Жоғалған ұрпақ
1979 жылы кеңес әскері Ауғанға кіреді де қару-жарақ саласындағы соңғы жетістіктерін армансыз сынайды. Табан аудармай тура он жыл салады қырғынды...
Сексен тоғыздың ақпанында соңына қираған қала мен ойрандалған орданы тастап, орыс әскері Ауғанстаннан шығады.
Бағы ашылмаған сорлы ел екен өзі де: арада бір жылдай үзілістен соң Кабулға Талибан деген тажал төнеді. Ит ырғылжың қантөгіс содан бері тоқтаған емес, күні бүгінге дейін ауған аспаны астындағы тыныштықты тіліп тырылдаған автомат дауысы тыншыған емес.
Қасірет қой. Ойлап көріңіз, бейбіт елдерде 1979 жылы туғандар қазір 42 жасқа келді. Балалары ғана емес, немерелері де бар.
Ал, ауғанда ше... Жөргегінен бомба үнімен өскен, талайы қыршынында қиылды. Тұтас екі ұрпақтың өмірін соғыс жалмады, балалығын, жастығын соғыс ұрлады. "Біреуді көріп шүкір етесің, біреуді көріп пікір етесің" дейді ғой біздің халық. Тарихта талай аламан тасырды бастан өткерсек те соңғы елу жылымыз, тіпті одан да көп уақыт елімізде тыныштық ұйып тұр. Шүкір ғой.
"Қайғымыздың" түрі ипотека төлеу, балаларды бақшаға орналастыру, сабаққа дайындау.
Ал, Ауғанстанда үйлерге бомба түсіп, ойрандалып, қаншама жазықсыз періште бақиға кетті.
Қырымнан айырылған Украина сыртқа күлгенмен, іші ыза мен кекке толы; Қырғыздар қанша патшасын тақтан құлатып, күнде дүрбелең. Осы бейбіт өмірді, тыныш станды қалыптастырған Назарбаев. Кім не десе де сол кісінің қайраткерлігі - қиын кездің бәрінен алып шыққан. Әккілігі, сұңғылалығы. Шекараны шусыз сызып, "шаршадым" деп билік транзитін де тып-тыныш атқара салды.
Қателігі үшін жауапты өзі, Қайраткерлігінің жемісі - қазіргі Қазақия. Біздегі шешілмеген мәселенің бәрі - соғыстың қасында ештеңе емес! Бала-шаға аман сау, қайғысыз жұтқан қара суымызға шүкір.
Қазақстан аман тұрсын!
Алмас Алтайдың Facebook парақшасынан