Қуатты елдің ұлттық болмысы

Oinet.kz 15-09-2022 785

Біз қоғам дамуының айрықша кезеңінде Президентіміздің бастауымен Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құрудың жолына түстік. Халық тарапынан қолдау тап­қан конституциялық реформа бұған толық мүмкіндік берді. 

Screenshot_2.jpg

Әділетті мемлекет – әділетті қоғам құру іс жүзінде көрініс табатын нақты идея. Бұл идея сана­ға терең орнығып, өмір сүру философиясының өзегіне айналуы үшін мемлекет­тігі­міз­дің іргесін қалаған ежелгі тарихи және мәдени құндылықтарды қайта жаң­ғыр­ту басты міндет екенін сезінгеніміз жөн. Осы мақсатта ұлт ұясы Ұлытауда ға­­сыр­лар қойнауында сақталған рухты оятып, жаңа кезеңде басты бағдар етіп ал­­дық. Өйткені Алтын Орда парадигмасы негізінде аз ғана уақыт ішінде Еура­зия кеңістігінде қоныстанған халықтарды бір арнаға түсірген бірлік пен тұтас­тық идея­сы жатыр. Ұлытауда жаңғырған ұлы рух мемлекетімізді кемел келешек­ке бас­­тай­тыны анық. Сондықтан біз ұлттық мүддеге ғана жұмыс істейтін мемле­кет моделін темірқазық етіп, алдымызға биік мақсат қойып, зор үмітпен алға жылжыдық.

Алдағы кезеңнің бізге жүктейтін бас­ты міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Мәдениетсіз қоғамның дамымайтыны, рухани қазынасы­нан айырылған елдің еңсесі көтеріл­­мей­тіні бесенеден белгілі. Экономика мен саясатты қатар алып жүріп дамыту – уақыт талабы. Осы себептен саяси-экономикалық реформаларды және қоғамдық ой-сананы жаңғырту үрдісін жалғастырып, замана талабына бейімделген ұлттың жаңа рухани болмысын қалыптастырудың қажет екендігі белгілі.

Алтын Орданың атақты әміршілері мен Қазақ Ордасының даңқты хан­дарының ізі қалған жерде ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапсын деген мақсатта Ұлттық құрылтай өтті. Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты. «Еліңе қарап, ертеңіңе қамдан» демекші, Прези­дентіміздің Құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру­ға айрықша мән беру қажет екені, жастардың бойында отаншылдық қасиет қалыптастыру керек екені атап айтылған болатын.

Технологияның адам өмірінің маңызды бір бөлігіне айналғаны мәлім. Онсыз өмірді елестету мүмкін болмай қалды. Алайда жаңа технология дамығанымен мәдениет пен көркем мінездің, имандылық пен адам­гершіліктің деңгейі төмендеп, құл­дырап барады. Қатыгездік, немқұрай­дылық, зорлық-зомбылық, зұлымдық сынды адам болмысына жат мінез белең ала бастады. 

Қазіргі кезде әлем халықтарының рухани дағдарыс кешіп отырғаны аян. Бұл дағдарыстан ең бірінші зардап шегетін – жастар. Жастар адамзаттық және ұлттық құндылықтардан алыстап, жат дүниелерге санасыз түрде кіріп кетіп жатыр. Тіршіліктің заңдылығы мен құндылықтардың орны ауысты. Соның салдарынан жастар рухани күйзеліске, ішімдік, есірткі сынды жағымсыз әдетке, жыныстық бейбастақтыққа, өзге де мәдениетсіздікке бой алдырып жүр. Біз бұл мәселені ашық айтып, ел болып, жұрт болып талқылауымыз керек.

Жастардың осындай қиын жағдайға түсуіне себепші болып отырған басты мәселенің бірі қоғамдағы әділетсіздік пен жұмыссыздық екені анық. Жастар санасында «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» дейтін тоғышар, жаман пиғыл орныға бастады. Әділетті мемлекет болмай, берекелі қоғам құру мүмкін емес. Әділетсіздіктің түбінде жеке бастың мүддесін елдік мүддеден жоғары ұстау, жершілдік пен топшылдық жатыр. Соның салдары жемқорлық сынды қоғамды іштей ыдырататын індетке жол ашады. Ал одан шығар жол – адамның және қоғамның санасын өзгерту, көркем мінез бен мәдениетті дамыту. Сондықтан жастардың қарым-қабілетіне, еңбекке деген талпынысы мен іскерлігіне мән берілуі қажет. «Еңбек – ердің көркі, ер – елдің көркі» дейді халқымыз. Нағыз дер шағындағы, намысты қыз-жігіттердің жігерін жасытпау амалдарын жасау – іс тұтқасындағы азаматтардың парызы. Тасқыны тау қопаратын талантты жас­тар өнері мен білімін ұлтының ұпайын түгендеуге жұмсағаны абзал. Осы себептен жастарға қашанда тәуекелмен, сеніммен қарап, ертеңгі келешекке бүгін берешек болмау үшін жалынды жас толқынның батыл қадамына жол ашу қажет!

Жастар – ұлттың үлкен күші, елі­міздің болашағы. Ұлттың заманға лайық мәдени коды жастардың жан тереңіне сіңірілуі керек. Осы себептен Президентіміздің тапсырмасымен болашаққа бағдар болатын Жастар концепциясы дайындалып жатыр. Бұл құжат арқылы жастар бойына сенім ұялайтын болады, ендеше, жастар да болашаққа сеніммен қарайды деген сөз.

ХХІ ғасырдағы ақпараттар тасқыны, жаңа технологияның қарқынмен дамуы, құндылықтардың өзгеруі тұтас қоғамға, оның ішінде жастарға әсер ететіні белгілі. Әлеуметтік желінің жастарға танысуға, араласуға, ақпарат алуға мүмкіндік бергенімен, жағымсыз мінезге де жетелейтініне куә болып отырмыз. Виртуалды әлемде мыңдаған адаммен араласып жүрген кейбір жастардың отбасынан бастап, туысқандарынан, жақын достарынан, елінен алыстап, туған жерінде өз-өзін жат санап, ұлттық болмысты былай қойғанда, адамдық табиғатынан ажырап бара жатқаны байқалады. Осының салдарынан біздің қоғамда да аномия және гедонизм орын алып, қоғамның түкпір-түкпіріне жайылып жатыр.

Өз уақытында ұлттың бойында жинақ­талған тәжірибе мен рухани құн­ды­лықтарға тиісті деңгейде мән беріл­­ме­гендіктен адамның көркем мінезі мен қоғамдық мәдениеттің дамуы кейінге ысырылды. Соның салдарынан көше­дегі жүріс өзгерді. Үлкен мен кіші ара­сындағы қарым-қатынас үзілді. Өзара құрмет азайды. Қоғамның рухани әлемінде бос кеңістік (вакуум) пайда болды. Біз «Кезенгеннің кезінен сақтан, сойқандының сөзінен сақтан» деген халық даналығын ұмыта бастадық. Енді өзімізге жат көзқарастар мен сенімдер, болмысымызға бөтен мінездер мен іс-әрекеттер сол бос алаңның орнын толтырғысы келеді. Ал бүгінде Батыс пен Шығысты жайлаған мұндай «ортақ мәдениетті» қалыптастыру мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибеден анық байқап отырмыз.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өткен – өтті, өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн іздеу керек» деген болатын. Иә, біз қазіргі жағ­дайда осы күйімізді түзеп, өзіміздегі ұлт­тық құндылықты, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қайта жандандырып, дала даналығын, бабалар сөзін негізге алып, қоғамдық өзгеріске бет бұруымыз керек. Сондықтан біз мақсат еткен басты саяси ұстаным – жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды дамыту, ұлттық рухты күшейту.

Бұл ретте әлемдік құндылықтармен үйлестіре отырып ұлттық мәдениетті дамыту әлдеқайда тиімді болары сөзсіз. Жаһандық мәдениеттің ықпалында тұрған виртуалды әлемде және әлеумет­тік желіде күнделікті алтын уақы­тын сарп етіп жатқан «қазіргі цифрлы адам» ұлттық мәдениет пен жаһандық мәдениетті бөліп қарастырғысы кел­мейді. Осы себептен екі мәдениет ара­сында байланыс құру қажеттігі туын­дап отыр. Егер біз қазірден бас­тап жас­тары­мыздың білімін және интел­лек­туал­дық деңгейін көтермесек, әртүр­лі ру­хани дағдарысқа қарсы төтеп бере ала­тын мінез қалыптастырмасақ, мәде­ниетін дамыт­пасақ, қоғамдық иммуни­тет әлсірей түсіп, жастарымыз түрлі идео­логия­ның жетегімен кете беретін болады. Бұл мәселе дер уағында шешілмесе, болашақта қатер болып алдымыздан шығары ақиқат.

Жаңа буынды жат дүниелерден арылту және ұлттық құндылықтардың негі­зін­де қалыптасқан білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке мән беру – басты мін­дет. Ал құндылықты қалыптастыра­тын – Адам. Ұлтқа адал қызмет еткен, қоғамдық дамудың әрбір саласында еңбек сіңірген қайраткерлер мен талантты тұлғаларды таныту бағытында жұдырықтай жұмылып жұмыс істесек, жастар сырттан пір, басқа дүниеден тұлға іздемейді. Ал біздің тарихымыз тұғырлы тұлғаларға бай екені анық.

Бұл ретте ұлы Абайдың «Толық адам» концепциясына арқа сүйеуіміз керек. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп Абай толық адам сипатын атап көрсетеді. Осы үш ұғымнан туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге ерекше мән береді.

Біздің идеология «майданының» алдында өз тұлғамызды тәрбиелеу міндеті тұр. Абыз қаламгер Шерхан Мұртаза: «Сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде сан болудан қалады» деген. Болашақ тұлғаларымызды жоғары мәдениеттің, яғни өзгеріске, жаңаруға және өзге мәдениеттермен ықпалдасуға мүмкіндік беретін ашық мәдениеттің негізінде қалыптастырған жөн деп санаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, тұлға – өзге мәдениеттің өкілімен емін-еркін араласатын және өзінің құндылығынан алыстап кетпей, өзгемен байланысын жалғастыра алатын адам болу керек.

Ол үшін қарапайым ұстаздан бастап, биік мінберлерден сөз алатын лауазым иелері мына міндеттерді назарға алғаны жөн деп ойлаймыз.

Біріншіден, қоғамда нақты идея мен идеологияны жүйелеп қалыптастыру.

Екіншіден, қоғамдық мәдениет пен көркем мінезді дамыту.

Үшіншіден, үнемі үйренуге және жетілдіруге дағдылану жүйесін жасақтау.

Төртіншіден, жаңалыққа ұмтылатын сананы дамыту.

Бесіншіден, сапалы жұмыс істеуге ынталандыру және өз ісіне жауап­кершілікпен қарауды үйрету.

Осының негізінде ұлттық құндылыққа негізделген білім және ғылым жүйесі жұмыс істеу керек. Өйткені Алаш зиялылары айтқандай, «Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі». Басқа жол жоқ. Сондықтан жастарды мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа  отбасынан, білім алып жүрген кезінен бастап баулу қажеттілігі туындайды. Еңбексүйгіштік, тәртіп, ұқыптылық, өзгені құрметтеу сынды қасиетке үйрету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Ол үшін насихат айтып керегі жоқ, нақты бағдарлама мен үлгі болатын модель керек. Қазіргі таңда Скандинавия мемлекеттері мен Оңтүстік Корея сынды елдер бұл модельді қалыптастырып үлгерді.

«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім...» деп Мұқағали ақын жырлағандай, атеис­тік қоғамда өмір сүрсек те имандылық пен адам­гершіліктен баз кешкен  жоқпыз. Халықтың саны аз болса да, ұлты­мыз­дың мәдени коды бізді сақтап келді. Кітап оқитын, кітапты құрметтейтін, қалам­­герлер қауымын сыйлайтын және қолдайтын ел едік. Көркем әдебиетті оқып мәдениетіміз дамыды, өнеріміз өрге шық­ты. Тіліміз әдебиет арқылы байи түсті, аясы кеңейді. Дәстүрлі өнер, музыка, театр, кино сынды өнер салалары әлем­дік дең­­гейге көтерілді. Соның арқасында рухы­­мыз сақталды. Демек бүгінде әлемдік дең­гейдегі мәдени экспансияларға төтеп беру үшін берік ұлттық ұстаным керек. Барлық рухани саланы дамытудың жаңа жолына көшу – уақыт талабы.

Соңғы ширек ғасырда біз кітап шығарумен ғана айналыстық, бірақ көркем әдебиетті мемлекеттік деңгей­де дамытуға толыққанды қолдау жасама­дық. Қазіргі жастар өткен ғасырда, Тәуел­сіздіктен бұрын жазылған шығар­маларға үңіледі, әлі күнге дейін сол кітаптарды іздеп оқиды.Тәуелсіздік жылдарында жазылған шығармалар, елді елең еткізген туындылар саусақпен санарлықтай. Осы себепті біз ұлттық әдебиетті, мәдениет пен өнерді дамытатын және тың туындылар шығаратын Ұлттық қор құрып, талантты тұлғаларға қолдау көрсетуіміз қажет деген ұсынысты ортаға саламыз. 

Дамыған елдің ешқайсысы кітап пен газеттен бас тартқан емес. Керісінше жаңа технология дамыған сайын баспа өнімі мен баспасөзге деген талап артып отыр. Ал біз жаппай цифрландыруға көшеміз деп қағаз өнімдеріне мән бермей кеттік. Бұл – терең ойланатын мәселе. Қазір ең ірі қала орталықтарының өзінде кітап дүкенін табу қиынға соғады. Біздің халық кітап оқитын, өнерге қызығатын ұлтқа айналуы керек.

Мәдениет пен өнер дамымай, адамдық көркем мінез де, қоғамдық мәдениет те дамымайды. Ал оны дамытатын әр саланың өкілдері – зиялы да, өнер адамы да, кәсіпкер де. Мемлекет кәсіпкерлер қауымын үнемі қолдап отырады. Бүгінде мемлекет-жекеменшік серіктестік арқылы мектеп, балабақша салған кәсіпкерлер бар. Өзінің тапқан табысымен мешіт, мектеп, балабақша салып, халықтың игілігіне сыйға тартқан меценаттарымыз да аз емес. Ендігі кезекте ауыл мен аудандарда, облыс пен қала орталықтарында кітапхана, мәдениет үйі, театр мен филармония, сол сияқты жастар орталығын салып беретін меценаттардың саны көбейсе деп армандаймыз. Шынтуайтына келгенде, әрбір кәсіпкер азамат батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып халыққа қызмет ету керек». Соның ішінде ұлттың мәдениетін көтеруді де естен шығармағаны жөн. Ол үшін тиісті органдар да меценат кәсіпкерлерді қызықтыратын және ынталандыратын жүйе жасақтай алса, қане?!

Сонымен қатар ауыл мен аудандағы, қала мен облыстағы халықтың санына қарай мәдениет ұйымдары желісінің ең төмен мемлекеттік нормативтерін қайта қарап, жұмыс істейтін жаңа нормативтерді бекіткен жөн. Бұл – өте маңызды мәселелердің бірі. Өйткені халықтың саны да, мәдениетке деген сұраныс та артып келеді. Бірақ оған жауап беретін ұйымдар аз.

Ақпарат саласында мемлекеттік тіл­дегі интернет-контентті дамыту – басты мәселе. Қазақ тіліндегі ұлттық мультипликация мен компьютерлік ойындарды интернет желісінде көбейту қажет. Бұл іске әу бастан-ақ жүйелеп кірісуіміз керек еді. Балаларға арналған «Балапан» телеарнасы жұмыс істейді. Ендігі кезек – жасөспірімдерге арналған телеарна. Рейтинг қуатын, жастарымызды адас­тыратын бейәдеп ток-шоуларға шектеу қойылатын уақыт жетті. Тоқсан жылдық тарихы бар республикалық «Балдырған» балалар журналы, «Ұлан» газеті сияқты басылымдарды жаңа сапаға көтеру – кезек күттірмейтін шара.

Жаңа Қазақстан идеясы – еліміздің келешек дамуының бағдары. Осы даму жолында біздегі этностардың басын біріктіретін – тіл саясаты. Бұл – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазақ тілі бұған дейін де ұлтаралық тіл болған. Кешегі Қазақ Ордасы, оның арғы жағындағы Ақ Орда, одан арғы әйгілі Алтын Орда мемлекеттерінің тілі қазақ тілі (қыпшақ тілі) болған. Ал Алтын Орданың Еуразия даласындағы ондаған этностың Отаны ретіндегі ұлы держава болғаны тарихтан белгілі. Алтын Орданың мемлекеттік тілі әлемдегі ең ұлы тілдің бірі ретінде халықаралық қарым-қатынас тілі деңгейіне дейін көтерілгенін сол заманнан жеткен жылнамалар мен өзге де жәдігерлер толық айғақтайды.

Ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген. Пайғамбардың өзі: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім» деген екен. Ендеше, мынандай екі фактор біздің қоғамдағы мәдениеттің түйінді проблемаларын шешетін негіздеме болар еді. Олар:

Біріншіден, ар-ұждан.

Екіншіден, көркем мінез.

Ар-ұят пен көркем мінез ішкі мәде­ниетке негізделеді. Көркем мінез бен мәдениеттің негізінде ұлттық мәдениет, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жатыр. Ал біздің салт-дәстүр ата-баба ұстанған дін мен дала даналығынан туындайды. Әрине, біз көтеріп отырған мәселенің барлығы ұлттық тәрбиеге негізделеді. «Тәр­бие басы – тал бесік» деген сөз тегін айтыл­маған. Ал ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – фольклор, әдебиет, салт-дәстүр, туған топырағымызда дүниеге келген, ойшыл ғұламаларымыздың еңбектерін­дегі тәрбие қағидалары. Отбасы тәрбие­сі­нің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсі­нік, перзенттік парыз бен қарыз, ар-намыс, сана-сезім және адамгершілік, отан­сүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері.

Бүгінгі таңда қоғамдық-саяси өміріміз­дегі діннің маңызы өзектілігін жой­ған жоқ. Дін ХХІ ғасырдың «мегатрендіне» айналып отыр. Көпұлт­ты және көпконфессиялы қоғамға негіз­дел­ген және күрделі геосаяси жағ­дай­да орналасқан Қазақстан үшін дін мәселесі­нің маңызы арта түспесе, кемімейтіні белгілі. Біз «әлмисақтан мұсылманбыз» деп тәрбие көрген, «ешкімнің ала жібін аттама» деп өсиет тыңдаған ұрпақтың өкілі­міз. Азуы алты қарыс кеңес өкіметінің өзі атеизмді басты қаруы етіп, жас ұрпақты діннен алшақтатуға идеологияның бар тетігін қолданған кезеңде де құдайсыздық құрсауына іліккен жоқпыз.

Баршамызға белгілі дін жолы дегеніміз – мейірім мен сүйіспеншілік жолы. Өзіңді шексіз ғаламның бір бөл­шегі ретінде сезіне отырып, Ұлы Құдірет­пен санасу. Ендеше, соңғы жылдары түрлі жолмен әр салада тамыр жаюға қарекет жасап жатқан жат діни ағымдарға қатаң тосқауыл қойып, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін сақтауға аянбай үлес қосу ел патриоты ретінде әр азаматқа парыз. Бұл орайда имамдар мен дін қызметкерлеріне артылар жауапкершілік пен міндет аса ауқымды.

Сөзімізді қорытындыласақ, цифр­лы технология дәуірінде жас ұрпаққа адамгершілік тәрбиесін беруге, ұлттық тәрбие беруге ел ертеңі үшін жанымыз ауырады деп есептейтін баршамыз жұмыла кірісуіміз керек.

Мәлік ОТАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі

Асанбай АСҚАРОВ: Халқым аман болса, мен де аманмын
Ханқорған қалашығына арнайы делегация барды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу