Етті  жақсы  көретіні  сонша – дәнді  дақылдарды  тамақсынбайды. «Ет - етке, сорпа - бетке» дегенге  саяды. Қалай  алсақ та, шашылған  ойларынан  әр  алуан  мәселелерді  көре  аламыз  және ұлтсыздануға  қарсы  екенін  байқай  аламыз. Демек, оның  қайнар  көзі  де  ұлттық  дүниетанымы  да,  ұлттық  философияда, салт-дәстүрде, сана-сезімде  жатыр.

          Екіншіден, шашылған  ой-толғамдарын  жеткізуде  сыншы  «Қандай  тәсілдер  қолданды?» деген  сұрақ  туады. Былайша  айтқанда, «жүрек  қанының  қызуынан» туған  тіркестері. Төгіліп  тұрған  тіл, орайлы  тіркестер, эстетикалық  тұрғыда  құнды  дүние. Кез  келген  адам түсіне  бермейтін  қиын  тілмен  жазатыны    оқырманға  жұмбақ, әрине. Мысалы, «Жанботаның  тегіне,  толық  қымыздай  күлкісіне  құмалақ  тотияйын  тастай  салдым». Жәй  ғана  «Сап  тидым»  деген  сөзді  айту  үшін  метафора, теңеулерден  өтіп  барып  жеткізеді. Философ  А.Сүлейменов  өз  тіркестерін  көркемдегіш  құралдарды  пайдалана  отырып, көркемдік  құндылығын  арттыра  түскен. Меніңше, шашылып  түскен  ойлары  осы  құралдарымен  құнды.

        «Пытыра – қазақ, шүрегей  атады, өзбек – жаңғыз оқ, бұлан  атады». Мұндағы  бытыра – әр түрлі диаметрдегі домалақ қорғасын не шойын  оқ. Шүрегей – кәдімгі немесе өзен үйректеріне жататын бірнеше түрдің жалпы атауы. Бұл  жерде бұлан  мен  шүрегейді  қатарластыра қоя  отырып, метафораны  өте  тиімді  пайдаланған.

Картинки по запросу бұлан  деген не               Картинки по запросу шүрегей

 

         Тағы  бірде  «Оқушыны  қасқыр  көрген  тазыдай  қалтырат» дейді. Қандай  теңеу  десеңізші!  Менің  ойымша, бұл  жерде «Оқушы» сөзі  жалпы  оқырман  мағынасында  жұмсалып  тұрған  секілді. Қасқырды  көргенде  тазы  қалай  шошып, үріксе, оқырман  да  дәл  солай  жазғандарыңды  оқыған  кезде  әсер  етердей, селт  еткізетіндей  болу  керек. Мұнда да тазы мен қасқырды бетпе бет қояды.

Картинки по запросу тазы              Картинки по запросу қасқыр

 

    Ал  енді  ойдың  жүйеленбегенін ошаған  жабысқан түйенің  шудасына  балайды:  «Таралмаған  ой  да  бір, ошаған  жабысқан  шуда  да  бір». Таралмаған  деген  сөзде  жүйелі, терең  ойланбау  жатқан  секілді.  

Картинки по запросу шуда деген не

         «Шын  ойдың  мінезі – өзгені  өзіне  таза  құбырдай  тартады» деген  тіркестерінен  теңеуді  анық  байқауға  болады.  Кей  адамдар  бар  шынайы, шыншыл, ойы  да  таза. Оларды  жазушы  тап-таза  құбырға  теңеп  көрсетеді. Таза  құбыр  секілді  өзіне  тартады  деген  түйін  шығарады.  Сонымен  қатар, теңеуді  қолданарда  құндақтаулы  сәбиді  сөзге  тиек  етеді: «Пьеса – құндақтаулы  сәби, оның  қандай  азамат  болып  өсіп  шығары  режиссерге  байланысты». Пьесаны  өз  дәрежесінде  көрсететін  режиссер  деп  айту  үшін  құндақтаулы  сәби  деп  қолдануы  кез  келген  оқырманға  әсер  етері  сөзсіз. «Сүрінгенін  секіргендей  көрсете  білер  бар» - түймедей  нәрсені  түйедей  ету  тіркесімен  сарындас сияқты. Әйтпесе, сүрінген  бір  бөлек, секірген  бір  бөлек  дүние  емес пе?

А.Сүлейменов  тілінің  тағы  бір  ерекшілігі – көптеген  тіркестерінің  жылқы  атауымен  байланысты  болуы.  Бір  сөзінде А.Сүлейменов  айтқан  екен: «Өзге  ұлттар  маймылдан  жаралса  жарала  берсін, бірақ  қазақ  жылқыдан  жаралған». Жазушының  жылқыны  жақсы  көргенін  осыдан-ақ  білуге  болады. Сол  себепті  де  біршама  тіркестерін  жылқымен  байланыстырып  отырған. Солардың  бірнешеуіне  тоқталып  өтсек:

1.     Жігіт  ғашығына  қалай  құласа, адамның  атқа  солай  құлағаны  әбден жөн.

2.     Аттың  да  солақайы  бар – мінер  жақ  аяғымен  тебеді.

3.     Махамбетке: «Арғымақ  аттың  баласы, аз  оттар  да  көп  жусар».

4.     Есектің  бағы – жылқымен  аталастығы, жылқының  соры – есекпен  аталастығы.

5.     Ат  пен  азамат  тақымға  жаратылған. Ел  тақымына.

6.     Сөз құлын да, ой жылқы.

          Талантты  қаламгер  сөз  орамдарына  жылқына  қоса  отырып  терең философиялық  терең  ойда  өрнектей  білген.  Бір  Махамбеттің  өзін  арғымаққа  балап, бойындағы  барлық  қасиеттерді  екі  ауыз  сөзге  сыйғызған. Жылқы  да, ер-азамат  та  тақым  үшін  жаралған  дейді, яғни  елі  үшін  жаралған. Бірде  метафора  тәсілі  арқылы  сөзді  құлынға  баласа,  енді  бірде  ойды  жылқыға  балады. Неге жылқы ой, құлын  сөз  болды? Өйткені құлын енді  өсіп  келе  жатқан  жылқы, сол  сияқты  ой  ең  бірінші  орында  тұрады. Біз  бірінші  ойланып, толғанып, сөзге  айналдырамыз.

         Үшіншіден, шашылып  түскен  тіркестерінің  Абай  шығармаларымен үндесуі. Бұл  қалай? Жазушының  өзі  бір  сөзінде  Абайдың  кейбір  сөздерімен  келіспей  қалатынын  айтқан  болатын. Дегенмен  де  сыншылық  қасиетін  ескерсек, «Абайда  ашу  шақырар  орам  көп. Кейіс  шақырар  бір  орамы:                 «... қазақ  та  адам  баласы  ғой», деп  өзінің  өкпесін  жеткізген.  Десек  те  Абайды  әлемдік  интеллектуалдық  деңгейдегі ұлы  классик  деп  баға  берген  жазушы  өзіне  үлгі  де  тұта  білді. 

       Абай  жетінші  қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» дейді. Жан  құмарын  арттырып, қандыра  білгенде  ғана  адам  баласы  адами  құндылыққа  көтеріледі. Сол  сияқты  А.Сүлейменов: «Өмір – тән, өнер – жан, тән  тұншыққанда – жан  шыңғырады».

Алланың  өзі де рас, сөзі де рас,

Рас  сөз  еш  уақытта  жалған  болмас.

Көп  кітап  келді  Алладан  оның  төрті,

Алланы  танытуға  сөз  айырмас.

Алла  мінсіз  әуелден, Пайғамбар  хақ,

Мүмин  болсаң, үйреніп  сен  де ұқсап  бақ.

Құран  рас, Алланың  сөзідүр  ол,

Тәуилин  білерлік  ғылымың  шақ, - деген  өлең  жолдарында  Алланың  бар  екені, сөзінің  рас  екенін  айтса, А.Сүлейменов «Құран. Сура №112, Әль –Ихлас. Меккеде  аян  болған, төрт  аят.  1) Алла  жалғыз. 2) Ол өлмес- дүр.                   3) Тумаған да, тудырмаған  ешкімді.  4) Ешкім  оған  тең  келмес-дүр», - деп  жеткізеді.  Екі  шығарманың  да  идеясы – Алланың  құдіреті  шексіз, ол  жалғыз  екендігі.

       Абай өзінің «Қырық бесінші қарасөзінде» «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» дейді. Осымен ақын ғылым, махаббат, әділетті – дін мен иманның шын негіздері деп атайды. Ал  А.Сүлейменов  болса, «Құраннан  Сура №2,  19-аят: Қай  жақ  бетке  қарама – Алланың  жүзі  сол  жақта», - дейді.

       Абай «Жиырма  тоғызыншы  қарасөзінде»: «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі«Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол - ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек - ол арлы адамның ісі». А.Сүлейменов: «Көшеге  шықсаң  болды, ойыңа  қазақы  бір  тіркес  оралады – «Ер  туған  жеріне, ит  тойған  жеріне». Қазақтан  басқа  осынау  ойды  ұстанатын  халық  жоқ па  деймін. Әсіресе  кавказдықтар – армяны, грузині  әсіресе  ұстанбай ма  деймін. Неге  көшеді, неге  шақырады? Монғолдың  жері  болса  бір  сәрі, атамекен – Баян  өлкеден  неге  үдереді? Үдере  көшкен  аз  қазақ  Қазақстанның  этникалық  картасын  қаншалық  қой  көз – қара  көздендіре  қояды? Оның  үстіне, өсер  елдің  мүмкіндігі диаспораның  тараптағы  молдығымен  де  өлшенбей ме екен? Бірақ  Түркістан – Созағыңа  тартып  тұрмайсың  десе  не  дейсің? Осы  қинайды», - деп  осы  бір  мақалды  да  сынағаны  бар.   Ал  енді  Абай  «Отыз  алтыншы  қарасөзінде»: «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық», дейді.  Бұл  жерде  ұят  күшті  болу  керек  деген  түйін  айтса, А.Сүлейменов: «Ұяла  алмаған  адам - өлік» деп  нүктесін  қойып  береді.  Сүлейменовше  айтсақ, Қазақтың  екі  жауы  бар. Бірі, дос жауы – Абай. Қалғандары қас жауы. 

 

 

 

Қорытынды

           Қорытынды  сөзімді  Сүлейменовтің  «Шашылып  түскен  тіркестер» туындысында  айтқан  сөзімен  тұжырымдағым  келеді: «Өнердің  түбіне  сорпа  бетіндегі  майдай  қалқыған  түсінікті  идея  жетеді. Жазушының  бір  міндеті – ой идеяны  ашу  емес,  оны  мұнартқа  көміп, мұнармен  бүркеу. «Шайнап  берген  ас  болмас». Оқушы  шыңғырғандай  боп  қиналса  несі  ерсі? Алсын  қамау  терін!». Жазушы, драматург, сыншы, философ  А.Сүлейменовтің дәстүрі, тілі көркем, терең ойлы, астарлы  мысқыл, шешендік  өнерінің  жалғасы  іспетті. Шығарманың  тілі  ырғақты, лепті, бояуы  кемпірқосақ  болып  көрінер, күміс  ойы  түпке  тартар  сөйлем  ғана. Жазарман  емес  жазушы  үшін  қиынға  түсері: сөйлемдегі  өмір  мен сөйлемнің  өмірін  жымын  білдірмей   өру. А.Сүлейменовтің  тілін  ұғу  үшін  сол  дәрежеге  көтерілу  қажет. Нағыз  жүрегіңмен  ұғатын  философиялық  сөздер. Тек  қана  жүрегіңмен. А.Сүлейменов  тілінің  ою- өрнегі  байырғықазақи  ұғым  табиғатынан  тамыр  тартып, бүтіндей  жаңа  мағына  ұстаған  кез  келген  өнер  пердесі  қызығып  та  құмартып  қарайтын  керемет  ойлы  жаңалықтарға  тұнып  тұр. Не  деген  астарлы  мағына....  Ұғым  астары, ой  астары, сезім  астары. Шолақ  көкірекке  жұмбақтау. Бірақ  шешімі  табылатын  жұмбақ. Ол  үшін  бетпе-бет  келген  әр  адамның  жүрекжарды  сөздеріне  жан  сарайыңды  тосып  отыруың  қажет. «Ғұмыры  ұзақ  ұлылықтың, тектіліктің  өз  іргеңнен  қалай  басталғанын, қандай  сүйенішке  ұласқанын жан әлеміңмен  дәйім  жете  сезініп  жүру  үшін  де  Асқар  мен  қалың  тілеулес  қауымның, біздің,  ешқашан  жұбымыз  жазылмауға  тиіс» [2, 22].

          Ұсынысым:

·        Мектеп  бағдарламаларына  «Асқартану» таңдау  курсын  енгізу; 

·        Аудан, облыс  көлемінде  «Созақтың  асқар  шыңы» ғылыми  жоба  сайыстарын  өткізу;

 

 

 

 

 

 

 

Похожее изображениеПайдаланған  әдебиеттер  тізімі

 

 

1.                            Д.Исабеков «Қарғын» романы.  Алматы, 1980

2.                            А.Сүлейменов «Кек». Алматы, 2001.

3.                           Абай  қарасөздері  жинағы.   Алматы, 1998

4.                           Қалыбеков  Болат Ермекұлы «Белес», Шымкент.

5.                           «Жас  қазақ» газеті, 2009.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

А.Сүлейменов  шығармаларын  зерттеуші  Ақжол  Қалшабекпен  жүздесу

 

 

 

 

 

Қазақстан  Республикасының  жазушылар  одағының  мүшесі                   Еркінбек Тұрысовтан  сұхбат  алу  сәті

 

 

 


Ашық сабақ, Қазақ әдебиеті. 11 сынып. Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Қайрат Жұмағалиев. Бесік жыры. Мәжит Сейфуллин. Қолғанат.
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу