Күз туралы өлең. Сап-сары бауырсақтар — жапырақтар
Күз кірді берекелі бай секілді,
Ол айтпас табиғатқа қайшы өкімді.
Тоңғанын жұқа көйлек жасыра алмай,
Дедектеп бұлттан бұлтқа Ай секірді...
Көзінде әлдеқашан сөнген арай,
Ана ағаш — күз ырқына көнген ағай.
«Әлі де бауыры оның жылы ғой...» — деп,
Алмалар секіреді жерге қарай.
ТВ-дағы диктордай батыл ақ тал,
Күз жайлы күнде беріп жатыр ақпар.
Даланың дастарханын толтырды әбден,
Сап-сары бауырсақтар — жапырақтар.
Қоштасарда білмейтін неғыларын,
Көңілі бос құстардың халі мәлім...
Жә, жарайды, босама, ғұмыр болса,
Түбі анық қанаттымен жолығарың.
Олардан сұхбат алған Күз хақында,
Сұлу қыз, жақындаңыз Сіз де ақынға.
Сары бауырсақ-жырымнан ауыз тигін,
Уай, не бар одан басқа біз пақырда...
Авторы Бауыржан Бабажанулы