Кененің кесірінен балалар биыл мектепке бара алмайды

Oinet.kz 19-08-2010 999

Screenshot_7.jpg

Ала жаз артта қалып барады. Табалдырықтан аттағалы тұрған қоңыр күз балаларды мектеп партасына жайғастырады. Әрине, олардың озат оқушы атануына жазғы демалыстың да тигізер әсері орасан. Түсініктірек айтқанда, жақсы оқу үшін жақсы демалу, денсаулығын түзету керек.

Облыстық білім департаменті тарапынан жыл сайын жазғы демалысты сапалы ұйымдастыру үшін қолдан келгенше жағдай жасалып жататын. Биыл олай болмады. Кенеден келетін кеселдің қаупінен жазғы сауықтыру лагерьлеріне бала қабылданбады. Осыған орай 2010 жылдың 26-сәуірінде облыс әкімдігінің «Конго қырым қанды қызбасының алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар туралы» №174 қаулысы да шықты. Міне, осы қаулы негізінде биыл ала жаздай лагерлердің есіктерін қара құлып күзетумен болды. Бүлдіршіндер болса жазғы уақыттарын жылдағыдай сауықтыру орындарында емес, әркім әрқалай, бірі ауылда, бірі үйінде өткізді. Ауылға бара алғандар суға түсіп, күнге қыздырынып, уақыттарын қызықтырақ өткізген болар, ал қаланың қапырық ауасынан алысқа ұзай алмағандар үшін жазғы демалыстың қызығы есте қаларлықтай болды деп айту қиын.  

Жалпы алғанда облыс аумағында өткен жылы қала сыртында 20 сауықтыру лагері жұмыс істесе, оның 14-і облыстық білім мен спорт басқармаларының, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің және біреуі жоғары оқу орнының балансында, 5-і жеке меншіктің қарамағында. Осы лагерлерге былтырғы жылы жаз маусымында 130 833 бала тартылған.

Үстіміздегі жылы 30 303 бала мектеп жанындағы лагерьлерге қатынады. Ал қала сыртындағы 23 сауықтыру лагерьлерінің екеуі ғана балалардың қуанышын бөлісе алды. Оның бірі 2000 жылдан бері жұмыс істейтін «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығы маусым айының 6-сынан бастап оқушылар қабылдап, үш ауысымда 1806 оқушы демалды. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы «Ақсу» лагері соңғы маусымда ғана іске қосылып, 312 баланың демалуына себеп болды. Өзгелері балалармен бірге «демалды».

- Лагерлерьдегі жұмыстың тоқтатылуына облыс әкімінің қаулысы себеп болды. Бірақ, онда сауықтыру демалыс лагерьлерінің жұмысы мүлдем тоқтатылсын деген сөз жоқ, белгілі бір мерзімде шектеу қойылсын деген мағынадағы пункттер бар. Бір-екі лагерь жұмыс та істеді. Олар жан-жақты залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, кенеден қауіп сейілгендеріне көздері жетіп барып оқушыларды қабылдады. Бірақ, маман ретінде айтарым, оқушыларды лагерьге жіберу қауіпті болды. Лагерьлердің көпшілігі таулы аймақта орналасқан, ал ол жерлерде мал да, жабайы ит-мысықтар да көп жүреді. Облыс әкімдігі тарапынан «егер барлығын жан-жақты залалсыздандырып, қауіпсіз екендігіне көз жеткізіп, кепіл бере алатын болсаңыздар лагерьдің жұмыс істеуіне рұқсат береміз деген болатын. Бірақ, оған ешқайсысы да дайын болған жоқ. Себебі, залалсыздандыру жұмыстарының екі қайтара жүргізілуіне қарамастан кеселдің тіркелуі әлі де жалғасуда. Енді жоғарыдан тағы қаржы бөлінсе, залалсыздандырудың үшінші кезеңі басталады. Дәл осындай жұмыс қатарынан 2-3 жыл жүргізілсе, кенеден толық құтылмасақ та қырым қанды безгегінің қаупі сейілуі мүмкін, -     дейді облыстық СЭҚД аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімінің бастығы Шора Бостанов.

Иә, маман сөзіне сенсек, балаларымыз әлі де алдағы 2-3 жылдарда сауықтыру лагерьлерін ұмытатын сыңайлы. Ал көрші облыстардағы жағдай қандай?

Әрине, Оңтүстік Қазақстан облысы өз алдына жеке бір аралда жатқан жоқ, көрші облыстармен шектеседі. Демек, кененің өзге облыстарда да кездесуі заңдылық. Біздің білуімізше Қызылорда облысында да биыл төрт бірдей қырым қанды безгегі тіркеліп, бір адам көз жұмған. Бірақ, қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне қара құлыпты күзеткен жоқ. Барлығы да толық қуатымен жұмыс істеп, оқушылардың қуанышына айналды. Ең бастысы ешқандай да төтенше жағдай орын алған жоқ. Сол секілді көрші Жамбыл облысында да лагерьлер оқушылардан босамады. Онда да тыныш. Ендеше, бізде де лагерьлерді түгелдей жауып тастаудан басқа амал іздеуге болмас па еді? 

- Алғашында мен де балаларды лагерьге жібере берсек қалай болады деген ой басым болды. Ең болмағанда жетім балаларға демалыс ұйымдастырғанымыз жөн болар дедім. Осындай оймен Түлкібас ауданы Машат ауылындағы «Самал» лагеріне арнайы бардық. Санэпидемиолог мамандардың қатысуымен кенелерден келетін қауіптің қаншалықты екенін тексергенімізде өз көзіме өзім сенбедім. Ақ жамылғыға жабысқан кенелердің екеуінен қырым қанды безгегін тарататын инфекция табылды. Шынымды айтайын, қорқып кеттім, бірден балаларды лагерьге мүлдем жақындатпау керек деген тоқтамға келдік, - дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Сәуле Жарқынбекова.

Иә, «сақтансаң сақтаймын» деген, кененің кесірі балаларға да тимес үшін сақтанғанымыз өте орынды. Бірақ, бұл қанша уақытқа дейін созыла бермек? Алдағы 2-3 жылда да балалар сауықтыру орындарында демалу мүмкіндігінен айырылса не болмақ? Әйтеуір, биыл министрліктің көмегімен аз қамтамасыз етілген отбасыларының 90 баласы көрші Жамбыл облысындағы «Тау самалы», 28 бала Көкшетаудағы «Балдәурен»  лагерінде демалып қайтты. Бұған да болса шүкіршілік дейік. Дегенмен, мұның жыл сайын қайталанатынына кім кепілдік бере алады? Ең дұрысы өзіміздегіні өрге сүйреу. Осы тұста айта кетейік, қала сыртындағы кейбір лагерьлер жеке меншіктің қолында. Әрине, қасапшының өз еркі қайдан құлақ шығарса демекші, олардың арасында демалыс аймағына айналып кеткендері де жоқ емес. Түлкібас ауданындағы прокуратураның пәрменділігімен мемлекетке, дәлірегі лагерь қызметіне жеке меншіктен қайтарылған ғимаратты егесі Жоғарғы Сотқа дейін шағымданып жүріп, кері қайтарып алыпты. Енді оның қандай қызмет түрін көрсететін нысанға айналарын тап басып айту қиын. Ал шифер зауытына қарайтын ғимаратты не өздері іске жаратпайды, не жалға беруге құлықсыз. Пайдаланусыз жатқандықтан жылдан жылға тозып барады. Бұдан шығатын қорытынды: бірінші кезекте сана мен ниетті тура жолға түсіріп алмай, бар жақсылық балаларға деп ұрандату ертерек секілді.       

Мұны бір деңіз. Екінші мәселе сауықтыру лагерлеріне деген жолдаманың құны жыл санап қымбаттап бара жатқандығында. Өткен жылы 25 мың теңгені сатырлатып санап берген ата-аналардың ғана балалары демалып қайтса, биыл бұл сома 28 мың теңге болып жоспарланған екен. Бұл қарапайым отбасылардың бюджетіне салмақ салары сөзсіз. Сонда олардың балалары қайда демалмақ? Балалардың жазғы демалысынан да бизнес іздегеніміз бе?

   Ш. Мекенбайұлы, 2010 ж

Ұлын әскерде өлтіріп тастады
Полиция мен прокуратура алаяқтық қылмысты ақтап отыр ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу