Қағаз гүл. Махаббат туралы эссе
Бала күнім. Наурыз айы болатын. Қойшылар әлі де қыстағынан қозғала қоймаған шақ. Әкем көрші қыстақтағы Руза апайдың үйіне баратын болды. Әйелдер мерекесімен құттықтамақ. Алдын ала дайындалып, ақ қағаздан бүктеп қызғалдақтар жасады. Оны маған "қызыл қаламмен боя" деп тапсырды. Дайын болған қызғалдақтарды жап-жаңа қызыл орамалмен әспеттеп орап, әдемілеп қойнына салып алды.
--Әке, Руза апайға қағаз гүл бергеніңіз ұят қой. Одан да семіз бір қой апарайық -деймін мен. Әкем күлді.
--Балам, әйелдер үшін малданда, дүниеденде қымбаттау нәрселер болады. Осы қағаз гүлдің қасиетін қазір барған соң өзің байқарсың -деді әкем.
Руза апай мал жайғап қора маңында жүр екен. Бізді көріп қарсы жүрді. Әтеттегідей самбырлап сөйлеп келеді.
--Оой, бірінші ферманың передавой шопаны келіп қалыпты ғой. Қалай, мал-жандарың аман ба....
--Аманбыз, шүкір, жақсымыз. Руза апай, сізді мерекеңізбен құттықтай келдік -деп әкем қып-қызыл гүлін ұсынды. Жылы сөздерімен, тілектерінде төгіп-төгіп жіберді. Мұндайды күтпесе керек, апай қапелім де сасып қалды. Ұсынған гүлге қарап созған қолын қайта тартып алды. Еңбектен күстенген қолдарын біресе артына жасырып, біресе жеңіне тығып әлек болды. Ақыры қысыла қипақтап, саусағының ұшын ғана шығарып гүлдерді алды. Самбырлап сөйлеуі де сап тыйылды. "Рахымет" дегенде желмен тотыққан беттеріне қан жүгіріп, күреңіте құбұлғаны анық байқалып тұрды. Енді бір сәл тұрды да "мен шәй қояйын" деп үйіне қарай тездете басып кетіп бара жатты.
Жанымызға Руза апайдың үлкен ұлы келді. Ұзын бойлы, ат жақты денелі жігіт екен. Бізді бастап үйге кіргізіп, қолға су құйып бәйек болып жүр. Руза апай үстіне әдемі көйлегін киіп алыпты. Дастарқан жайып бар жылы-жұмсағын қойып жатыр. Шәй үстінде апайдың баласымен әкем қызықты әңгімелер айтып Руза апайды әбден күлдірді. Екі беті бал-бұл жанып жасарып кеткендей көрінді маған. Сөз, қимылдарынан әйелге тән қылық байқалып, екі азамтқа ерекелеп отырғандай сыңай танытады. Осынау өзгерістерге, бір қағаз гүлмен, бір сәл ғана жылы сөздер жеткілікті болды. Еріксіз таң қалып, "Әйел деген неткен ғажап жаратылыс еді" дерсің...
Біз кетерде апай көзіне жас алып, жеңіл күрсініп қалды. Ертелі-кеш еңбектен қолы тимей, малдың жайы, баланың қамы деп жүріп өзін ұмытқаны есіне түсті мекен кім білсін,...
Наурыз айы келген сайын осы бір оқиға есіме түсіп отырады да. Әйел затының күнделікті күйбең тірліктен босап, бір мезгіл өзін әйел ретінде сезінуі де бір ғанибет екен -ау. Осындай аналар үшін жылдың төрт мезгілінде мереке етіп қойса артық болмайды, ағайын!
Барша нәзік жандыларды 8 Наурыз аналар мерекесі күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Қазақтың барша қара көздеріне қағаз гүлдер тарата алмасамда, қауырсын қанатты қаламмен жүрек жарды тілегімді жеткізгенім болсын. Аман болыңыздар, ардақты аналар!
Құрметпен: Айдар Темірбекұлы