Халел Досмұхамедұлы. Машина деген не?
Айналамызға қарасақ, алғы машинаны көреміз не машина туралы әңгіме естиміз. Үстіміздегі киімді машинамен тоқиды, машинамен тігеді. Шөпті машинамен шабады. Жерді машинамен жыртады. Мақтаны шиетінен машинамен айырады. Машинамен сүттің майын айырып алады. Отарбаларды темір жолмен қара-айғыр (паровөз) сүйрейді. Қара-айғырдың іші толған машина. Көшедегі трамвайлар да машина арқылы жүреді…
Машина деген жұмысты жеңілдету үшін адамның ойлап тапқан құралы. Машинаның түрі көп. Машинаның түрі істейтін жұмысына, күшіне қарай айырылады. Машина күшті болған сайын бәсі де арта береді.
Машинаның күші аттың күшімен есептелінеді. Бес аттық машина, он аттық машина, алпыс аттық машина, жүз аттық машина, мың аттық машина деп айтылады. Бүй дегені – машинаның күші бес аттың, он аттың, алпыс аттың, жүз аттың күшімен тең дегені. Бес аттық машина бес аттың күші керек жұмысты істейді, жүз аттық машина жүз аттың күшімен істейтін жұмысты істейді.
Қара-айғыр жиырма отарбаны сүйреп барады. Әрбір отарбада мың пұт жүк бар. Барлық тіркеуде жиырмадан жүк бар. Бір ат жиырма пұт жүк сүйрейді десек, қара-айғырдың сүйреген жүгін тартуға мың ат керек. Жалғыз қара-айғыр мың аттың жұмысын істеп отыр.
Осы күнгі жер дүниедегі машиналардың бәрін күніне жеті сағаттан бір жылда үш жүз күн жұмыс қылдырсақ, барлығының жұмсаған күші үш жүз миллион аттың күшімен тең болады екен. Түрлі тәжірибелерден осы дұрысқа келеді.
Осы күнгі жер дүниедегі машиналардың барлығы жойылсын да, бұлардың істейтін жұмысы адамның мойнына артылсын. Онда не шықпақшы? Ғылымның айтуына қарағанда, бір аттың істейтін жұмысын он құл (адам) істейді. Бір аттың жұмысы он құлдың жұмысына тең, үш жүз миллион аттың жұмысы үш мың миллион құлдың жұмысына тең. Мың миллионды миллиард дейді. Осы күнгі жер дүниедегі барлық машиналардың жұмысын орындау үшін үш миллиард құл керек.
Осы күнгі жер жүзіндегі барлық адамның саны (қатын-балаларды қалдырмай санағанда) бір миллиард үш ширек. Жер жүзіндегі адамның бәрін құл қылып, өңге жұмыстарын қойдырып, тек машиналар істейтін жұмысқа салғанда, осы күні машиналар істеп тұрған жұмыстың жартысын өтей алса, сол-ақ.
Осы жұмыстың бәрін адамның мойнынан алып, жансыз машиналарға салып отырған – ғылым.
Ғылымды іздеп тауып, тексеріп, бәрін шешіп отырған – адамның ақылы. Адамның ақылы, ақылдың баласы – ғылымнан айналса болмай ма?!
Жанды тірі құлдың орнына ақыл жансыз су мен тасты, леп пен желді құл қылды. Адамды құлдықтан босатып, азат қылды. Жаңа туған машина – құлдарға қожайын қылды.
Осы кереметтердің бәрі табиғат танудан шықты. Табиғаттың адамға берген пайдасының ұшы-қиыры жоқ. Дарияда жүретін үлкендігі Ташкенттегі
қазақ-қырғыз институтындай кемелер бар. Бұлардың үстінде бірнеше мың адам құрғақта жүргендерден бетер жайланып, рахаттанып жүре береді. Осындай кемедегі машиналардың күші қырық-жетпіс мың аттың күшімен тең. Қарсы соққан сұрапыл дауылға күйзелмей, бұлар дарияны кезіп жүре береді. Осындай кемені жүргізіп отыратын жаңғыз кісі. Бұл не деген керемет!
Машиналар арқылы жүзетін сүңгуір қайыққа мініп, жалғыз кісі дарияларда, теңіздерде су астымен бірнеше күн жүреді.
Машиналар арқылы ұшатын жел кемелерге мініп, сағатына екі жүз шақырымнан алып, осы күні адам баласы аспанмен бірнеше мың шақырым ұшатын болды.
Осының бәрін істеп отырған – білім. Біздей надан жұртқа бұл – ғибрат. Осы машиналардың астында тапталып қалмас үшін бізге де білімге ұмтылу керек. Шын азаттықты білім береді.