Төле биде ана өліміне кінәлі дәрігер жұмыс орнында удай мас болған
--Әттең-ай, шырағым жалған дүниедегі татар дәмі таусылуға таяғанын сезген-ақ екен. «Мені мына ауруханадан басқа жаққа әкетіңіздерші» деп шырыл қақты. Жалынды, жалбарынды, жылады, айқайға да басты. Сонда да оны тыңдамадық. Сол ауруханның дәрігерлеріне үміт артып, қара басты ғой, бізді. Жан сақтау бөлімінде жатқан қызыма қайта-қайта сұранып жүріп анасы әрең жолықты. Сөйтсек, сенесіздер ме, біз үміт артқан дәрігерлер ауру қызымызға апарған тамақты да оған бермей өздері ішіп-жегенін естідік. Бұдан асқан бейшаралық бар ма? Ең сұмдығы сол біз жан сақтау бөлімінің жанында жарығымның амандығын Алладан тілеп, жылап-сықтап уайыммен жүрсек жұмыс орнында удай мас болып алған бас дәрігердің орынбасары Владимр Нарижный кабинетінің кірер есігін таппай тәлтіректеп тұрғанына қаншама адам куә болдық. Дәрігер дейтін қастерлі мамандықтан садаға кеткір осындай адамға құлыншағымның тағдырын сеніп тапсырғанымызға қатты өкіндік. Бірақ бәрі де кеш еді...
Бұл Төле би ауданындағы Диханкөл ауылының тұрғыны, әлі отызға да толмаған шағында ойда-жоқта ажалдың тырнағына іліккен асыл ана, адал жар, аяулы перзент марқұм Шолпан Қаменованың әкесі Раманқұлдың біресе жыламсырап, біресе кіжініп отырып айтқан сөзі. Сенер-сенбесімізді білмей сұрастырып көрсек Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасындағы бас дәрігердің орынбасары Владимир Нарижныйдың жұмыс орнында удай мас болып жүргені шындық болып шықты. Ол тіпті соңғы айларда оңтүстікте ана өлімі өршіп кеткеніне байланысты Астанадан арнайы келген комиссия мен ем-дом іздеген елдің көзінше мастықтан денесін игере алмай еденге құлап түскен.
«Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатқан жүкті әйелдің жағдайымен танысуға барғанбыз. Бастапқыда дәрігердің мастығына назар аудармаппын. Бір кезде ербеңдеп еденге құлап түскенін 15 шақты адам көрдік. Оның бас дәрігердің орынбасары екенін артынан білдім. Мұндай күйдегі дәрігер кімді, қалай емдемек? » дейді бізбен ұялы телефон арқылы тілдескен республикалық акушерлік, гинекологиялық және перинатологиялық ғылыми орталықтың директоры Талғат Құдайбергенов.
Мәссаған безгелдек! Сонда соңғы айларда оңтүстікте ана өлімі неліктен көбейіп кеткенін зерттеп,зерделеуге сонау Астанадан ат шаптырып арнайы комиссия келіп жатқанда Нарижныйдікі неғылған масқаралық? Өзекті мәселе майшаммен қаралып сын сағатта жауапты адамдардың бәрі қабағы қатуланған күйі ат үстінде жүргенде Владимир Иванұлы не той тойлап, нені жуып жүр? Әлде жуырда облыстық мәслихаттың депутаты атанған бастығы Мәди Бигалиевтің мандатын жуу әлі жалғасуда ма? Оған шетінен қыршынынан қиылып жатқан ана өлімінен көрі сол маңызды болғаны ма? Осы еңбегін, бәлкім елдің көзінше мастықпен еденге құлаған «ерлігін» де ескергені болар, әйтеуір бас дәрігер орынбасарының «тәртіпсіздікке жол бергені үшін жұмыстан босатылғанын» қысқа ғана айтумен шектеліп отыр. Неге? Шектен шықтан әрекетке барған Нарижныйға қатаң шара қолданылмаған соң араға біраз уақыт салып ол түк болмағандай осы ауруханаға қайта оралмасына кім кепіл? Өйткені бір кездері дәл осы ауруханадан кешірілмес келеңсіздіктері үшін жұмыстан қуылған Нарижныйдың бас дәрігердің орынбасарына арналған орынтаққа қайтадан отырып алғаны қайран қалдырады. Кемшілігіне лайық жазаға кесілмегеннен кейін мейлі қай медициналық мекемеге жұмысқа ауыссын «ауру қалса да әдет қалмайтыны» бесенеден белгілі. Ал марқұм Шолпан Қаменова алтын асықтай үш бірдей ұлды өмірге әкелген, енді төртіншісін қыз босанатынын дәрігерлерден біліп төбесі көкке екі елі жетпей ерекше қуанып жүрген бақытты жан еді. Дәрігерлердің біліксіздігі, салғырт-салақтығы салдарынан ойда-жоқта шаттық кернеген шаңырақта жоқтау айтқызып жылатқызған оның мезгілсіз өлімінің обал-сауабын кімнен сұраймыз? Бас дәрігердің тағы бір орынбасары Махамбет Бейсеуов «науқасты ауруханаға әкелгенде ахуалы ауыр болатын»деп ақталып бақты. Марқұм Қаменованың ата-анасы да, күйеуі Қуаныш та бұл ақылға қонбайтынын қадап айтты. «Науқасты алғаш аудан орталығына,одан Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасына жеткізгенде жанында бірге болдым. Екеуміз сөйлесіп-ақ келгенбіз» дейді Төле би ауданы Қасқасу ауылындағы емхананың гинеколог дәрігері Көркем Оспанова да олардың сөзін қостап.
--Адам өмірін ажалдан арашалап қалу үшін аянбай күресуге ант берген дәрігерлер өздерін өте дөрекі ұстайды. Әсіресе, Шымкент қалалық ауруханасының бас дәрігері Мәди Бигалиевке қапалымыз. Оның қабылдауына көмек сұрап кірген болатынбыз. Жылап отырып сөйлескен бізді тым болмаса жылы сөзбен жұбатудың орнына жанымызды жаралайтын сөздер айтқанына ренжідік. Бір аурухананың тәртібін бетімен жіберіп, тірлігін қожыратып жүрген ол қалай облыстық мәслихаттың депутаты атанып жүр? Халық қалаулысы деген атаққа қайтіп қиясың?,--дейді қызының қайғысына әбден ашынып алған әкесі Раманқұл сауалымызға сауал жамап.
Әрине, Мәди Бигалиевтің басшылық қарым-қабілетіне бір жақты баға бере алмаймыз, бірақ кәсіби шеберлігі мықты екеніне ешқандай шүбәміз жоқ. Ал қалай депутат атанды дегенге келсек, бір білетініміз биліктің партиясы «Нұр Отанның» атынан ат қосып, бағы жанды. Арғы жағы айтпаса да түсінікті...Сол жолы қаптаған қалталы адамдардың арасында белгілі дәрігердің де депутаттыққа өткеніне шын көңілден қуанғанбыз. Енді міне, жұрт жағасын ұстаған масқара оқиға жайлы жазбай тұра алмадық.
--Қызым Шолпанды дәрігерлер қолдан өлтірді. Дәрігерлердің әрқайсысы әр түрлі құбылтты. Біреуі «асқазанынан қан кеткелі жатыр» деп шошытты. «Бауыры қатты ісінгендіктен іри бастаған» деп тағы біреуі одан бетер үрейімізді ұшырды. Енді біреуі Шымкенттегі ауруханаға әкелгенде беті де сарғаймаған, көзі де қызармаған қызымызға сары ауру деген диагноз қойып, сарыуайымға салып қойды. Ал Астанадан шақыртқан мамандар мұның бәрін жоққа шығарып, «тұмауға шалдыққан» деп түсіндірді. Сөйтіп, олар ортақ байламға келе алмай әркім әр жаққа тартты. Әр қилы әдіс, әр қилы ем қолданып, қызымды әбден қинады. Әр жарты сағат сайын бөлек-бөлек анализ алу, бөлек-бөлек ине егу адамды қорлау емес пе? Денесін шұрқ-шұрқ тесіп тастады. Асқазанын тексеретін «шланганы» қинап жұтқызғандықтан тамағының майда қан тамырлары жарылған. Ақыры не болды?! Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасына өз аяғымен барған адамнан айдың-күннің аманында, айналдырған бір-екі күннің ішінде мәңгілікке айырылып қалдық...
Әке байғұс өзі бастан кешірген сұмдық жайттарды өзегі өртеніп баяндап берді. Әңгімесін тыңдаған сайын тұла бойың түршіге түседі. Құдай қосқан қосағынан қапыда қалайша айырылып қалғанын түсінбей, әлі түс көргендей күй кешіп жүрген Қуаныш Қамытбековпен де тілдестік.
