Бала көтергіңіз келсе Қоңыр әулие үңгірінен су ішіңіз
Қоңыр әулие үңгірі қалың қазақтың бүйрегі бұрып тұратын Баянауыл жерінде орналасқан. Белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп өз көзқарасын білдіріп, кейінгі ұрпаққа ұлағатты пікірін қалдырып кеткен екен.
Жергілікті жұрт «тас үңгірге түнеген адамның тілегі орындалады» деседі. Сондықтан көпшілік аталмыш қасиетті мекенді көзінің қарашығындай сақтауға құмбыл. Осы жердегі құнды дүниелердің қаз-қалпында сақталуына қолдан келгенше жұмыс жасауға барынша атсалысады.
Үңгір қыратты жерде орын тепкен. Шамамен мың метрге жуық биіктікте орналасқан. Бір қызығы, мұнда жер серігіндегі навигациялық орталықтың өзі бұл жерді бірде көрсетіп, бірде көрсетпейді екен.
Ескі әңгімені жадына тоқыған жұрт қазақ үшін қастерлі де қасиетті бұл жерде ұлтымыз үшін ұлық Абылай, Есім, Тәуке секілді хандардың болғанын айтады. Қазақтың басын қосқан ардақты тұлғалар үңгір маңында тегіннен тегін ат шалдыра қоймағанын аңғару қиынға соқпас. Өйткені Қоңыр әулие үңгірінің тылсым сырларын атақты хандарымыз ұғынып, осы бір жерде елдің бірлігі мен татулығын дәріптейтін басқосу жасаған болар. Әйтеуір, әлеумет белгілі тұлғалардың аталмыш орынға келуін осындай жағдайлармен байланыстырады.
Көнекөздер айтқан әпсанаға сүйенсек, бұл үңгір Қоңыр әулие Нұх (Ной) Пайғамбар заманынан бері аталып келеді. Жүгірген аң мен ұшқан құстың қорғаушысы атанып, оларға жанашыр пейіл танытқан атақты пайғамбар. Жер-дүниені шарпыған су тасқыны орын алған сәтте үш көріпкел Нұхтың кемесіне сыймай қалған көрінеді. Сонда үш көріпкел тәуекелге бел буып, бақанды кемеге байлап, ілгері қарай жылжи түседі. Алып кеме бүкіләлемдік ағыс бойымен солтүстіктен оңтүстікке қарай бет түзейді.
Әулиенің үлкені саналған Құланның бөренесі алғашқы болып тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл жағдай қазір жергілікті жұрт Әулие тау деп те атайтын Қызылтау маңында болған деседі. Ортаншы әулие Қыранның да бөренесі сондай күйге түседі. Биік Ақбет тауына соғылған бөрене сол жерде қалады. Кіші әулие Қоңыр су қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастаған шаққа дейін аман-сау жүреді. Ол мінген бөрене қазіргі үңгірге дейін жетеді. Әулие сол жерді қоныс етіп, өз тіршілігін жүргізе бастайды. Осыған байланысты үңгір ертеден киелі мекеннің бірі саналған. Олай болғанның да өзіндік себебі бар. Үңгір түкпірінде қазан секілді дүние бар. Соған күн құрғамай су жиналады да тұрады екен. Жұрттың айтуынша, сол суда барлық аурудан сауықтыратын қасиеттер бар көрінеді. Тіпті бала көтере алмайтын, бедеуліктен де арылған әйел заты аз емес. Осыған орай, үңгір маңынан адам аяғы үзілмейді. Өмірге бала алып келуге ниет жасаған әйелдердің арманы да толықтай орындалғанын жұрт жиі әңгімелейді.
Қазіргі күні тылсым сырға толы үңгірді тамашалауға келген туристер қатары көп-ақ. Үңгір маңынан Баянауыл ұлттық табиғи паркі қорының керемет жерлері көзге шалынып, өзіне еріксіз тарта түседі. Қоңыр әулие үңгірі биікте жатыр. Оған баратын баспалдақтың биіктігі 110 метрді шамалайды. Онымен бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң алдыңыздан шығады. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метрді құрайды. Үңгір екі бөліктен тұрады.