Жаңбырдың қандай түрлері бар?
Күн өте қатты қыздыратын ыссы жақтарда болатын не бір күшті жауындарды біз көргеніміз де жоқ. Бір жолаушы Априкеде (Африка) көрген жауынын топан сияқты болды дейді. Жер бетін тез су алып кеткен. Жаңбыр тамшыламай, бір нәрсенің шүмегінен аққандай құйған. Бірнеше минутта сел ағып, көшелерді басып, үйлерді құлатып, ағаштарды жұлып алып кетіп, тастарды домалатып кеткен. Ыссы жақтарда мұндай жауындар таңсық емес. Мәселен, 1481 жылы Гималай тауының бір алабында төрт сағат жауған жаңбыр биіктігі бір аршыннан астам болып, бос бөшкені толтырып кеткен.
Салқын, жылылығы орташа жерлерде мұндай қара нөсерлер сирек болады, бірақ бұл жерлерде де қалаларды құлатып кететіндері де бар. 1595 жылы Прансиенің (Франция) әдемі бай «Мартини» деген қаласын жаңбыр бұзып кеткен. Көбінесе қалың қара нөсер өзендерді тасытып, жиегінен шығарады. Маңындағы елдерді, жерлерді шайып, бүлдіріп әлек-шәлек қылады.
Қатты жаңбырлардан басқа, кейде баяулы жаңбырлар да жауады. 1813 жылы Италияның бір қаласында мынадай бір тамаша табиғаттың құбылысы болған. Зауал ауа аспан қарауытқан. Мұның себебі жер мен күн арасын қызыл түсті бұлт торлағаннан еді. Жұрт шошып, далаға жүгірісіп шыққан. Ақыр заман болды деп ойламаған жер қалмаған. Қараңғылық күшейе берген. Көк қып-қызыл балқыған темірдей көрінген. Бір кезде күн күркіреген, найзағай жалтылдаған. Бұлт жаңбырды құя бастаған. Халық бұрынғыдан да бетер шошынған. Жаңбырдың түсі қып-қызыл қандай болған. Қан жаңбыр бірнеше сағат жауып, кешке қарай ашылған. Найзағай шартылы басылған. Бұлт өтіп кеткен. Жұрт көңілі орнына түскен.
Қызыл жаңбыр неліктен жауды? Сол жердің үстінен жоса сықылды қызыл шаң өткен. Қызыл шаң жаңбырға ілесіп жерге түскен соң, жаңбыр да қызыл көрінген. Қызыл жаңбырды ыдысқа құйған соң, шаң түбіне шөгіп, судан мөп-мөлдір болып қалған. Надан қара халық мұны түсінбей, қан жауды дейді. Қазанға бара жатып Шора батыр айтады: «Мен Қазанға барғанша, қар жаумасын нұр жаусын, мен Қазанға барған соң қар жаумақ түгіл қан жаусын!» деп. Аспаннан қан жаумайды, қызыл жоса жауады.
Қызыл түгіл, көк, сұр, сары, қара жаңбырлар да болады. Бір жылы Америкеде Барбадос деген арал үстінен қара бұлт өтіп, күнді көрсетпей кетті. Тал түсте көзге түртсе көргісіз қараңғы болды. Үйлердің терезелеріне шейін көрінбеді. Бір кезде пештен шыққан сияқты қиыршық көк сұр күл жауа бастайды. Жауған күлдің қалыңдығынан ағаш бұтақтары иілді.
Мұнан бірнеше жыл бұрын Петербор үстінде көк жүзі бір түрлі сап-сары болып кетті. Ресейдің басқа жерлерінде де соны көрген. Мұның себебі Ресейдің де, басқа жерлердің де үстінен сары шаң жүрген екен. Сол бұлт өткен бір жерге шаң жауыпты. Сары бұлт өте жоғары жүрген. Ол бұлт қайдан келген?
Ол бұлтты Ресейге жел әлденеше мың шықырым жерден қуалап келген екен. Оны көп жерде көрген екен. Жұрт қуалап қарастырып, қай жермен өтіп, қайдан ұшып шыққанын да білген. Бұл бұлт шаң екен. Шаң Азиядағы «Қаратау» деген от тауынан шыққан екен. Сары бұлт шығар алдында 1883 жылы Қаратаудан (Үнді мұхитының аралында) от шығып, құсып, ішін ақтарған екен. Ондай от шыққанын маңындағы ел білмейді. Таудан от шыққан кезде «Ява» аралының бір бөксері жоқ болған; үш қаланы ойран қылған; қиратылған ауылдар тіпті көп, бірнеше күнде 40 мыңнан аса халық қырылған. Тау жанғанда жер сонша қатты дірілдеп, дүрсілі сонша қатты болғандығынан үш мың шақырым жерде естіліп жатқан. Қаратау көп қылып күл сияқты және сары шаң шығарып тастаған. Тозаңды тым жоғары лақтырғаннан аспанда жел ұстай алып, әлденеше мың шақырым жерлерге айдап кеткен. Сол тозаң Петрбор үстінен жүрген екен.
Рубакиннен
Ахмет Байтұрсынұлы
Алты томдық шығармалар жинағы