Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Баяғыда шешем бізге құда дейтін. Адайдың қызы ғой, астарлап айтқанда сөздің түбін түсіретін.
— Ау, құда, тұр шайға кел. Тамағыңды іш, —дейтін.
Көбіне көлеңкелеп жатсақ,«Ау, құда, тұр, бұзауды байла, су әкел, тезек тасы, аула сыпыр...» деп бітпейтін тірлікті есімізге салатын. Баламыз ғой, ойлайтынмын сол кезде. Құдалар тек жатады, дым істемейді, ішіп-жейді. Ұйықтайды, демалады.
Менің бала қиялымда құда деген қандай болады, ол адам ба? деген түсінік жүретін.
Мұғалім дегенді де кәдімгі адам, ол да әйел, бала туып, сиыр сауатынын, байға тиіп, қатын алатын кәдімгі адам екенін кейін білдік қой. Құда да сондай ерекше жаратылған адам деп ойлайтынмын. Кейде неге құда боп туылмадым екен деп армандайтынмын. Ау, дым істемесең, ешкім жұмсамаса, тек шайға, тамаққа шақырса неге армандамасқа?! Мен үшін құда болу пешенеме жазбаған. Олар басқаша туылады. Осылай өсіп, кейін құда боп шыға келгенде түсіндік қой. Құда да өзім сияқты ол да бұзау байлаған, су тасыған, әкесінен қамшы жеген кәдімгі адам екен ғой.
Кеше Ақмола облысына құда боп барып келдім. Бұл 5-6-шы рет. Кілең қыз алуға барамыз. Сондықтан бас шұлғуымыз, ләппайымыз көп. Балдыз үйленіп, апа-жездесі боп бардық. Делегация құрамы оншақты адам.
Көкшетауға қарасты Жақсы ауданы Ешім деген ауыл екен. Есілдің бойы. Табиғат құлпырып тұр. Мені қойшы, Байғаниннен барған атамыз суға тамсанды. Егіске бас шайқап жұтынды. Бұрынғы совхозды көргендей болды. Содан айтайын дегенім 3-4 үй шақырды. Арасында ауыл тойханасында той өтті. Құйрық бауыр жестік. Бір кезде алдымызға үйме табақ ет келді. Жаңа сойылған қой мен жылқының сүр еті қосылып асылған ет танауды жарып барады. Әр елдің салты басқа. Ол жақта қойдың құйрығы бөлек алынбай жамбасқа жіберіледі екен. Бір кезде құда қиялап турай бастады. Сол майдан бастап. Бізде ет турап болмай табаққа ешкім қол созбайды ғой. Ол жақта жей береді екенсің. Алыңдар дейді құда ет турап жатып. Қысылдық. Ет туралмай қалай аласың. Сүйек күтіп отырмыз. Сөйткенше болмай құда сүйекті етін алмастан әрқайсымыздың алдымызға қоя бастады. Содан жей бастадық. Ет турап отырған құда одан жемеу керектігін айтты. Түсінбей қалдық. Сөйтсек ол етті салып алуымыз керек екен. Бәрімізге майка пакет берді. Құрсын, қалай салып аласың. Қысылдық. Алмадық. Салып алуға ұялдық. Құда ренжи бастады. Ақыры өзі салып берді. Алмадық. Құдағи атымызды жазып мұздатқышқа салатынын айтты. Содан әр үйге барған сайын солай. Тойда маған шұжық пен қазы түсті. Общым екі күннен кейін бізде үйрендік. Айттырмай салып ала бастадық. Ал үшінші күні пакет қашан береді екен деп күтіп отыратын болдық. Сөйтіп ырғын піскен етпен оралдық елге. Шай дастарханнан да солай салып алады екен. Общым дым қалдырмайды. Олардың салтында тойдан сарқыт апару керек. Сосын ағайын көрші көлемге ауыз тигізе отырып тойдың әңгімесін айтады екен.
Әлгі Менің атым Қожаның киносындағы бала бар ғой Жұмағұлдың. Ыржиып, риясыз көңілмен «ет жейсіңдерме?» дейді ғой. Сол сияқты «ет жейсіңдерме?»
Құдай асылық қылмасын, бір үйден шығып екінші үйден ет жеу деген. Кеңірдекке келіп кілкіп тұрсақ құда сол құйрық майдан бастап қиялап турай бастайды. Ииии. Болдым. Общым құданың да қиналатын қиналатын жері бар екен. Құда жақ ішпейді. Бәрі халал. Біз сұрауға ұяламыз. Анадай еттен кейін қалай енді.
Қорытпасқа. Общым менің көп жерде жүріп «көгалкөргендігімнің» арқасында екінші күні іске көштік. Жүзі жылы, ыңғайға келеді ау деген бас құданың інісін байладым. Айналшықтап намекті жаудырдым ғой. Бұл жерде тізгінді мен алдым қолға.
Біз жақтан келген бас құдалардың агенті болдым. Олар айта алмайды. Мен жеткізем. Бұл жолда барымды салдым енді. Қиялай соғып емеурінді тікелей жеткіздім. Құданың інісі коньякпен ғана шектелді. Әрі қарай өнетін емес. Басқаша әдіс табу керек. Бәрі бас құдадан именеді. Мен сол бас құдамыздың қайын ағасын сағаладым. Айналдырып әкеліп, сөзінен оның да кетәрі емес екенін байқадым.
Сөзге тартып іші бауырына кірдім. Ұрымтал сәтте қалауымызды тастап келіп жіберіп едім ұшып түрегелді.
— Ойбай-аау, кешеден бері айтпайсыңдар ма? Қайда әлгі, әй күйеу, сөзді қой, мына құдаларға бірдеңе ұйымдастыр, — деп приказ берді. Әп сәтте оңашалау жерге «мужской стол» дайындалды. Сөйтіп ол жақта да қарап жүрмей «өз күнімізді өзіміз көріп жан бағыс» қылдық.
Самат Нарегеев