Кенет келген кем бір дүние
Бір күні отбасы қамымен сүрлігіп жұмыс жасап өмір бойы анасына, жарына және бала-шағасына қамқор болып жүрген Ахмет есімді кедей кісі болыпты. Ахмет арнайы бір мекемеде қызметші болып жұмыс жасайды екен. Аталмыш мекеменің Сүлеймен есімді басшысы Ахметтің адал қызметіне, шынайы ықыласына әрдайым риза болады. Күндердің күнінде Ахмет жұмысқа келмей қояды. Бұрын-соңды ескертусіз бұлай жасамайтынын білген Сүлеймен аң-таң болып іштей: «Ахмет мен төлеп жатқан жалақыны азсынған болар, мен оның жалақысына біршама ақша қосайын» деп, көмекшісінің қолына ақша ұстатып Ахметтің үйіне жібереді. Ахмет әдеттегідей ертесіне жұмысқа келеді. Қосымша ақша жайында екі тарап та тіл қатпайды. Сонда Сүлеймен бәрі орнына келген екен ғой деп уайымы сейіледі. Біршама уақыттан кейін Ахмет жұмыстан тағы қалып қояды. Бұған ашуланған Сүлеймен Ахметтің жалақысынан әлгі қосқан ақшаны қайта алып қояды. Бұған да ләм-мим, демей Ахмет ертесіне жұмысына келіп қайта қызметін жалғастыра береді. Ахметтің мұндай әрекетінің мән-жайын білу үшін Сүлеймен оны өзіне шақыртып былай дейді:
– Мен сенің жалақыңа ақша қостым, оған үндемедің, кейін қосқан ақшамды қайта алдым, оған да үндемедің, не үшін? Сонда Ахмет:
– Сіз маған бірінші ақша бергеніңізде мен ұлды болған едім. Осыған байланысты Алла Тағала маған ұлымның ризығымен бірге несібесін де арттырды деп түсіндім. Екінші рет берген ақшаңызды қайта алған кезіңізде өмірден анам өтіп еді. Сол үшін Алла Тағала анаммен бірге оның ризық несібесін өзіне қайтып алған екен ғой деп ұғындым, - деген екен.