Міржақып Дулатұлы. Сорлы қасқырдың бір ғана үміті бар…
Ызылдап соққан суық жел. Аттының жолын, жаяудың ізін қар басқан көлдер мен өзендерде мұз толған. Аяз бен боран жан-жануарлардың бәрін де үйіне, қорасына қуып тыққан да, далада тұрақсыз қаңғырып, суыққа дірдектеп, қарны ашып бұралып көкшіл жүнді қасқыр жүр. Бір жерге де рақатпен жатқызбай тоғайларды, мидай даланы кездіріп мұны қуып жүрген аштық. Сорлыға күндіз де, түнде де дамыл жоқ. Қалың қарда кейде аяңдап, кейде жортып, тістерін сақылдатып, қайдан бір тоятын тамақ табылар екен деп жүргені.
Ормандағы үлкен аңның бірі аю, ол жаз семіріп алып, қыс жылы үйшігіне кіріп бекініп жатып, ұзақ ораза ұстаған кісідей ұйықтап жатыр. Өзіне лайық жып-жылы іні бар түлкі қуда тіпті қайғы жоқ. Көртышқандар да астығы мол үйлерді сағалап, неше бөлме ін қазып алып, уайымды ұмытқан. Ақылы жоқ бадырақ көз қорқақ қоянға шейін ақ тоншасын киіп алып, бұтақ кеміріп шаттықта жүр. Жалғыз-ақ сорлы қасқырдың басына қыс күні бар бәле орнаған, мұның бір ғана үміті – бекітусіз қора, күзетсіз жылқы.