Ашық сабақ, Математика. «Диалогтік оқыту» модулі бойынша рефлексивті есеп

Oinet.kz 02-10-2019 1296

Жанахметова К.Ж

Ақтөбе облысы

Қобда ауданы

Калиновка орта мектебі

 

                 «Диалогтік   оқыту» модулі бойынша рефлексивті есеп

     Ғылыми-зерттеу нәтижелері сабақта   диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті.    Мектептегі тәжірибемде бағдарламаның жетекші жеті модулін оқушы   жұмысына енгізуде қиындық болды. Сондықтан мен біртіндеп жеңілден күрделіге   қарай  енгізуге тырыстым. Сабақтарды   өткізбес бұрын мен оқушыларға идеяларының барлығы да құнды екенін,   Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді   бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер   екендігін айттым (Нұсқаулық,44-бет). 

Алғашқы   сабағымда оқушылардың ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру  мақсатында бірлесіп жұмыс жасауға   жұмылдырдым.  Оқушылар арасындағы   ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыруда «Менің осы жылдағы жағымды   жаңалығым», «Менің бойымдағы жақсы қасиеттерім» ойындары барысында әрбір   оқушының ой-пікірлерін біле отырып, оқушыларымды басқа қырларынан тани   бастадым. Оқушылар аудиторияда өз жаңалықтарымен бөлісуде Алтынбек: «Мен   жазғы демалыс кезінде Астанаға бардым, «Бәйтерек», «Хан шатыры» ғимараттарын   тамашаладым, Бәйтерекке шыққанда Астанамыз маған  алақандағыдай болып көрінді. Океанариумда   өзімді теңіз астында жүргендей сезіндім» деп өз әсерлерін жеткізді. Оқушылар   өз бойындағы жақсы қасиеттерін топпен бөлісуде Дидар: «Өзіме деген   сенімділік. Егер мен алдыма мақсат қойсам, сол мақсатқа жетуде бар   күш-жігерімді саламын» десе, Жасмин: «Менің жақсы қасиетім еңбекқорлығым,   жауапкершілігім. Егер маған тапсырма берілсе, мен оны ертеңге қалдырмай сол   күні орындауға тырысамын» деді.

Психологиялық   тренингтер арқылы оқушының сабаққа деген зейінін шоғырландыруды, бірлесіп   топпен жұмыс жасау, оқушының өз-өзіне    сенімді болуы, сабақты көтеріңкі көңіл күйде өткізуі, жаңаша жоспар   құруда тәуекелге баруы, оқушылардың бойындағы дарындылықты ашуды және   шыңдауды, топқа бөлудің тәсілдерін алғашқы сабақтан-ақ бастадым. Оқушылармен   бірлесе отырып, топ ережелерін шығарып, алтын ережеге бағынуларын   қадағаладым.  Менің мектептегі алғашқы   сабағым «Жиын және оның элементтері» тақырыбы осы сабақ барысында оқушылардың   жеке ерекшеліктерін ескере отырып,    геометриялық фигуралар арқылы    топтастырдым.   Оқушыларды   топтық жұмысқа жұмылдыра отырып, тақырыптың мәнін ашуда әр топқа жиын   түсінігін қалыптастыруға бағыт-бағдар бердім. Сонда Жібек, Жасмин, Шырын атты   оқушыларым көшбасшылық таныта отырып, жиынның анықтамасына, шығу тарихына,   жиынның Эйлер-Венн дөңгелегі арқылы берілуін топта дәлелдеп басқа топ   мүшелерімен пікірлерімен бөлісті. Жібек: «Жиын дегеніміз белгілі бір ортақ   қасиеттерге ие нәрселер жиыны. Мысалы А={2,4,6,8} жұп сандар жиыны. Жиынды латынның бас әріптерімен   белгілейміз, жиын элементтерден құралады, элементтерді латынның кіші   әріптерімен белгілейміз. Жиындар шектеулі, шектеусіз деп екіге бөлінеді»   десе, Ажар: «Шектеулі, шектеусіз жиындарды қалай ажырата аламыз?» деп сұрақ   қойды. Жібек: «Шектеулі жиында элементтері саны көрсетіледі, ал шектеусіз   жиында элементтер саны көрсетілмейді» деп жауап берді. Мадина: « Натурал   сандар жиыны қандай  жиынға жатады?»,   Жібек: «Натурал сандар жиыны шектеусіз сандар жиынына жатады, себебі натурал   сандар жиынының алғашқы элементі 1-ге тең, ал элементтер саны шексіз көп» деп   жауап берді. Осы сабақта Ералы деген оқушы : «Эйлер деген кім, оның   математика ғылымына қосқан үлесі қандай?» деген сұрақ қойды. Ералының   сұрағына жауап беруде Жасмин бастаған топ АКТ-ны тиімді қолдана отырып, ұялы   байланыс арқылы ғаламтордан Л.Эйлердің өмірі туралы мәліметті оқушылармен   бөлісті. Жасмин:  «Леонард Эйлер 1707   жылы 15 сәуірде Швейцарияның Базель қаласында дүниеге келген. 12 жасында   студент атанған. Математикалық анализге, дифференциал теңдеулерді шешуде,   механикаға, физикаға өз үлесін қосты. 800-ден астам еңбектің авторы, орыс   тілін жетік меңгерген. Кей еңбектері орыс тілінде баспаға шыққан. Ресейдің   Петербург қаласының ғылыми академиясында академик қызмет атқарған» .

        Оқыту барысында  диалогтік оқытуға ерекше назар аудардым.   Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог-сабақта оқушылардың   қызығушылығын арттырумен қатар олардың білім деңгейінің өсуіне үлес   қосатындығын атап көрсеткен. Осыны негізге ала отырып мен өз сабақтарымның   қызығушылықты оятуда сабақтың мақсатын ашуда, өткен тақырып бойынша оқушылар   бір-біріне пысықтау сұрақтарын беруде, ББҮ   стратегиясы бойынша тақырыпты қорытындылау мақсатында диалогтік оқыту   жүйесі көрініс тапты. Айта кетсек, жиын және оның элементтері тақырыбында   қызығушылықты ояту мақсатында Аралас/Қатып қозғалма/Жұптас атты ойын   ұйымдастырған болатынмын. Сабақтың бұл бөлімінде оқушыларға жиын ұғымын қалыптастыруда   төмендегідей сұрақтар беру арқылы, сабақтың мақсаты мен тақырыбын  аштық.

-Адамдарды   емдейтін қызметкерлер кімдер?

-Дәрігерлер

-Мектепте   оқушыларға білім беретіндер қызметкерлер кімдер?

-Мұғалімдер

Оқушылармен   осындай диалогқа түсу арқылы жиынның белгілі бір қасиеттерге ие болатындығын   айта отырып, адамдарды емдейтін қызметкерлер жиыны дәрігерлер, мектепте   оқушыларға білім беретін қызметкерлер жиыны мұғалімдер екендігіне тоқталып   өттім. «Күнделікті өмірден кім жиынға мысал келтіреді?» деген сұраққа   Нұржауған: «Кітап, қалам, дәптер, қарындаш, өшіргіш – бұлар оқу құралдар   жиыны» деп жауап берсе, ал Алтынбек: «Аспандағы жұлдыздар жиыны » деп жауап   берді.

  Мерсер (2000)  зерттеуіне    сәйкес, әңгімелесу оқушылардың білім алуының ажырамас бөлігі болып   табылады. Білім беруде диалогтік оқыту жүйесі көрініс тапса білім сапасының   артатындығына көзім жетті.  Диалог  оқушылардың білімді жете түсінуіне,   меңгеруіне,  жұппен, топпен жұмыс   жасаған уақытта тиімді. Мысалға алсақ алғашқы сабақтан-ақ оқушылар топта жаңа   тақырыптың мәнін ашуда, яғни жиынның шығу тарихы, анықтамасы, жиынның Эйлер-Венн   дөңгелегі арқылы берілуі сынды топтық таныстырылымды талқылауда, қорғауда   ЖИГСО-1 әдісі бойынша бір-бірімен пікір алмасып ой бөлісті. Белсенділігі   жоғары оқушыларымның бірі Махаббат өз тобындағы үнсіз оқушыларды топтық   жұмысқа тарта білді. Сонда үнсіз оқушы Ануар: «Мен бүгін жиынның ХІХ ғасырдың   екінші жартысында пайда болғанын білдім» десе, Салимжан: «Мен жиынның   латынның үлкен әріптерімен жазылатынын білдім» деді. Мен бұдан  диалогтік оқыту барысында топтық жұмыс   кезінде белсенділігі жоғары оқушылардың көшбасшылық танытуымен үнсіз   оқушыларым ашылып, өз ойларын білдіре бастағанын байқадым. Алғашқы сабақтарда   топтық таныстырылымдағы диалогтік оқыту «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы   бағаланып отырды.

Жаңа тақырып   бойынша білімдерін пысықтау мақсатында интерактивті тақта арқылы  сұрақтар бере отырып кері байланыс   жасадым.  Осы арқылы әрбір топ   мүшелерінің диалогтік оқыту  арқылы   білімдері сараланды. «Жиын неден құралады?» деген сұраққа Алтынбек:   «элементтерден және оларды латынның кіші әріптерімен белгілейміз» деп   сұрақтың жауабын кеңейтілген түрде берді.  Кері байланысты орнатуда диалогтік оқыту   уақытты тиімді пайдалану мақсатында жетондар арқылы бағаланып отырды.

Теориялық   материалды практикамен ұштастыруда әрбір топқа «Қатені тап» практикалық   жұмысы берілді.   Бұл бөлімде   Выготскийдің оқушылар өздерінің «Жақын   арадағы даму аймағында» (ЖАДА) жұмыс істесе, жақсаратындығын атап   көрсеткендігін басшылыққа ала отырып, ЖАДА оқушы дамытатын дағды мен   қабілеттер, өз бетімен жасай алмайтын тапсырмалар көлемін айқындайтындығына   көзім жетті. Бұл тапсырмаларды орындауда оқушыларға жаңаны үйренуде тірек   болатын ересектердің көмегі немесе қолдауы керек екендігін аңғардым. Практикалық   жұмысты жұптарға беруде оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып,   деңгейлік тапсырмаларды орындауда Дидар: «Апай мен мына есептің шартына   түсіне алмай отырмын, мен мұны шығара алмаймын» деп өзіне сенімсіздік   танытты. Осы жерде оқушымды ынталандырып, қолдап топтың басқа мүшелерімен   қарым-қатынасқа түсу арқылы қиындықты жеңуге болатындығын айттым. Шырын деген   оқушы есептің шарты мен шығарылу жолын Дидарға түсіндіріп, оның тақырыпты   одан әрі терең түсінуіне қолдау көрсетті.     Бұл қолдау қарым-қатынасты қамтиды және Выготский бұл жағдайды оны   оқытудың негізгі құралы деп есептейді. Бұл тапсырманы оқушылар бірінші жеке   талдап, талқылап, өз ойларымен жұптармен бөлісе отырып, бір-бірінің   пікірлерін толықтырды.  Выготскийдің   оқыту моделі оқушы диалог құру нәтижесінде білім алады деп жорамалдайды.   Сондықтан, оқушының білім деңгейін дамытуға әлеуметтік қолдау көрсетуде   мұғалімнің рөлі ерекше. Оқушылардың көбірек білетін басқа адамдармен, әрине,   бұл рөлдерде сыныптастары мен мұғалімдері болуы мүмкін, диалог жүргізу   мүмкіндігі болған жағдайда, оқыту жеңіл болмақ. Жиын тақырыбына берілген   жұптық тапсырманы орындау кезінде Нұржауған: «Өзара жай сандар дегеніміз   қандай сандар?» деген сұрақ қойды. Нұржауғанға Алтынбек: «Бір санынан басқа   бөлгіштері болмайтын сандар, мысалы 5 пен 7» деп жауап берді.

 Талданатын идеялар оқушы   түсінігінің нақты бөлігі болмағанымен, ЖАДА аясында қарастырылғандықтан оқыту   табысты болмақ. (Нұсқаулық, 39-бет). Келесі сабағымды ынтымақтастықты   қалыптастыру үшін «Көтеріңкі көңіл күй» атты психологиялық тренингпен   бастадым. Тренинг арқылы оқушылар бір-біріне жылы лебіздер, бүгінгі сабаққа   тілектер айта отырып, диалогтік қарым-қатынасқа түсті. Әрі қарай сабаққа   деген  қызығушылығын оятуда өткен   тақырып бойынша пысықтау сұрақтарын бере отырып, «Қар үйіндісін»   ұйымдастырдым. Бұл бөлімде оқушылар бір-біріне сұрақ қоюда сұрақ қою   техникасын ескере отырып, Блум таксономиясын қолданды. Әр топ оқушылары   бір-біріне қар үйіндісін лақтыра отырып, білімдерін пысықтады. Ажар: -Жиын   теориясын алғаш математикаға енгізген кім?

Жібек:   -Георг Кантор. Ішкі жиын дегеніміз не? Мысал келтір

Ералы:   -Егер В жиынының элементтері А жиынына тиісті болса, онда В жиыны А жиынының   ішкі жиыны деп аталады. Мысалы, А жиыны ретінде 6-сынып оқушыларын алатын   болсам, оның ішкі жиыны ретінде В жиыны 6-сыныптағы қыз балалар жиыны.

Барнс (1971) сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына   соншалықты әсер ететінін айтады (Нұсқаулық, 39-бет). Осы идеяны басшылыққа   ала отырып, жиындар және   оның элементтеріне есептер шығару сабағымда әр топқа берілген топтық   таныстырылымды талқылауда ЖИГСО-2 әдісі бойынша диалогтік оқыту көрініс   тапты.  Оқушылар берілген тапсырманы   бірінші жеке, жұпта, топта талқылауға сала отырып, өз пікірлерімен басқа   топтың мүшелерімен бөлісті. Жұптық талқылау кезінде олардың әрқайсысы   екіншісіне берілген есепті шығарудың өз тәсілін түсіндірді.  Одан кейін оқушылар өз таңдауларын   оқушылардың басқа жұбына түсіндіре отырып, қандай әдістің барынша тиімді   болатынын анықтады.1-топқа берілген тапсырманы Махаббат басқа топ мүшелеріне   жеткізуде шеберлігімен көзге түсті. Махаббат: «Өзара тең жиындар дегеніміз –   егер екі жиын бірдей элементтерден тұрса олар тең жиындар деп аталады. Е=F»   деп есепті мысалмен дәлелдеп түсіндіріп берді. Басқа топ мүшесі Дидар: «Тең   жиындарда элементтердің орны ауыстырылса, онда олар тең жиын болып қала бере   ме?» деген сұрақ қойды. Махаббат топ мүшелеріне тең жиындарға мысалдар   келтіре отырып, тең жиындардағы элементтердің орын ауыстырғаннан оның   өзгермейтіндігін айтып түсіндірді. Осы жұмыс барысында оқушылар өздері   қолданатын әдісті тұжырымдады. Бұдан басқа, олар басқа топ мүшелері   пайдаланатын әдістердің түсіндірілуін тыңдады.  Бұл оларға әртүрлі әдістер бойынша өз   түсінігін жасауға мүмкіндік берді.    Диалог барысында оқушыларға жаңа тақырыпты өз беттерімен түсінуіне   мүмкіндік беріп, басқа топ мүшелерінің    көзқарасын тыңдау арқылы оқушы өзінің тұжырымдамалық түсінігінің   дамуын кеңейтеді.  Александер (2004) оқытудағы әңгімелесу –   қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты   бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды   деп тұжырымдайды. 2-топтан  Шырын ішкі   жиынға берілген есептің шешімін, 3-топтан Салимжан жиынның элементтер санына   берілген есептің шығарылу жолын басқа топ мүшелерімен бөлісіп, бір-бірінің   пікірлерін толықтырды.  

 Топтық тапсырмаларды орындау кезінде оқушылар  бір-бірімен    диалог құру арқылы бірлесе жұмыс жасады,  сыни ойлауына ықпал етті. Александердың   пайымдауынша, диалог оқушылардың дамып келе жатқан идеяларымен жұмыс   жасауларына       және түсінбеушілікті   жеңе білулеріне көмектеседі. Дарынды оқушылардың бірі Жасмин С деңгейлі   тапсырманы орындағанда есептің шығарылу жолын зерттей келе, оны бірнеше   тәсілдермен шешуге болатынын көрсете білді және қасындағы серіктесі Шырынмен   есептің шығарылу жолдарын талдады.  

 Осы сабақ бойынша жаңа тақырыптың мәнін   ашуда қорғалған топтық таныстырылымдағы диалогтік оқытуды бағалауда   «Критерий бойынша бағалау» қолданылды. Топ   басшылары әр бағалаудың мәнісін топ мүшелеріне түсіндіріп кетті.   Сонымен қатар кері байланысты сұрақ-жауап   арқылы ұйымдастырылып , оқушылардың өзара пікір алмасып жаңа тақырыпты толық   меңгерулеріне мүмкіндік туды.

«Жиындардың   қиылысуы мен бірігуі» тақырыбында қызығушылықты оятуда ББҮ стратегиясын   қолдандым. Оқушылар «Білемін», «Білгім келеді» бөлімдерін топта бірлесе   талқылай  отырып, өткен сабақ бойынша   білімдерін кеңейтті, сонымен қатар жаңа сабақтың мақсатын айқындады.   Алтынбек: «Жиын элементтерден құралатындығын білемін», Ералы: «Жиын ХІХғ   екінші жартысында пайда болғандығын білемін», Дидар: «Жиынның Эйлер-Венн   дөңгелегі арқылы берілетінін білемін» деп өздерінің жиын бойынша білетіндерін   «Білемін» бөліміне жаза отырып, сыни ойлауларын дамытты. Жиындардың қиылысуы,   бірігуі, жиындардың қиылысуы мен бірігуіне    есептер шығаруда Эйлер-Венн дөңгелегін пайлалану сияқты топтық   таныстырылымдарды талдау, талқылау, ой бөлісу, пікір алмасу зерттеушілік   әңгіме түрінде өтті. Әр топ жаңа тақырып бойынша топта зерттеу жұмыстарын   жүргізіп, оны басқа топпен бөлісті. 1-топтан Ажар жиынның қиылысуын, 2-топтан   Шырын жиынның бірігуін, 3-топтан Мадина жиынның қиылысуы мен бірігуіне   мысалдар көрсете отырып, топтық таныстырылымды қорғады. Зерттеушілік әңгіме барысында оқушылар өз сыныптастарымен   шағын топтарда жұмыс істеді. Оларда ортақ проблема болды, бұл мәселе бойынша   бірлескен түсінік қалыптастырды,    идеялармен пікір алмасып, бір-бірінің идеяларын талқылады, баға берді,   ұжымдық білім мен түсінікті қалыптастырды. Басқаша айтқанда, оқушылар бірге   ойланды. Оқушылар зерттеушілік әңгімеге тартылғанда, өз ойларын дауыстап   айтты, болжамдар ұсынып, талқылады. Жаңа тақырыпты бекіту мақсатында   сұрақ-жауап арқылы кері байланысты орнаттым. Кері байланыста сұрақ қою үлгісі «бастама-жауап-кейінгі әрекет» (БЖӘ) нысаны бойынша   алынды. Мысалға:

Мұғалім: Жиынның элементтерін қалай белгілейміз?

Ануар: латынның кіші әріптерімен.

Мұғалім: Дұрыс.

Бұл модель әңгімеге сыныпта бастама жасайтын және де оны бақылап отыратын   адам мұғалім болатын жағдайларды көрсетеді (Mercer, 1995). Бұндай сыныптарда   оқушылардың білім алуына ықпал ететін диалогтік сұхбат құруға мүмкіндік   берілмейді (Нұсқаулық, 41-бет).

Оқушылар теорияда алған білімдерін практикамен ұштастыру мақсатында   жұптаса отырып оқулықпен жұмыс жасады. Оқушылар берілген есептің шығарылу   жолдарының әдіс-тәсілдерін жұпта талдай отырып, өзара білімді саралау,   бағалау арқылы  талқылады. Сабақтың соңында   оқушылар бүгінгі тақырып бойынша алған білімдерін таразылай келе ББҮ   стратегиясының «Үйрендім» бөлімін толтыра отырып, бір-бірінің  ойларымен бөлісті.

Келесі сабағымда, яғни «Жиындардың қиылысуы мен бірігуіне есептер шығару»   тақырыбы бойынша қызығушылықты оятуда оқушылардың жалпы жиын тақырыбы бойынша   білімдерін қорытындылау мақсатында «Ыстық орындық» ұйымдастырылған болатын.   Оқушылар бір-біріне сұрақтарды беруде Блум таксономиясы бойынша жоғары   деңгейлі сұрақтарды қоя отырып сынақтан өтті. Сынақтан өткізуге арналған сұрақтар   оқушыларға анағұрлым толық жауап беруге, өз ойларын анық білдіруге, өз   идеяларын дамытуға көмектесті, сондай-ақ қойылған сұраққа жауапты дәлелдеме   ретінде мысалмен көрсете білді.

Мадина: - Жиынның қиылысуы дегеніміз не? Мысал келтір.

Ералы: -Екі жиынға да тиісті элементерден құралған жиынды айтамыз.

 «Үшіншісі артық» ойынында топтық   жұмыста оқушылар бірлесе отырып, сыни ойланып жиын тақырыбына қатысты екі   формуланы талдап, талқыға салды, ал тақырыпқа сай емес формуланы дәлелдеп   артық екендігін көрсетті. Дидар: «Мына суреттерде жиынның бірігуі мен   қиылысуы көрсетілген. Ал үшінші сурет тақырыпқа қатысты емес. Біздің топ   мүшелері ақылдаса келіп, осы суретті артық деп таптық ».

Оқушылар үйге берілген тапсырманы жұппен талдап, бір-бірінің дәптерлерін   тексеру арқылы бағалады. Шырын Ануардың дәптерін тексеруде қате жібергенін   айтып, есептің шешуін бірігіп талдады. Шырын: «Ануар сен жиынның қиылысуында   ортақ элементтерді Эйлер-Венн дөңгелегінің ортасына жазасың, келесіде осыны   ескер» деп жіберген қатесін Ануарға көрсетті.    Жіберілген қателер жұпта, одан әрі топта талқыланды. Топта оқулықпен   жұмыс кезінде жиынның қиылысуы мен бірігуіне    есептер шығарылып, интерактивті тақтада шешу жолдары көрсетіліп, есеп   шешімі түсіндірілді. 1-топтан Жібек, 2-топтан Дидар, 3-топтан Жасмин   көшбасшылық танытып, өз топтарының намысын қорғап шықты.  Осы сабақ бойынша кері байланыс орнату   мақсатында әр топқа «Сәйкестікті тап» парақшалары таратылды. Ондағы   тапсырманы оқушылар алдымен жеке, жұппен, топпен талдай отырып, өз пікірлерін   ортаға салып тез бір шешімге келді. Бұл тапсырманы орындауда үнсіз оқушыларым   Нұржауған, Ануар, Салимжан белсенділік танытып, топтық жұмысқа араласып, өз   ойларымен бөлісті. Нұржауған: «Біздің топ ақылдаса келіп, мынадай шешімге   келдік, А және В жиынының қиылысуы 3 элементтен құралған. Ол екінші суретке   сәйкес келіп тұр» деп  топ шешімін   сенімді жеткізді.

Сөзімді   қорыта келе, мен диалогтік оқытудың нәтижесінде оқушының ойлау деңгейлері,   сөйлеу дағдылары дамитындығын, өз пікірлерін ашық айтуға, пікірлерін   дәлелдеуге үйренетіндігіне көзім жетті. Мектептегі тәжірибе кезінде оқушы мен   мұғалім үшін диалогтің маңызды рөл атқаратынын байқадым. Диалогтік оқыту   жүйесі негізінде  оқушыларымнан мынадай   өзгерістерді байқадым, оқушылардың жиын тақырыбы бойынша өз ойларын,   пікірлерін білдіруіне мүмкіндік туды, басқа сыныптастарында түрлі идеялардың   болатындығын  түсінді, оқушылар өз пікірлерін   анық, ашық айтуға, дәлелдеуге,    аудиторияда талқылауға дағдыланды.    Өзімнің өзгерісіме тоқталар болсам, оқушыларымның тақырыпты меңгеру   барысында қандай деңгейде жаңа тақырыптың мағынасын түсінгенін, теорияны   практикамен қалай байланыстыруға болатындығын түсіндім. Болашақта диалогтік   оқытуды қолдана отырып,  пәндерді оқытуда   білім технологияларын интеграциялауды әрі қарай дамытамын. Оқушылардың   бағалауда өздерінің әңгіме қозғауға түрткі болу қабілетін, бірлесіп   бағалауды, балаларды диалог пен дәйектер, талқылауға тартуды белсенді   жүргіземін, сонда   оқушылардың оқуы   тиімдірек және жетістіктері жоғары болады деп ойлаймын. Білім берудің басты   мақсаттарының бірі нақты түсінікке келу және жоғары сапалы деңгейде ойлауды   дамыту деп түсінемін және ойлау дағдыларының ретін кеңейтіп одан әрі   дамытамын.

 

 

Әдебиеттер:

 

1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық

2. Alexander, R., (2004).Диалогтік сөйлесуді оқыту:   сыныптағы әңгімелесулерді қайта түсіну.Сambridge: Dialogos UK.

3 Mercer, N., ( 2000). Cөздер мен сана: бірлесіп ойлану   үшін тілді қалай қолданамыз?  London   :Sage.

 


Сабақ жоспары: Жасушаның құрылысы мен атқаратын қызметі
Ашық сабақ: 8 сынып. Витаминдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу