Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бәріміз де балалықтың елінен келдік қой, иә? Бала үшін әке-шешесі аман болса, көп бақыт керек емес-ау... Бес жастамын. Шешем қатты ауырды. Белгісіз ауру. Бала тапқаннан кейін бір сүлесоқ күйге түсті. Бір күні тіпті жүре алмай қалды.
Дәрігерлер шипа таппады. Бәлнестен үйге келді. Әкем алып келген тәуіп те бас шайқады.
Інімді кеудесіне тосады. Ол емшек сүтін құмарлана жұтады. Содан кейін кеудесін тіктегісі келгенімен дәрмен жоқ, сылқ құлайды. Ызаланып, көз жасына ерік береді. "Ақтөре-ау, мына балалардан жылы сөзіңді аямассың..." дейді көкеме. Қайнысы қосыла кемсеңдейді. "Айналайын, келші, маңдайыңнан иіскейін. Іні-қарындастарыңа қарайлап жүр...". Ағама айтқаны. "Жеңеше..." деп ол да еңкілдейді. Қанша жерден кемпір-шалдың баласы дегенмен өз шешесі өліп қалғанын білетін жаста. Енді оның орнына келген кісі хәл үстінде жатыр...
Әкем марқұм өте қатты еді. Ішінде не болып жатқанын кім білсін, сырт көзге сыр алдырмайтын. "Бүгін қалайсың?. Сәл шыда, жазылып кетесің". Шешемнен хал сұраған түрі. Бірақ алыс-жақындағы сеп болады-ау деген адамның бәріне жүгіріп жүр. Шешем де әкеме көп шағым жасамайтын. Оған айтқысы келгенін тікелей жеткізбей, көкеме айтады. Әкем естіп отырады ғой. Сондағы тапсыратыны біздің жайымыз.
Әбден берекеміз кетті. Бәріміз қосыла жылаймыз. Ойын баласымын ғой, кейде алысырақ кетіп қалсам, үйге жақындағанда жан-жағымды барластырып, қарап алатынмын. Құлағымды тосамын. Жұрт жылап жатқан жоқ па екен деген қорқыныш.
...Үйдің жанына трактор келіп тоқтады. Жетпісінші жылдардағы ең мықты көлік. Кабинадан таудай боп нағашым түсті. Трактордың иесі - ұлы, шешемнің інісі. Тележкіден нағашы атамның екі кемпірінің төбесі көрінді.
Сабыр нағашым өте қатал, тізесі қатты адам еді жарықтық. Түрі өте сұсты. Жұрт мінезін аңыз ғып айтатын. Қолдағы дәулет те адамның айдынын асырып тұрады ғой, көңілі түспеген адаммен тіл қатысуы да қиын болатын. Қоғадай жапырылып, күтіп алып жатқан қалың жұртшылықтың ішінен әжеммен ғана амандасып, хал-жағдай сұрасты да үйге беттеді. Біз ілестік. Әжемнің етегіне оралып, үйге кіре бергенде байқағаным, пеш түбінде жатқан шешем әкесін көріп, басын көтергісі келіп еді, атам оған тіпті қайрылған жоқ. Төрге озып, малдас құрып, қаққан қазықтай боп отыра қалды. Іле екі кемпір кірді. Шешелерін көргенде жеңешем дауыс салып жылады. Оған екі кемпірге қоса әжем, ағам мен екі апам, қарындасым бәріміз қосылып, азан-қазан қылдық.
- Әй, - деген ызғарлы дауыс естілді бір кезде. Атам екен. - Әй, өшір үніңді! Өлетін болсаң, бала-шағаның мазасын алмай жайыңа өл. Өліп жатқан жалғыз сен емессің...
Шешем кенет тоқтай қалды. Екі кемпір де жым болды. Бірте-бірте бәріміз тынышталып едік...
- Әңгіме былай, - деді атам, - шықпаған жаннан үміт бар, қызымды алып кетемін. Халін естіп отырмын. Емдетемін. Алла жар болса, тұрып кетер. Егер, өліп қалып жатса, сүйек сенікі, келіп, алып кетесің, - деді сосын әкеме шаншыла қарап. Жүрелеп отырған әкем бас изеді.
- Ал онда жүрейік.
- Жүргені несі, қазан асылып жатыр ғой, - деді әжем абдырап.
- Оған уақыт жоқ, құдағай. Ал қызды тележкіге салыңдар.
Тележкінің үстіне сабан төселді, оның үстіне киіз, сосын қабаттап көрпе жайылды. Сосын барып, әкем шешемді көтеріп апарып жайғастырды. Нағашымның бәйбішесі інімді қолына алды. Бесік те орналастырылды.
- Сен қал, - деді атам шешемнің қасына отыруға ыңғайлана берген әкеме жалт бұрылып. - Бала-шағаңа ие бол! Кесім сөз, қатал бұйрық. Әкем қипақтап, жан-жағына қарады да, тележкіден түсті.
Трактор қозғалып кеткенде ғана ес жидық. Мен кенет ұмтыла беріп ем, әжем тас қылып ұстап алды да, бауырына басты. Ал кеп жыла. Мен ғана емес, бәріміз егіліп едік.
...Нағашымның ауылында бір дәрігер бар екен. Кәдімгі ауыл дәрігері. Өзі атақты шипагердің тұқымы көрінеді. Мұсылмандық емді де қоса жүргізеді. "Сабыр аға, қиын жағдай екен. Үш күн... Егер, болмаса... Құдайдың ісі. Көнесіз..." депті. Үш күннен кейін шешем сүт сұрап ішіпті. Одан кейін асқа қараған. Әлгі дәрігердің айтуымен атам екі сиырын сатып, Мәскеуден дәрі алдырыпты. Алты айдан соң шешем үйге келді.
...Қайран, нағашым! "Өлсең, жайыңа өл..." деп ақырған кезінде қатты жек көріп кетіп ем. Жердің бетіндегі ең қатыгез адам боп көрінген. Сол кезде батыл әрекетке бармаса, шешесіз қалады екенбіз-ау. "Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те..." дейді Төлеген ағам. Қажет жерінде қатыгездік те, қаталдық та керек-ау, ә?
Барлық баланың ата-анасы аман болсын!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