Б. Майлин / Азамат Азаматыч

Oinet.kz 22-02-2021 805

Screenshot_2.jpg

Ұлы Даланың рухани жауһары

Б. Майлин / Азамат Азаматыч

Романдағы ұнамсыз типтер күшті жасалған. Олар – ескі заманның беделді қайраткерлері. Бүгін тонын теріс айналдырып киіп, құбылып, жаңа дүниеге де ықпалын жүргізу қамында жүр. «Соңғы жылдың ішінде осы губернияға тиісті жұмыстың қандайына болса да, Рақымның ақылы қатыспай қалған емес, - деп жазады Бейімбет. – Қатысқаны сол – барлық жұмыс осы Рақымның сілтеуімен орындалып отырды десе де болады. Ең арғысы бірер кеңсеге қызметке қойылатын адам да Рақымның ұйғаруымен қойылатын. Рақым мұны Кәдірбаев, Борсықбаев, Бұқабаевтар арқылы орындап отырды». Осы үзіндіден Рақым Шегіровтың ықпалы күшті адам екені көрінеді. Жаңа келген қызметкер Азаматты танып, оған Мариямды жұмсаған, сөйтіп астыртын екеуін үйлендіруге қатысқан. Азаматты қыз үйіне кіргізіп алған да осы Рақым. Кейін Азамат бұлардың ынтымағынан алыстай бастаған кездерде де Мариямды қайрап, тіпті командировкаға кеткен адамның артынан жіберуге дейін барады.

Мариям – үстем таптың әлсіреген кезде өз мүддесін сақтау үшін қолына ұстаған қуыршағы. Сиқыр амалды, бірақ сыры танылып, қоғамнан аластала бастаған тип.

Тап жауларын суреттеуде жазушы біраз сатиралық образдар жасауға барады. Бір кезде басшы қызметтерде болып, төмендеп Қарасай қаласына келген Кәдірбаев – қазіргі кезде істен гөрі сөздің адамы болуға көшкенін көреміз. Оның маңында Бұқабаев, Борсықбаев сияқты қулар бар. Олар рухани тозып, өмірден сырыла бастағандар. Кәсібі – арақ ішу, карта ойнау, топ - топ болып жиналып қонақтау.

«Азамат Азаматыч» романы – реалистік прозаның елеулі табысы. Оның идеялық түйіні – Азаматтардың шын мәніндегі азамат болуға бет бұруы мен оны тәлкек етпек болғандардың өмір соққысына ұшырауы. Автор оны зор табыспен орындап шыққан.

Роман тілі көркем, кестелі. Онда байсалды шыншылдықпен қатар, ескіге деген зілді сықақ молырақ ұшырайды.

Б. Майлин – қазақтың көркем прозасын бастаушылардың және онда реалистік үлгілерді дамытушылардың бірі. Жазушы шығармаларының басты қасиеті ретінде оның өзі өмір сүрген дәуірдің басты мәселелерін өткір де батыл көтеріп, халық тіршілігін реалистік планда кең суреттей алғанын айтуға болады. Ол қарапайым көп өкілін әдебиеттің басты кейіпкеріне айналдыра отырып, дәуірдің іргелі мәселелерін соның өсу, ояну, жаңару жолымен байланыстыра көрсетті. Қандай тақырыпты алып жырласа да Бейімбет жаңа заманның жасампаз күшіне үн қоса, адамдар бойына күш, рух дарытып жатқан өзгерістер әсерін мойындай, кейіпкерлеріне мойындата жазады.

Бейімбет шығармаларына өзек болған уақиғалардың бірқатары – нақты өмірде болған жайлар. Оларды бастан кещкен адамдар да жазушы жерлестері. Өзіне таныс уақиғалар мен адамдар тіршілігін суреттегенде жазушы сол күйінде ала салмай, әлеуметтік өмір талаптарына сәйкес өткірлендіре, кейіпкерлерін «таныс бейтанысқа» айналдыра жазады. Оның шығармаларын оқу үстінде өмір көріністерінің жанды бейнесі елестейтіні де сондықтан.

Б. Майлин қазақ ауылы өмірінің сан - салалы, қиын да жұпыны шындығын әсерлемей, сол қалпында бейнелеуді ұнатады. Бұл – оның жазушылық стилінің басты ерекшелігі. Әбден үңіле қарасақ, сол бір қарапайым шындықта терең астар барын, қоғамдық дамудың жаңашабір арнаға түсе бастағанын аңғарғандай боласың.

Жазушы шығармаларын көбінесе нақты бір жеке адамның тағдырына құрады. Уақиға да соның тіршілік, талабы арқылы өрістейді, сондықтан шашырамайды, жинақы келеді. Сөйтіп, сол жеке адамның басындағы тартыс, күрес арқылы заман талабына лайық жаңа қаһарманның тууын бейнелейді. «Раушан - коммунист», «Шұғаның белгісі», «Азамат Азаматыч» сияқты шығармалардың өзі бұған дәлел.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


«Алтын сақа» ертегісі
«Бірлігіміз жарасқан» атты іс-шара
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу