Бұғының мүйізі (аңыз)
Есте жоқ ескі заманда жер бетіне жазылмас дерт келеді. Жұрт жаппай қырылады. Тірі қалғаны індеттен қашумен күн кешеді. Адамның қатары сиреп, жойылуға шақ қалады. Тіпті аң-құсқа дейін азайып кетеді. Бәрі Құдайға сиынып, жәрдем сұрайды. Тәңірсі тілекті қабыл етіп, пейіштен бір ағаш түсіреді. Ағаштың қасиеті – жемісін жеген адам жазылып кетеді екен. Жұрт оны «әулие ағаш» деп атапты. Бірақ адам ғапыл еді. Ауруы жазылғасын Тәңірін тез ұмытады. Қайтадан жерді қанға бөктіреді. Тіпті, әулие ағашты да түбінен шауып тастайды. Ағаш қурап қалады. Бірақ бұғылар адамды жақсы көреді екен. «Құдайдың халифасы» деп құрмет тұтыпты. Адамға жаны ашып, пейіштің ағашын басына киіп алады. Ол кезде бұғыда мүйіз жоқ екен. Кураған ағашқа жан бітіп, бұғының мүйізіне айналады. Осылайша бұғыға кие дарыпты. Сол себепті оның мүйізі мың сан ауруға ем екен. Бірақ бұғыны қинап, мүйізін кесуге болмайды. Мүйіздің киесі ұрып, жазылмас дертке ұшырайды. Ертедегі емшілер бұғыдан түлеп, түсіп қалған мүйізді ғана кәдеге жаратқан.
«Отбасы хрестоматиясы»