Құлжа туралы эссе. Құлжа деген қандай жануар?

Oinet.kz 05-09-2020 3394

Құлжа.jpg

Қолына үлкен дүрбі ұстап, жан-жақты шолып отырған балаң жігіттің дауысы кенеттен оқыс шықты:

--Көке! ананы қараңыз, арқар!

Қыр басында жамбастай жатқан аңшы мойын бұрып бала нұсқаған тұсқа көз тікті.

--Оой жарықтық кетіп барады екен ау -деп күбір етті аңшы. Жұлдыздай ағуын қарашы. Енді діттеген жеріне жеткенше тоқтамайды бұл.

--Көке, бұл арқар құм арасында қайдан жүр?

--Тұзға барады -деді аңшы бойын тіктей жайғасып отырып. -Ертеректе Қаратау арқарлары құмның жиегіне дейін жайылып келуші еді. Шөлді аймақтарда өсетін Күйреуік, баялыш секілді ащы шөптерді жеп, сортаң жерлерге жайылады. Сексеулдің басында шалады. Құм арасында тұзды тақырларда кездесіп тұрады, содан барып тұз жалайды. Біраз ащылап құмары қанған соң тауға қайтады. Қазіргі уақытта арқардың тұқымы азайып кетті. Құмға да келмейтін болды. Мынау жалғыз жүрген арқар үйрдің құлжасы. Осы қарқынмен тұзға жетіп бусанған денесімен тұзды тақырға әбден аунайды. Тершіп қызып тұрған теріге тұз ұлпалары жабысып сіңіп қалады. Сол кезде құлжада кері үйіріне қайтады.

Қайтар жолында жай жүреді. Өйткені еті қызып тер шықса үстіндегі тұзы ағып кетеді. Бұл құлжа қалайда тұзды үйіріне жеткізуіге тырысады. Аман-есен жетсе үйірі құлжаның үстін жабыла жалап қажеттілігін өтейді.

--Көке, құлжаның қайтар жолын аңдып атып алсақ қалай болады?

--Жоқ!, балам. Болмайды. Көрінген аңды ата беру аңшылыққа жатпайды. Аңшыныңда, аңныңда өз серті бар. Мен бұл құлжаны өз мекенінде, қия шыңда аңдып тұрып аунатып түсірмесем маған сын! Қазір атпаймыз. Бұл құлжа үйірі үшін басын тәукелге тігіп жазыққа шығып келді. Киесіне ұрынуымыз мүмкін. Қазақта, "аңды қашырып ат, құсты ұшырып ат" деген аталы сөз бар. Бізде құлжаның тауға жетуіне мүмкіндік берейік. Тіршілікте адамнан өзгенің бәрі сол өміріне риза сияқты көрінгенімен, олардыңда өзіне тән қиыншылықтары болады. Мына құлжаның жағдайы соның дәлелі.

--Солай балам, алдыңда тұрған аң болсада обал- сауапты ұмытпай, әр ісіңді сабырмен салмақтағаның дұрыс. Тұзақ құрғанның бәрі аңшы емес. Аңшылық кез келгеннің қолынан келе бермейтін киелі кәсіп, үлкен мәртебе. Соған лайықты адамды ғана халық аңшы атаған.

Айдар Темірбекұлы

Сусамыр түйе. Түйе туралы эссе, түйе туралы шығарма
Бешбармақ сөзінің шығу тарихы. Ет асу деген дұрыс па, бешбармақ па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу