Дау болған шалдың ескі дамбалы екен

Oinet.kz 21-10-2022 593

Университетті бітіріп дипломын алған Оралбай үйіне бір ауыз қазақша білмейтін кәріс қызын келін етіп түсіреді. Әке-шешесі қанша қарсы болғанымен ағайындары:

Screenshot_6.jpg

- Ашуыңды бас! «Тең-теңімен-тезек қабымен» деген. Қазіргі жастар таңдауы осындай. Екі жас бақытты болсын деп тіле! Онан да малыңды сойып, беташарға дайындал!,- депті.

- Ұлты да, діні де бөлек,- дей бергенде:

- Молданы алдырып, мұсылман дініне кіргіземіз,- деген ағайынның айтқаны болды. Молданы шақыртып кәпірдің қызын мұсылман дініне өткізіп болған соң:

- Ағайын-туыстарға, көршілерге түгел хабарлаңдар, түсте біздің үйде беташар болады,- деп атасының ашуы тарқайды...

Мектептен келген Бейсенбектің көзі тапшан үстіндегі газетке ораулы жатқан затқа көзі түсіпті. Жалма-жан ашып қараса ішіндегі маталар екен.

- Жеңгемнің беташарға алып бара жатқан көрімдігі болды ғой, мұны қызық қылайын,- деп жуылып, жіпте жаюлы тұрған әкесінің ескі тозығы жеткен дамбалын әлгі маталардың арасына орап қосып қояды. Түк білмегендей ішке кірсе шынында көрші тұратын жеңгесі келген екен.

- Жеңеше, қалайсыз? Тәуір киініп алыпсыз тойға баратындай?

- Иә, арғы көшедегі ағайдың үйінде болатын беташарға апамды ертіп барсам ба деп келдім,- дейді ағынан жарыла жеңгесі..

Содан сөмкесіне орамал, маталарын салып келінімен бірге апасы да барады.

- Кәріс келінің құтты болсын, бақытты, баянды ғұмыр кешсін,- деп тойға келген қатындар сөмке, пакеттерін үй иесіне табыстап жатты. Тамақ желініп, шәй ішіп болған соң ата-ене, қайны-қайнағаларына түк түсінбесе де иіліп сәлем салған кәріс келінге жиналған жұрт риза болып тарқасып жатты. Дәл осы кезде үйден шу шықты. Атам қазақтың шексіз салт-дәстүрі таусылған ба? Беташарға сөмке жасап келгендерге:

- Той ғой, қолдарың құр қайтпасын,- деп бауырсақ, кәмпиттерін салып, әкелген матаның орнына мата салып қайтаратын салты бар. Міне, сондай сөмкелердің бірін ашса маталардың арасынан баяғы Бейсенбектің салып жіберген әкесінің ескі дамбалы шықпай ма?

- Мұны менің келінім кәріс екенін біліп, көре алмайтын біреу «Арнайы ырым жасап» әкелген,- деп айқай-шу басталады.

- Мына сөмке кімдікі?

- Бірінші рет көріп тұрмыз!

- Сырған-ау! Бұл сенің сөмкең ғой!

- Иә, бұл менікі!

- Онда мына еркектің ескі дамбалын қандай оймен әкелдің?

- Оны ішіне кім салып жіберген?

- Тойға алып келген сен білмесең, біз қайдан білеміз? Жұрт ары-бері жұлқылай бастаған дамбалды көріп Бейсенбектің апасы:

- Мынау менің шалымның дамбалы ғой, танып тұрмын. Сен неге жіпте жаюлы тұрған жерінен аласың?

- Апа, оны мен алғаным жоқ. Білмеймін қалай менің сөмкемде атамның дамбалы жүргенін?, - деп келіні жұрттың көзінше жылап жіберді.

- Сендер мұны ескі деп тұрсыңдар ма? Шалым бұл дамбалды әлі екі жыл киеді,- деп шалының дамбалын қолтығына қысып «жоғалып табылған» затына қуанып үйіне қарай кете берді. Келіні Сырған болса енесінің артынан жылап барады... Дауы басылмаған дамбал да дүние болған заман-ай!

Төпен Әмірбек

Қайықшы атаның құпиясы
Неге бізде береке жоқ?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу