Қаусаған бейтаныс шал (әңгіме)
03-11-2023
Бұрынырақта үлкендер әңгімені жақсы айтушы еді. Ет желініп, бата қайрылған соң, түн ортасы ауғанша ұзын сонар әңгімеге кірісетін. Бірінің сөзін, бірі бөлмейді. Кезекпен кезек жалғастырып, іліп алып айта береді. Әңгіме арасында, "пах шіркін -ай", "ой, пәлі -ай", "беу, десейші" -десіп айтушыға дем беріп отырады. Осындай әңгіме қызған шақты біз де күтіп жүреміз. Әкеміздің маңайынан ыңғайлы бір орын тауып, жата қалып тыңдаушы едік. Әкемнің еңбектен күстенген алақаны басымнан бір сипап өтеді. Оның өзі бір ғанибет, қандай рақат десеңізші... Әрі қарай әңгіменің буына балқып, бір шытырман қиял әлеміне кіріп бара жатқандай сезінетінмін...
Осынау, сағынышқа толы сағым жылдардан қалған естеліктей болып, үзік-үзік әңгімелер еске түседі кейде.
Мына, қарт Қаратаудың күнгей жақ бетінде Сатыбалды деген шабандоз жігіт болған деседі. Кедейліктен тауқымет көрген балаң жігіт тақымы толып мінетін бір атқа жарымай жүреді. Байдың жылқысын бағатын Сатыбалдының көзі ақыры бір Қаралаяқ айғырға түседі. Көреді де есіл-дерті соған ауады ғой. Бай жылқысын тегін берген бе... "Басына бас айғыр, үстіне қос өгізіңді қоса бересің" деп кесіп айтады. (қос өгіз, соқаға жегетін екі үлкен өгіз) Күні қарап отырған қос өгізімен жалғыз атын әкесі бермейді. Байғұс әке баладан мал аямайды -ау, әттең қу жоқшылық қол байлайды да.
Қаралаяқ атқа қолы жетпесін білген Сатыбалды ас-судан қалып етпеттеп жатып алады. Мұны естіген баланың нағашысы іздеп келеді. Еңгезердей жиенінің етпеттеп жатқанын көрген палуан шыдай алмай баланың әкесіне:
--Шырағым, әр қазақ жиеніне "бір бәсіре тай, қырық серкеш қарыз" деген. Жасым болса келіп қалды, мойныма қарыз болмасын. Мен жалғыз атымды берейін. Сен қос өгізіңді бер. Қос өгіздің орнына соқаңды өзім тартайын. Ер мойнында қыл арқан шірімес. Балаңды орнынан тұрғыз! -деген екен жарықтық.
Сол, Қаралаяқ атпен Сатыбалды, Қаратаудың күнгей, теріскей бетінде көкпар бермеген көр тақым шабандоз болған деседі.
Аттың сыны бір бөлек, мәрттің сыны бір бөлек айтылған әңгімелерден бір үзігі осы болды, ағайын!
Айдар Темірбекұлы