Ханқорған қалашығына арнайы делегация барды

Oinet.kz 09-09-2022 427

Screenshot_4.jpg

Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығының орнын археолог, тарихшы мамандар Кеңес Одағы тұсында, 1979 жылы анықтаған екен. Ханқорғанда билік құрған ең соңғы хан – даңқты қазақ ханы Абылай болған деген мәлімет бар. Жақында осы қалашық орнымен танысуға Көлкент ауылдық округінің аумағына бір топ делегация сапар шегіп қайтты. Нақтырақ айтқанда, бұл делегация «Amanat»  партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедицияларын өткізу, киелі мекендерді абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарын бақылау мақсатында құрылған. Партияның сайлауалды бағдарламасында айрықша мән берілген бағыт аясында Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, белгілі ғалым, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гаухарбек Тілеуқұлов, белгілі жазушы, журналист, тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген Шойбек Орынбай, сазгер, Мәдениет қайраткері Сейдулла Темірбаев, жазушы, журналист Жәмила Мамырәлі, ақын Дәурен Айманбет, Сүндет Сейітовтертен құрылған экспедиция тарихи мекен туралы ақпарат жинады.

Қалашықтың биіктігі 9 метр, аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Ең үстіңгі қабаттан Абылай ханның өмір сүрген кезіне тиесілі көп жәдігер табылып, олар тарихшылардың талқысынан өтіпті. 

– Ханқорғанның тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Ханқорғанда үш жүздің ханы Абылай өмірінің соңғы жылдарын өткізген, осы жерде қайтыс болған. Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтанның да осы Ханқорғанда отырғаны туралы мәліметтер бар. Яғни, Ханқорған хандардың ордасы, резиденциясы қызметін атқарған мекен. Ғалымдар қалашық ХІ–ХІІІ ғасырларда пайда болған деп болжам жасады. Қалашық негізгі үш бөліктен тұрады. Олар: Ішкі қамал, Шахиристан және Рабат деп аталады. Сол кездегі барлық қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт бой көтерген. 

Кезінде 2016-2017 жылы Ханқорғанның басында болған сол кездегі бұрынғы облыс басшысы Жансейіт Түймебаев өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, руханият мәселесі төңірегінде келелі әңгіме өткізген болатын. Осы жиында белгілі археолог Бауыржан Байтанаев Ханқорғандағы қазба жұмыстары кезінде шығыс моншасының қалдықтарының табылғанын мәлімдеді. Тарихшылардың айтуынша, бұл Қазақстанда табылған ең көне монша көрінеді. 2009 жылы Алматыдан келген археологтар осы жерден металл ерітетін ошақтың орнын тапқан, - дейді Гаухарбек Тілеуқұлов.

Қуатты елдің ұлттық болмысы
Ханқорғанның тарихы тым тереңде жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу