«Басында Қазығұрттың кеме қалған...» Әннің авторы туралы не білеміз?
Таяуда 85 жасқа толған Қозыке Бишімбаев ел ерекше құрмет тұтатын абыройлы азамат. Жастық ғұмырын әскери өмірге арнап, ұлттық қауіпсіздік жолында есепсіз тер төккен Қозыке қарияны нағыз сегіз қырлы бір сырлы десе болады. Әрине, Қозыке Бишімбаевтың шынайы бейнесін кейінгі буын – біздерден көрі үзеңгілес жүрген қатарластары, өнеріне тәнті болып өскен тетелес інілері жақсы суреттеп, болмыс - бітімін дөп айтып бере алса керек. Ендеше, әңгімеміздің әлқиссасын алдыңғы буын ағалардың әңгімесінен басталық.
«...Қозыкең кең пейілді, жарқын жүзді, сәл тұйықтау адам болса, әндері де өзіне тән ерекшеліктерімен көркемделіп, сана-сезім арқылы електен өткізілген туындылар. Әндері адамның ішкі сезімін оятып, елтіп кететіндігі, кең диапазоны бірте-бірте шарықтай, самғай, шырқай түсіп, мың бұралып, асықпай саябырситындай әсер қалдыратыны ақиқат. Әуендері көз алдыңа қазақтың кең байтақ Сарыарқасын, сал-серілерін, қыз-келіншектердің күлкісі мен сырғаларының сыңғырларын, ойын-думанды, әзіл мен қариялардың ұлағатты өсиеттерін келтіріп, үлкен бір қозғалыста болып жатқан тіршілік тынысын елестетеді...». Оңтүстік Қазақстан композиторлар қауымдастығының президенті, композитор Тұрдықылыш Ізтай өз ойын осылайша сабақтайды. Ал Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, сазгер, ақын Жарылқасын Аманұлы сөзін төмендегіше өрбітеді:
«Сөз өнері дертпен тең» - дегендей, Оңтүстік өңіріне сазды күйімен, сыңғырлаған сылқым үнді әнімен кеңінен танымал Қозыке Бишімбаев ағамыздың бір қыры - өз әндеріне сөзді де өзі жазуына куә болып отырмыз. Бұл екі адамның бірінің қолынан келе бермейтін жай. Алланың рахымымен, ананың ақ сүтімен туа біткен талант. Қозыке Бишімбаевтың өмір жолына таң қалмасқа болмайды. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы жаны шуақтай нәзік жанның тегеуріні қатты, құпиясы қыл көпірдей, жолы ауыр мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде ұзақ жылдар басшы қызметте болып, өнерден қол үзбегеніне таң қалмасқа бола ма? «Халық зары», «Аттан», «Шайқас» атты үш бөлімнен тұратын «Ордабасы сарыны» атты кітабы тәуелсіздігіміздің туына, ата-бабаларымыздың аңсаған арманына арналған күйлерге толы. Бұл күйлердің сазы жүрек пернелеріңізді дөп басып, арманыңыздың ақ бесігінде әлдилесе, әндерінің сырлы сыңғыры жан-жүйеңізді босатып, бір тәтті қиялға жетелейді. Міне, осындай әсем әндердің сөзі де Қозыкеңнің өз жүрегінен шыққан. Бір жүректен шыққан осындай екі дүние бір-бірімен берік жымдасып, бірін-бірі толықтырып, шырқау биікке көтерілген...»
Міне, Қозыке Бишімбаев туралы пікір жазғандар абырой-беделі асқан атпал азамат туралы осылайша суреттейді. Әрине, бұл негізінен Қозыке қарияның шығармашылық қырын танытатын пікірлер. Оның өмір жолы да қым-қиғаш сәттерге, ұрпағына үлгі болатын дүниелерге толы. 1926 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген Қ.Бишімбаев бірнеше маңызды істердің бетін ашқан барлау қызметіне қырық жылдық ғұмырын арнаса, оның 30 жылдан астамында басшы қызметтерде болды. Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті басқармасын 13 жыл бойы үздіксіз басқарды. Еселі еңбегі үшін кеудесіне таққан орден-медальдары аз емес. КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің құрметті қызметкері. Одақ пен Республикалық комитет тарапынан алған марапаттары өз алдына бір төбе. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Қозыке Бишімбаев зейнет жасына жеткеннен кейін өткен өмір жолындағы кезіккен маңызды мәселелер мен ой-толғамдарын қағазға түсіруді қолға алды. Соның арқасында екі тілде жазылған «Олар қолма-қол ұсталды», «Ардақты елім – асқар белім», «Өмір сазы - өз елім» атты кітаптары мен көңіл толқыны туғызған күйлерін қағазға түсірген «Ордабасы сарыны» атты нота кітабы жарық көрді. Мұнымен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, игі істердің ойдағыдай жүзеге асуына басшылық жасаумен қатар өзі де білек сыбанып аянбай атсалысты. Ташкент қаласында бой көтерген Шымыр ата кесенесін тұрғызуға ұйытқы болған асыл азаматтардың бел ортасында Қозыке ата жүрді. Осынау оң бастамағ негізгі ұйытқы болған адамдардың біреуі. Және соңғы жылдарға дейін Шымыр ата қорын басқарып келді.
Құдай ғұмыр берсе, кез келген адамның қартаятыны сөзсіз. Ал қалай қартаю – бұл бөлек әңгіме. Ақ сақалы аузына түскенше арақпен арақатынасын үзе алмай, інілерімен стакан соғыстырып немесе кімнің тарысы піссе соның тауығы болып, саясатты кәсібіне айналдырған қариялар болады. Сол секілді ұрпағына айтар ұлағаты мол, өмірінің өзі үлгі болуға жарарлық әдемі қартаятындар бар. Қозыке Бишімбаев сол әдемі қартайғандардың қатарына толығымен қосуға болатын қазыналы қария. Бүгінде оның ұл-қыздарының да есімі елге танымал, іскер жандар болып қалыптасты. Үлкен ұлы Уалихан облыстағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірінің тізгінін қолға алып, көп жылдан бері ұжымның көшін алға сүйреумен келеді. Ол білікті басшы ғана емес, елге танымал ғалым атанған ғылым докторы. Немересі Қуандық Астанада мемлекет басшысының командасында жауапты қызметтерді жемісті атқарып жүр. Біз өз өмірін де мәнді еткен, ұрпақ тәрбиесінде де асығы алшысынан тұрған Қозыке атаны 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілейміз.
ҚАЗЫҒҰРТ
Сөзі мен әні Қ.Бишімбаевтікі
Атыңнан айналайын Қазығұртым,
Нәр алған қасиетіңнен қалың жұртым.
Көк майса, сая бауға, бауырың тола,
Шипалы бұлақтарың бал татитын.
Қайырмасы:
Құрметті елім, туған жерім,
«Басында Қазығұрттың кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.»
Өзіңді көрген сайын тәубе етіп ем,
Қазығұрт, көз шағылар сәулетіңнен.
Күн шығып тұғырыңнан, ай туады,
Жайнатып бар әлемді сәулесімен.
Басыңа бұлт қонар мұнарлана,
Аймалап маңдайыңды құмарлана.
Қалың қар, ақ жауынмен өңіріңді,
Елжіреп емізгендей асыл ана.
Oinet.kz мұрағатынан