Уәлибекке сатира керек пе?

Oinet.kz 06-06-2019 1376

shanshar.jpg

Әртiс Уәлибек Әбдiрайымовты өз басым құрметтеймiн. “Шаншардың” дүниеге келуiне менiң де мұрындық болғаным бар. Бiрақ iнiм кейде басылымдарға сұхбат бергенде “моторы қызып” кеткен мәшинедей “қайнап” кетедi ғой деймiн. “Дат” газетiне берген сұхбатында: “Бүгiнгi қоғамға сатира керек емес. Өйткенi оны тыңдайтын адамы жоқ. Мысалға, театрлардың айтып, көрсетiп жатқан дүниелерi жоғары жаққа жетпей, жетсе – жақпай жатады. Екiншiден, қазақ тiлi тек ауыл арасындағы “төменгi тап” қана қолданатын тiл болды. Ал “төменгi тап” саясатқа араласа алмайды. Саясатқа араласпаған соң, оларға саясаттың қыр-сырын сатирамен айта алмайсың” деп жазыпты.

   Оу, сатира Уәлиге керек болмай қалса, бiзге, сатириктерге, барша жұртқа керек! Кейiнгi кезде “Сатира өлдi. Оны кеше көмiп келдiк” дейтiндер көбейдi. Сатира өлген жоқ, қайта қарыштап дамып келе жатыр! Рас, Уәли айтқандай, жоғары жақтағы шенеунiктер сатираны оқымақ түгiлi, “Шаншарыңды” көрмейдi де. Соған өкпелеген болуы керек Уәли. Бiрақ шенеунiктер бүкiл Қазақстан емес қой. Уәли соны ескермеген. “Шаншарды” өлiп-талып көретiндер қаншама?! “Көрсетiп жатқан дүниелерi жоғары жаққа жетпей, жетсе – жақпай жатады” болса, соған бола “қоғамға сатира керек емес” деп төрелiк айтатындай Уәли бауырымызға не болды соншама?! Не күн туды? 

Бұл жерде мен сынап жатқан жоқпын, ағалық ақылымды айтып жатырмын. Тыңдайтын болса...

Ат төбелiндей шенеунiктер тiл бiлмесе, одан сатира өлмейдi. Қайта соларды сахнада өлтiре төмпештеу керек.

 Сатираның тыңдарманын, оқырманын ауыл, қала деп бөлудiң қажетi жоқ. Ауылдағы айт¬қыштар мен бiлiмпаздар қаланың есiрткiге елiтiп жүрген есерсоғынан мың есе артық бiледi, парасат-пайымы да мол. Олай ауылды “төменгi тап” деп кемсiтуге келiспеймiн. Ауылдағылар да саясаттың түбiн түсiрiп әңгiмелейдi.

“Сатира деген әдебиеттiң iшiне кiретiн бiр жанр ғой: ал қазiргi жұрт кiтап оқи ма? Қазақ тiлiнде жазылған газеттi оқи ма?” дейдi Уәли iнiм. Там-тұмдап болса да кiтапты оқитын жастар бар шығар, жастардың денiнiң кiтапқа қарамайтыны да рас. Бiрақ газет оқылады! Жастар да оқиды! Республикамыздағы қазақ тiлiндегi басылымдар әншейiн ерiккеннен шығып жатқан жоқ шығар?   Оқырманы бар болғаннан кейiн шығып жатыр.

“Айқын” газетi, “Айқынның” қосымшасы “Ара” газетiндегi сатира мүлде оқылмайды” дегенге кiм сенедi? “Жас Алаштағы” сатираны, “Алматы ақшамындағы” “Бiртүрлi беттi” Уәли ғана оқымайтын шығар? Газеттер оқылып жатыр. Оқылғанда қандай! Интернеттегi сайттар мен блогтар, әлеуметтiк желiлердегi сатира да оқылады. Уәли Әбдiрайымовтың: “Саясаттағы бiреудi кекетiп-мұқатудың қажетi жоқ деп ойлаймын. Бiзде сөйлеу мәдениетi сақталған. Қазақтардың ауыз әдебиетiнен бастап қарасаңыз, әдеби кiтаптарды оқысаңыз, бiреу-мiреудi кекетiп, қатты сынға алғаны жоқ” деген пiкiрiн де түсiне алмадым. Бейiмбеттiң “Сексен сомын” оқу керек, Абайдың уытты сатиралық өлеңдерi ше? Ал, бауырым Уәли, “дос жылатып айтады” дейдi, ең алдымен сатира қоғамға керек!

Мұхтар ШЕРIМ,сатирик-жазушы,

Шона Смаханұлы атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты.

Жас Алаш №72 (16050) 10 қыркүйек, бейсенбі 2015

Қожакеев - қайталанбас нар тұлға
Төрт қақпалы Түркістан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу