Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Мұхит Отаршиев, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы
Қоршаған ортаны қорғау тақырыбы оқта-текте қозғалып, түрлі жиындарда айтылып жүргенімен, бұл бағытта тыңғылықты тірліктің атқарыла бермейтініне көпшіліктің еті үйреніп те кеткен. Әйтеуір, айту керек болған соң айтылып, сол күйі ұмытылып кете беретін жаттанды тақырыпқа айналған секілді. Алайда, соңғы кездерде Оңтүстікте осы мәселеге қатысты жаңа көзқарас қалыптаса бастағандай. Олай дейтініміз, облыс басшылығына келгелі Бейбіт Атамқұловтың алғашқы көтерген мәселелерінің бірі - экология мен табиғатты қорғау, пайдалы ресурстарды тиімді пайдалану болды.
Жыл қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарына есеп беру жиынында да Бейбіт Бәкірұлы осы мәселеге кәсіпкерлердің назарын аударып, табиғат ресурстарын болашақ ұрпақ үшін сақтауға шақырды. Себебі, өкінішке қарай, бүгінде табыс тауып, қалтасын толтырамын деп пайдалы қазбаларды талан-таражға түсіріп жатқандардың қарасы аз емес. Біз уран, мұнай немесе металл рудаларын айтып отырғанымыз жоқ. Әңгіме құрылысқа қажетті қарапайым топырақ, тас пен құмда.
- Осы жиынға жер қойнауын игеру саласында жұмыс істейтін біраз кәсіпкерлер қатысып отыр. Соларға айтарым, біз қоршаған ортамызды келешек ұрпаққа дәл осы күйінде аманат етіп тапсыруымыз қажет. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған қасиетті жерімізді болашағымыз үшін көркейтіп беруіміз керек. Табиғатқа деген сүйіспеншілікті генетикалық деңгейде қалыптастыруымыз қажет. Өйткені біздің өзіміз де сол экологияның ажырамас бөлігіміз, - деп қатаң ескерту жасады облыс басшысы Б.Атамқұлов.
Тас, топырақ пен құмның құрылыс саласы үшін өте қажетті материалдар екеніне таласымыз жоқ. Әйткенмен, солай екен деп жер қойнауын тонауға жол берілмеуі тиіс. Талап бойынша, жерді пайдаланбастан бұрын арнайы рұқсат алып, бюджетке тиісті салықтар төленуі қажет. Бірақ, іс мұнымен бітпейді. Рұқсат алынған күннің өзінде жер байлықтары шектеулі көлемде ғана алынуы керек. Өкінішке қарай, облыста құрылыс қажеттіліктерін өтеу үшін қазылып жатқан жерлер өте көп. Негізінен жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері өзен арналарында жиі орын алуда. Атап айтқанда, құм-шағал қоспаларын заңсыз қазып алу мен сату Шымкент қаласы, Ордабасы, Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш аудандары, Арыс пен Түркістан өңірлерінде жиі кездеседі.
Табиғат ресурстарын тиімді түрде игеру - мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе. Жер қойнауын заңсыз пайдалану арқылы қоршаған ортаға залал келтіру, қажет десеңіз қылмыстық баппен іс қозғауға әкеп соғады. Осы арқылы оңай табыс табушылардың жолын кесуге, олардың тонаушылық әрекеттеріне тосқауыл жасау көзделген. Алайда, мұнда бір қиындық бар.
- Қылмыстық іс тек табиғатқа келтірілген шығын мөлшері 1000 айлық есептік көрсеткіштен асқанда ғана қозғалады, - дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев. - Бұл дегеніңіз 2 миллион 121 мың теңге. Залалды қалай анықтаймыз? Мәселен, «Камаз» жүк көлігі артқан құм-шағал қоспасының нарықтағы бағасы әрі кетсе 15-20 мың теңге. Яғни, қылмыстық іс қозғау үшін кемінде бір мезетте бір адамның немесе ұйымның меншігіндегі 100 «Камаз» көлігін ұстап алуымыз қажет. Ол мүмкін емес. Осы қиындық қолымызды байлап тұр. Сол себепті, облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлының бастамасымен Үкіметке арнайы ұсыныс жолданып, онда табиғатқа келтірілетін залал көрсеткішін 1000 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін түсіру қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысқан техника мен құрал-саймандарды тәркіленуі тиістігі жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныстар қабылданса, заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту анағұрлым жеңілдер еді. Үкімет біздің позициямызды қолдап отыр, қазіргі таңда заңға өзгерістер енгізу жобасын бірқатар министрліктер зерттеп, қарастыруда.
Иә, Үкіметке жолданған бұл ұсыныс тек Оңтүстіктің емес, бүкіл елдегі экологиялық ахуалдың күрт жақсаруына тікелей септігін тигізері сөзсіз. Жалпы, жер қойнауын пайдалану – жауапкершілігі аса жоғары іс. Бұл мәселеге атүсті қарап, немқұрайдылық танытуға болмайды. Мәселен, Шымкенттегі «Асар» шағын ауданының қарсы бетіндегі қазылып, топырағы саудаға түскен жердің бүгінгі ахуалы осыған айқын дәлел.
- Мына жерді қараңызшы. Бұл неге жарайды дейсіз? Заңсыз пайдаланушылар жерді беталды қазып, топырағын сатты да ойқы-шойқы күйінде тастап кетті. Қазылған жер қыртысының биіктігі 15-20 метрге дейін жетеді. Ал заң бойынша, қазылған жер кейінгі пайдалануға толық жарамды болуы тиіс. Яғни, тегістеу, рекультивациялық жұмыстарды жүргізу қажет. Оның мұнда бірі де жоқ, міне сондайларға қатысты заң талаптарын күшейту керек. Себебі, жерді шамасынан көп қазу табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Ол су деңгейінің өзгеруіне де әсер етеді, сол себепті кейбір елді мекендер сусыз да қалуы мүмкін, - деп пікір бөлісті Мұхит Отаршиев.
Шыны керек, табиғат ресурстарын пайдалану саласын ретке келтіруге бір ғана басқарманың күші жетпейді. Бүгінгі таңда облысымызда кең таралған пайдалы қазбаларды игеруге 170-тен астам келісімшарт тіркелген. Оның үстіне, заңды бұзғандарды жауапқа тарту – тек құқық қорғау органдарының құзырына кіретін іс. Басқарманың ұйымдастыруымен былтырдан бері бірқатар рейдтік шаралар жүргізіліп, оған облыстық Табиғат қорғау прокуратурасы мен Ішкі істер департаменті қатыстырылды. Тексеру барысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 13 фактісі анықталып, 15 техникалық құрал айыппұл тұрағына қойылды.
Экологияны сақтау, жер қойнауын пайдалану саласында жергілікті әкімдіктердің де жауапкершілігі мол. Осыған байланысты, аудан әкімдіктері де жаңадан құрылып жатқан жергілікті полиция қызметімен бірлесіп өз аумақтарында заң бұзушылықтардың алдын алу қажет.
Оңай табысқа аса құныққандар заңды айналып өтудің түрлі тәсілдерін меңгеріп алған. Мәселен, жер қазу мен оның байлықтарын базарға, құрылыс орындарына тасу үшін техника жалға алынады. Яғни, құжат жүзінде тапсырыс берушінің мұндай заңсыз іске қатысы жоқ болып шығады. Ал жалға беруші болса «техникамның қандай мақсатта, не үшін қолданылғанын білмеймін» деп құтылады.
- Дәл сол сияқты техника да жалға берілгенімен, оның қандай мақсатта қолданылып жатқанын иесі білуі тиіс әрі соған сәйкес жауапкершілік жүгін арқалауы қажет. Оның үстіне, заңсыздық үшін жауапкершілікті де күшейту керек. Тәркіленген техниканы айыппұл тұрағына қойып, оның иесі екінші рет заңсыздыққа бармайтындай етіп қомақты көлемде айыппұл төлету қажет. Біз табиғатты тек осындай қатаң шаралар арқылы ғана қорғай аламыз, - деп санайды М.Отаршиев.
Жер қойнауын пайдалану саласын ретке келтіру ісіндегі оң жаңалық – жергілікті полицияның құрылуы. Бұл жаңа органға қойылатын міндеттердің ішіне жер қойнауын пайдалануды қадағалау да кіреді. Яғни, сұрауы болған соң нәтиже де көп күттірмейді деген үміттеміз.