Анамның бейнеқоңырауы келмей қалды

Oinet.kz 02-11-2023 587

Бұрын да жәй телефонмен күніне үш-төрт рет қоңырау шалып, астанада жүрген менің жайымды біліп тұратын. Былтыр балалары смартфон сыйлап, аз уақыттың ішінде одан бейнеқоңырау жасауды үйреніп алған соң, анамыз енді астанадағы ұлдың жағдайын экраннан көріп  отырып сұрамаса көңілі көншімейді.

f9676cb7e35c50f4d6aee37b-original.jpg

...Бастығымның алдында отырғанмын. Әлдебір мәселені талқылап жатырмыз. Телефоным шыр ете қалды. Анамның бейнеқоңырауы! 

- Әлеу, балам амансың ба?

 Бастығыма қарағанмын. "Сөйлесе беріңіз" дегендей ишара жасады. Бейнеқоңыраудың бір қызығы, телефон шалушының дауысы да маңайыңа естіліп тұрады. Амалсыз әлгі жерде сөйлесе бердім. "Тамағыңды іштің бе? Күн суық емес пе? Жылы жүр!" деген күнделікті сауалдарға жауап беріп, жұмысымды жалғастырдым. 

...Жұмыстан соң ұжымның жігіттері бильярд ойнайтынымыз бар. Кәдімгідей тартысты өтетін турнир. Ойын деңгейіміз біркелкі болғандықтан кім чемпион болатынын алдын ала айту қиын. Сол күні қолым жүріп финалға дейін жеттім. Финалдағы қарсыласым-бастығым. Екеуміз есепті 7-7 қылып, тең ойнап жаттық. Ойықтың дәл аузына тұрып қалған сегізінші шарды шіреніп тарта бергенім сол еді, телефоным шыр етті. Бейнеқоңырау!) Ұрғаным қисық кетті. Ұтылдым. 

- Анамызға сәлем айтыңыз! Жиі телефон шалып тұрсын,- деп жымиды бастығым. 

...Алқалы жиын болып жатыр. Кіл мықты  жиналған. Депутаты да, онлайн қосылған үкіметтің дөкейлері де бар. Әлденені қызу талқылап жатырмыз. Бастыққа жақындау отырғанмын. Телефоным тағы шыр етті.Өшіріп үлгермедім. 

- Арекең анасымен сөйлесіп алсын! Сәл үзіліс жариялайық!- деді бастығым. Жұрт күліп жатыр. Телефонымды көтеріп орнымнан тұра бердім.

Он күн болды телефоныма анам бейнеқоңырау шалмайды. Қамкөңіл анамды кара жер құшағына алғанына да он күн... Қазір телефон соғатын сияқты көрінеді де тұрады. Қайта, қайта қарай беремін. Мелшиген телефон үнсіз... 

Аналарыңызды аялаңыздар, адамдар! Ол бір күні ескертпестен кетіп қалады екен...

Арман Сқабылұлы 

Нағашы атам ауырып жатқан шешеме «өлетін болсаң, жайыңа өл» деп ұрысты
Қазақтың қызыл қойы неге қор боп жатыр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу