Қойшының қызына үйленген патша
Ұзақ жылдар бойына қарамағындағы елін әділеттікпен басқарған патша қайтыс болған соң, патша тағына оның мұрагері баласы отырады. Басына патша тәжін киген жас жігіт бірнеше күннен соң сарайындағы бүкіл уәзірлерін шақырып алып:
– Ертең барлығыңыз да қыздарыңызды менің алдыма алып келесіздер. Мен алдыма келген қыздарға ойымда жүрген үш сұрағымды қоямын. Кімде-кім менің қойған сұрақтарыма дұрыс жауап берсе, мен сол қызды өзіме өмірлік жар етіп аламын, – дейді.
Патшаның аузынан шыққан жарлығы екі болмайды. Ертеңіне әдемі киінген уәзірлердің қыздары патша сарайына түгел жиналады. Көркемдігі бірінен-бірі өтетін, қаздай тізіліп тұрған сұлу қыздардың алдына келіп, беттеріне ойлана қараған жас әмірші:
– Менің сіздерге қояр үш сұрағым мынадай: машриқ пен мағрибтің арасы қанша, жер мен көктің арасы қанша, өтірік пен шындықтың арасы қанша? Үш күннің ішінде менің осы сұрақтарыма дұрыс жауап берген қызды мен өзіме некелеп аламын, – деп жарлық шағарады. Сарайға жиналған уәзірлердің қыздары жас әміршінің аузынан шыққан бұл сұрақтарға лайықты жауап таппай қиналады. Уәзірлер мен қыздарының ақылды патшаның қойған сұрақтарына жауап бере алмай қиналып жатқаны туралы хабар ел ішіне желдей есіп кетеді. Бұл хабар сол жақын маңайда қой бағатын шопанның қызының құлағына тигенде:
– Ойпырмай, көп жылдардан бері сарайдағы патшаның ақылшысы болып жүрген уәзірлердің мына оп-оңай сұрақтардың жауабын білмегені қалай? Мұның өзі естіген құлаққа ұят-ау. Қой, ендеше өзім барып, осы сұрақтардың жауабын айтайын, – деп патша сарайына бет алады.
Патша өзінің дұрыс шешімін таппай жатқан сұрақтарына жауап беруге бір шопанның қызы келіп тұрғанын естігенде қуанып кетеді. Есік алдындағы күзетшілер жауап беруге келген қызды кідіртпестен патшаның алдына алып барады. Қаршадай қызды көргенде жиналғандар аң-таң боп, сарай ішінде шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнай қалады. Келген қыз не айтар екен дегендей барлығы оған ықыласпен құлақ түреді.
– Сіздің бірінші сұрағыңыз, машриқ пен мағрибтің арасы бір күндік жол. Себебі, шығыстан шыққан күн батысқа барып батқанша бір күн уақыт өтеді. Ал жер мен көктің арасы екі-ақ елі. Егер жоғары қарасаң көкті, ал төмен қарасаң жерді көресің. Көзіңнің алдына екі саусағыңды қойсаң, ештеңені де көрмейсің. Ал үшінші сұрағыңыз, өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі. Себебі, кез келген нәрсені көзбен көрген шындық, ал құлақпен естіген өтірік. Басымыздағы көз бен құлақтың арасы төрт елі, – деп іркілместен жауап береді.
Шопан қызының берген жауаптарына шын көңілден риза болған патша баласы сөзінде тұрып, осы қызға үйленіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. Арада шамалы уақыт өткенде патша өзінің уәзірлерін тағы да сарайына жинап алады. Жиналған уәзірлер патшамыз не айтар екен деп көңілдері күпті болып тұрады. Тақта отырған патша уәзірлеріне барлай қарап:
– Мен ертең қасымдағы нөкерлеріммен саятқа кетемін. Аңда неше күн жүретінім белгісіз. Сіздерді сарайыма жинап отырған себебім, менің көптен бері көкейімде жүрген бір сұрағыма сіздер жауап берулеріңіз керек. Егер дұрыс жауап бере алмасаңыздар барлығыңызды жұмыстан босатамын да ауыр жазаға тартамын. Өтірік пен шындықтың арасында бір мық (шеге) бар. Сол мықтың не екенін шешулеріңіз керек, – дейді.
Патшаның бұйрығына бағынбасқа лаж жоқ, уәзірлер тобы жынынан айрылған бақсыдай аңырайып қалады. Үйіне келгеннен кейін патша әйеліне қарап:
– Мен бүгін өзімнің уәзірлеріме тағы бір сұрақ бердім. Олар мен аңнан қайтып оралғанымша менің сол сұрағымның дұрыс жауабын тауып қоюы керек. Уәзірлерім бұл сұрағымның жауабын таппай жаны қысылғасын сенен келіп жәрдем сұрауы мүмкін. Сен олардың ешқандай өтінішіне құлақ аспа. Есіңде болсын, сен оларға рақымың кеп, сұрақтың дұрыс жауабын айтып қойсаң, онда осы сарайдан өзіңе керегіңді аласың да, бұл жерден қараңды батырасың, – деп шегелеп тапсырады.
Ертеңіне астына желмен жарысқан жүйрік ат мініп, ұшқыр тазы ерткен патша тобы аңға аттанады. Патша тобы аңға аттанған бойдан уәзірлер басын тауға да, тасқа да ұрып жаңағы сұрақтың жауабын іздей бастайды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған уәзірлердің ішкен асы бойларына тарамайды. Айдың күні аманында дұрыс жауап табудан күдер үзіп, жазықсыз жазаға тартыламыз-ау деген ойдан уәзірлердің ішкені ірің, жегені желім болады. Көзді ашып-жұмғанша патшаның аңнан келетін уақыты да болып қалады. Жаны мұрнының ұшына келген уәзірлер тайлы-тұяғы қалмай патшаның әйеліне келіп өлердегі сөздерін айтып жалынады. Мұны естігенде патшаның әйелі екі оттың ортасында қалады. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі. Енді не істеу керек? Уәзірлерге жаны ашыған патшаның әйелі өтірік пен шынның ортасындағы мықтың тіл екенін айтуға мәжбүр болады. Патша аңнан қайтып келгесін уәзірлер берілген сұрақтың жауабы тіл екенін айтады. Сұңғыла патша бұл сұрақтың жауабын уәзірлердің өзі таппағанын іші сезеді де:
– Сендердің бұл сұрақтың жауабын өздерің таба алмайтындарың маған бес саусақтай белгілі. Бұл сұрақтың дұрыс жауабын кім айтқанын айтыңдар. Маған шындарыңды айтпасаңдар, барлығыңды дарға тартуға әмір беремін, – деп қорқытып уәзірлердің екі аяғын бір етікке тығады.
Қорыққаннан жігерлері құм болған уәзірлер патшаға шындықты айтуға мәжбүр болады. Ашуға булыққан патша әйелін шақырып алады да:
– Сен менің айтқаныма құлақ аспай, сау басыңа сақина сатып алдың ғой. Енді патшаның екі сөйлегені өлгені, сен осы сарайдан өзіңе керегіңді ал да, тезірек бұл жерден қараңды батыр, – дейді түсін суытып. Патшаның аузынан шыққан мынадай сөздерден салы суға кеткен ақылды әйел үйіне келіп түрлі тағамдар жасап, базардан шараптың неше атасын алдыртып алғасын күйеуіне келіп:
– Ал, патшам, сізден менің бір өтінішім, екеуіміз соңғы рет дастархан басында бірге отырып тамақтанайықшы, – деп патшаны майлы ішектей айналдырады.
Сүйікті әйелінің соңғы өтінішін жерге тастай алмаған патша оның айтқанына көне кетеді. Дастархан басындағы түрлі тағамдардан дәм татқан патша, әйелінің өз қолымен ұсынған шарабынан да бас тартпайды. Ішкен шарабы шамадан тыс көбейіп кеткесін патша мас боп қалады. Қолайлы сәтті құр жібермейтін ақылды әйел сарай қызметкерлеріне әмір беріп атарба алдыртады. Арбаға жайлы төсек салдыртқан әйел мас патшаны арбаға жатқызып, қаладан шығып кетеді. Бір кезде мастығынан айыққан патша көзін ашып, өзінің қаладан алыс жерде, арбаның үстінде жатқанын байқайды. Патшаның көзін ашқанын сезген ақылды әйел:
– Тақсыр, сіз маған уәзірлерге берілген сұрақтың шешуін айтып қойсаң, сарайдан өзіңе керегіңді алып шығып кетесің деген едіңіз. Мен сіздің сол сөзіңіз бойынша сарайдан өзіме керегін ғана алып, қаладан шығып кеттім, – дейді. Патша болса өзінің ақылды әйелінің мынадай тапқырлығына шын көңілден риза болып, екеуі шаһарға қайтып барып, бақытты өмір сүрген екен дейді.
Құрманғали Адамқұлов
"Ақылды әйел"