Арыста тағы бір бомба жарылуы мүмкін

Oinet.kz 23-10-2009 1290

vzryv-avianalet-bomba.jpg

Қауіп-қатер халықты шулатқанша, әкім Қанат Сыдықов қамсыз отыра бере ме?

Теміржолшылар қаласы атанып кеткен  Арыс қаласында ерте ме, кеш пе тағы бір «бомба» жарылып жатса, оған таң қалуға болмайтын шығар. Құдай бетін аулақ қылсын, әрине, бірақ «жарылыс» қаланың қақ ортасындағы мал базарында орын алуы мүмкін. «Бомба» деп малдан адамға жұғатын қауіпті дерттерді айтып отырмыз. Түркістан қаласы мен Сайрам ауданындағы төтенше оқиғалардан кейін кез-келген арыстық өздерінің мал базарларына осындай қауіппен қарайтын болған. Жоғарыдағы қауіпті кеселді Байырқұм ауылында бір азаматшаның жұқтыруынан кейін елдің үрейі күшей түсті. Бірақ жергілікті әкімдік пен қадағалаушы органдар сол баяғы бейқамдығынан айырылмай отыр. «Отпен ойнауға болмайды» деген  қағида олардың қаперіне кіріп шықпағаны таңқалдырады.   

Жалпы алғанда қаланың орталығында орналасқан мал базарының талапға сай келмейтіні Арыста бұған дейін де айтылған.  Әр жексенбі сайын қайталанатын, бей-берекет, ығы-жығы тіршілік қаланың келбетіне, тазалығына үлкен нұқсан келтіреді. Мал базары орналасқан Б.Оңтаев көшесіндегі көлік тығынынан адам өлімі де орын алған. Оған қаланың бас полицейі Ж.Жақұлаевтың хаты дәлел бола алады. Қысқасы не керек, мәселенің әбден толғағы жеткендіктен, қаланың бас жоспарында мал базарын сыртқа көшіру, ал қазіргі мал базарын сауда- саттық қатарына айналдыру қарастырылады. 2007 жылы Арыс қаласының сол кездегі әкімі Серік Тәукебаев бас жоспарға сәйкес жаңа мал базарының орнын Арыс-Шардара тас жолының бойынан белгілеп, оны аукцион арқылы саудаға қояды. Жергілікті жеке кәсіпкер Әбіш Ерімбетов болашақ базардың жерін 3 миллион 163 мың теңгеге сатып алады.

--О баста жер мал базары болады деген соң, сатылды емес пе, әйтпесе қу тақыр жер кімге керек?! Жерді сатып алған соң, әкімдіктің уәдесіне сеніп, іске кірістік. Банктен несие алып, әуреге түскен жоқпыз, осындағы  бір топ азамат ортадан ақша шығарып, құрылыс жұмыстарын  қызу бастадық. Оған бас-аяғы 12 миллион теңге жұмсалды. Бизнес жоспарымыздың ауқымы кең еді.  Жаңа орыннан скважина қаздыртып, су мәселесін шештік. Электр желісін тартып,  жеке трансформатор орнаттық. Осы жер Шардараға, Көксарай су қоймасына баратын үлкен жолдың бойында жатқандықтан, ары-бері өтетін көліктерге арнап жанар май бекетін, техникалық қызмет көрсету орталығын, дәнекерлеу, вулканизацияны ашу ойымызда болды. Осы нысандардың жерін де сатып алып қойғанбыз. 

 Жаңа  базардың сатушыларына біршама жеңілдіктер жасауды көздедік. Мәселен, сатылмай қалған малдарды келесі базарға дейін сатып беруді ұйымдастырып бере аламыз. Қасапшыларға арнап мал сою цехын ашу, бұдан бөлек шұжық жасау цехын іске қосуға мүмкіндік болды. Мал бордақылауға да мұнда жағдай жасалған. Канализация орнатылған, жайылым жақын тұр...

Осындай қадау-қадау жоспарларды іске асыруға кірісіп жатқан кезде «құрылысты бітірген күні мал базарды көшіреміз» деген Серік Тәукебаев басқа қызметке ауысып кетті. Осыдан кейін бәрі өзгеріп сала берді,--дейді Әбіш Ерімбетов.

Жаңа әкім Шаймерден Сатымбеков мал базарын қаланың сыртына көшіруге асыға қоймайды. Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау мен қалалық малдәрігерлік қызметтің берген қорытындысына сүйеніп, оны көшіруге себеп жоқ дегенді айтады. Бұған Ә.Ерімбетов те, көпшілік те аң-таң болады. «Ау, сонда қаланың бас жоспары, жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовке берілген уәде қайда қалды?» деген сауалға ешкім бас ауыртпайды.  

Есесіне құзырлы органдар тексеруін күшейте түседі.  Прокуратура   болашақ мал базарының жерін сатуға байланысты өткізілген конкурсқа қайта-қайта шұқшиып, ақыры соңында конкурс заң талаптарына сәйкес өткілмеген деген қорытындыға келеді. Сондағы тапқан сылтауы конкурс жергілікті газетке жарияланғаннан кейін 13 күннен кейін өткізіліпті, тәртіп бойынша ол 15 күн болуы тиіс екен. Не керек, конкурс қорытындысы жарамсыз деп танылып, Әбіш Ерімбетовтың жеріне салған құрылыстар оның өз есебінен бұзылып тасталсын деген сот  шешімі шығады. Соған сәйкес сот орындаушыларының талабымен Ә.Ерімбетов өзі салған ғимараттарды өзі бұзып тастауға мәжбүр болады, жер қайтадан мемлекеттің меншігіне өтеді. Осылайша ол ойламаған жерден сан соғып, қып-қызыл шығынға батқан да қалған. Енді қайда барып шағымданарын білмей дал. Ал, жаңа әкімдер сол баяғыша ештеңе білмейді, ештеңе естігісі келмейді. Сонда қалай, әкім жаңарған сайын жағдай өзгере бере ме? Әкімдіктің мұндай тұрақсыздығынан кейін онымен әріптестік жасауға кімнің дәті барар екен?! 

  Енді тағы бір қызықты қараңыздар, биыл көкаланың бас көтеруінен кейін қаладағы бір топ ақсақалдар, құрметті азаматтар, саяси партия басшылары қалалық әкімдікке бірнеше мәрте хат жазып, мал базарын тез арада сыртқа көшіруді сұранады. Солардың бірі «Нұр Отан» ХДП Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Қалиев  Арыс қаласының әкімі Қанат Сыдықовқа жолдаған хатында былай дейді:

«Үй жануарларынан адамдарға ауру жұғу қауіпінің күшеюін, атап айтқанда Түркістан, Сайрам аудандарында кенеден тараған көкала ауруының пайда болуы осы бағытта жедел шараларды қолдануға мәжбүр етуде.  Қаламыздың ортасында орналасқан мал базары малдан тарайтын аурулардың бірден-бір ошағы және оны қала сыртына көшірудің кезек күттірмейтін міндет екендігі ескере отырып мына шараларды қолға алу керек. Мал базарын қала сыртына көшіру, ескі мал базарының орнын жедел түрде тиісті санитарлық, ветеринарлық дезифекциялау өткізіп, уақытша 1-2 жыл қоршауда ұстау қажет»

Бұл хатқа қалалық кәсіпкерлік бөлімнің бастығы Н.Адамбеков жауап береді. Ол:

«Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының 13.12. 2007 жылғы №3/3-IV санды «Арыс қаласының бас жоспары туралы» шешіміндегі негізгі сызбаға сәйкес мал базары №524 санымен Арыс-Шардара жол бойынан орналасқан қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан мал базары №513 санымен сауда-саттық қатары болып өзгертілген. Б.Оңтаев көшесі бойындағы жұмыс жасап тұрған мал базарды қаланың бас жоспарына сәйкес қала сыртына көшіру үшін ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсіру қажет»,--дейді. 

 «Нұр Отан» ХДП Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Қалиевтің ұсынысын әкімдікте отырған бір топ «нұротандықтардың» мазақ еткені ме? Ненің қажет екенін көпшілік те жақсы біледі ғой, мәселе сол қажеттілікті орындауда жатыр ғой?!  Билік партиясының Арыста қаншалықты беделі барын осыдан кейін өзіңіз салмақтай беріңіз. Бірақ ең бастысы ол емес қой. Жаман айтпай, жақсы жоқ  демекші,  егер қаланың қақ ортасындағы мал базары дерттің ошағына айналып кетсе, не болмақ?! Ол дерттің сібір жарасы, немесе көкала болуы шарт емес шығар. Малдан адамға жұғатын ауру онсыз көп. Олай болса, елдің тілегін ескермеу, халықты қауіптің құшағында ұстау кімге тиімді? Арыстың әкімі Қанат Сыдықовқа ма, әлде жергілікті санитарлық эпидемологиялық қадалағау басқармасы  мен малдәрігерлік қызметтің басшыларына ма?!

P.S. ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми облыстың жаңа прокуроры Берік Құлтасовты қызметке тағайындау кезінде көкала дертінен адам өлу фактілерінің облыста бұған дейін де кездесіп тұрғанын, оны ақ халаттылардың жауып жіберіп отырғанын тілге тиек етіп, жергілікті атқарушы органның қауіпті дерттермен күрес және оның алдын алудағы  жұмыстарын тиісті қатаң қадағалуды тапсырған. Бәлкім, адам өмірі мен денсаулығымен ойнауға болмайтынын Арыс қалалық әкімдігіне аталған құзырлы органның өзі түсіндіріп берер. 

Жәнібек Тархан

"Рейтинг" газеті №38, 23 қазан 2009 жыл

Оңтүстіктен озық идея шықпай тұр
Құл-Мұхаммед «жамағатының» «мәдениеті» жақсы, ал, «тұрмысы» қалай екен?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу