Түйе неден жаралды? (аңыз)
Мәлике: Түйе неден жаралды?
Әбілда: Шөлден жаралды. Бір күні Тәңірі тағала Адамға «Қажылыққа бар!» деп әмір етті. Адам ата Меккені бетке алып жолға шықты. Ол кезде адам аяғы тимеген жер көп екен. Жол салынып, құдық қазылмаған. Адам ата шөлден әбден қаталап қиналды. Астындағы аты шөлге шыдамай жолда қалды. Адам ата жаяу тартты. Қойны-қонышына құм толып, ілгері жүргізбеді. Әбден қалжырап бір жерге жетіп жығылды. Адам ата Құдайға жылап:
– Уа, Тәңірім, әл-дәрменім таусылды. Жүрерге шамам жоқ. Атым шөлге шыдамай жолда қалды. Маған жәрдем ет! – деді. Құдай тағала:
– Құмды сипа! – деп әмір етті. Адам ата «Біссімілдә» деп құмды сипап еді, құм арасынан бақырып түйе шықты. Тәңірі тағала:
– Ей, Адам, сен үшін түйені жараттым. Енді шөлдегі серігің осы жануар болады, – деді.
Түйенің жаралған жері қазіргі Мәдиненің топырағы екен деседі. Адам атаның тілегін Тәңірім сол жерде қабыл қылғандықтан Медине қаласына кие дарыды.
Адам ата түйеге мініп, Меккеге шаршамай аман жетіпті. Ондағы қара тасты айналып, бірінші рет қажылық жасайды. Осылайша Меккеге қажылық жасау Адам атадан қалған екен.
Адам ата Меккедегі шатырында демалып отырғанда Жебірейіл періште жұмақтан құрма мен кәусар бұлағының суын әкелді. Адам ата құрманы жеп, сүйегін жерге тастап еді, одан құрма ағашы өсіп шықты. Құрманы пейіштің жемісі дейтіні осыдан екен. Кәусардың суын ішіп жатқанда бір тамшысы үзіліп, жерге түсіп сіңіп кетіпті. Жер астында ұзақ жатып қасиетті зәмзәм суына айналады. Ысмайыл пайғамбардың заманында сол судың қоры құдық болып қазылыпты деседі.
Санжар Керімбай, «Мың сұрақ» кітабынан