Түшкірген адамға не дейміз? (аңыз)
Алла тағала Адам атаның тәнін топырақтан мүсіндеді. Оның үстіне қырық жыл қайғы жаңбырын жауғызды. Бір жыл қуаныш нөсерін жіберді. Сол үшін адамзаттың қайғы-қасіреті оның қуанышынан көп болады екен. Құдай тағала өзінің құдіретімен Адамның басын қайыр-ихсанның топырағынан жасады. Ал мүбәрәк жүздерін жәннаттың топырағынан кейіптеді. Тістерін гауһардың топырағынан бәдіздеді. Оң қолын Қағбаның топырағынан, ал сол қолын қуаныштың құмынан бедерледі. Аяғын Үндістанның, ал әуретті жерін Бабыл шаһарының топырағынан жасады. Бойындағы ыстық қанын таулардың топырағынан алды. Көз нышанын кәусар бұлағының балшығынан жаратты. Құдай шеберлігімен жансыз мүсінді көркіне көз тоймас жан иесіне айналдырған соң, әртүрлі жақсы қасиеттерді оның бойына орналастырды. Алдымен, ақылды әкеп басына қойды. Мүләйімдік, ұят мінезін жүзіне жасырды. Оң қолға қайыр-сахауат, тәттілік сезімін тіліне орнатты. Күш-қуатын арқасы мен беліне жайғастырды. Көңіліне иман-әдетті орналастырды. Тіліне кәләм-шаһадатты әкеліп қойды.
Содан кейін Алла рухқа:
– Адамның денесіне кір! – деп әмір берді. Рух қараса, бір сәуле жоқ қараңғы жай екен. Сондықтан қорқып, біраз уақыт кірмей тұрды. Құдай үш рет «Кір!» деп бұйырды. Мұхамбет пайғамбардың нұрын әкеліп қойды. Рух сол нұрға ғашық болып, тамағынан бастап кірді. Денесіне жан кіргеннен кейін Адам ата түшкіріп қалды. Рух:
– Әлхамділдә! Құдайға сансыз мадақ болсын! – деген екен. Сондықтан адам түшкіріп қалса, өзі «Әлхамділдә» деп айту сүндет болды. Мұхамбет пайғамбар «Біреу түшкірсе, қасындағы адам оған «Жәрекімалда», яғни «Саған Алланың рақымы болсын!» деп айтуы керек» дейді. Қазақта біреу түшкірсе, «Жәрекімалда» дейтіні осыдан шыққан екен.
«Отбасы хрестоматиясы»