-- Жүктілігіне байланысты үш ай бұрын анализ тапсырғанбыз. Сараптама қорытындысы жақсы деп шықты. Бұған дейін үш ұлын босанғанда да денсаулығына ешқандай шағым айтпаған Шолпанға бұл жолы не болғанын білмейміз. Өзі немесе баласы ауырып ауруханаға жатып көрмеген адам. Басы ауырып, ыстығы көтерілгеннен кейін көршілес Қасқасу ауылындағы емханаға ертіп бардым. Ондағы гинеколог дәрігер Шымкенттегі жекеменшік медициналық орталықтан тексеруден өтуге жіберіп, бірқатар дәрілер жазып берді. Іші сезді ме екен қайдам, әйтеуір тағайындалған емді әйелім қабылдағысы келмей біраз қиғылық салды. Өзіміздің ауылдағы акушер де қабылдайтын дәрілерге күдік келтіретінін жасырған жоқ.Сонда да жағдай осыншалықты ушығар деп кім ойлады дейсіз? Әйтеуір, гинеколог дәрігер маман ғой, бір білгені бар шығар дедім. Тезірек жазылып кетер деген үмітпен әйелімді ем қабылдауға үгіттеп жүріп әрең көндірдім. Бәрібір дертінің беті бері қарамай қайта асқына бастаған соң әупірімдеп өз көлігіммен аудан орталығына жеткіздім. Мұндағылар «қандай дәрілер қабылдағансыңдар, емді кім тағайындаған?» деп шүйлікті. Содан дұрыс диагноз қоя алмай Шымкенттен мамандар шақыртты. Олар Шолпанды өздерімен бірге Шымкентке әкететінін естігенде әуелгіде қатты қуандық. Қанша дегенмен облыс орталығында талап қатаң, мамандар мықты екендігіне сендік. Өкінішке қарай барлығы керісінше болып шықты. Шолпанның Шымкент қалалық ауруханасында жатқанда «бұлар маған әр түрлі диагнозбен әр қилы ем қолданып өлтіріп тынатын болды, тезірек өзге жаққа ауыстырыңдаршы» деп шырылдап жылағаны әлі құлағымда жаңғырып тұр. Беу дүние-ай десеңізші, дәрігерлерге сеніп оны тыңдамай сорлап қалдық қой. Қайтыс болғанннан кейін медициналық сараптама жасатқанымызда дәрігерлердің біресе сары ауру, біресе асқазанына қан толған дегендерінің біреуі де расталмады,--дейді ол жанары жасқа шыланып.
Шолпан Қаменованың асқынған дертін анықтауға аудан орталығына Шымкенттен шақырылған дәрігерлер 3 сағатқа кешігіп келіпті. «Дәрігерлер жүкті әйелге көмек көрсеткенде ұзаққа созылғанда 1 сағаттан әріге кешікпеуі керек. Алтын уақытты тиімді пайдалана алмасақ науқас түгілі сау әйелдің де өміріне қауіп төніп, қан кетуден көз жұмуы мүмкін. Созақ ауданындағы «Қазатомпром-Демеу» медициналық-санитарлық бөлімшесіне 28 желтоқсан күні түскен науқас Тәжібаеваға бес жарым сағат өткен соң барып ота жасаудың ақыры адам өліміне апарып соққан. Бақилық болған аналардың төртеуінің ем қабылдаған алғашқы тәулік ішінде соңғы демі таусылған. Себебі ажал құшқан аналардың көпшілігі ауруханаға ауру әбден асқынған кезде барған. Неліктен? Кез келген медициналық мекеме үшін ана өлімі үлк-е-ен дау-дамай туғызатындықтан дәрігерлер жүкті әйелдерге қол ұшын созудың орнына жауапкершіліктен тезірек арылудың амалын қарастырады. «Бізде тіркеуде жоқсың» деген анықтама алған жүкті әйелдер әр мекеменің есігінен сығалап, әре-сарсаңға түседі. Тіркеуге ілікпеген әйелдердің өзге өңірлерде ем іздеп адасып жүретіні де осыдан. Біз барған емханалардың бірінде әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі жүктілікке қарсы көрсеткіші бар қанша ананың тіркеуде тұрғанын да білмейді. Демек жүкті әйелдердің амбулаториялық карталары тек формальды түрде жүргізіліп, жан-жақты сараптама жасалмайды. Ақпараттарда жүйелілік жоқ. Дәрігерлер тарапынан терең зерттеу мен қатаң қадағалаудың кемшіндігінен жүкті әйелдер ауруы асқынғанға дейін үйінде отырып өз бетінше ем қабылдауға әбден дағдыланып алған» дейді Астанадан, Алматыдан шақырылған арнайы комиссияның мүшелері ағынан жарылып.
Оңтүстікте ана өлімінің өршуін жіті зерттеген арнайы комиссия облыстың денсаулық сақтау саласындағы «көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрған көп олқылықтарды кездестіріпті. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген тапсырмалардың талайы толық орындалмаған. Айталық, ауруханалардың бірқатарында вирусқа қарсы емдік дәрі-дәрмектер мүлдем жетіспейді. Акушерлерге дифференциялық төлемақы берілмеген. Ынталандыру жағы қарастырылмаған. Кейбір ауруханалардың жылуы нашар. Неге бұлай? Қаржы тапшы деу қисынсыз. Облыстың денсаулық сақтау саласы көл-көсір қаржы игермеу жағынан басқа салалармен салыстырғанда көш бастап тұрғанын бұған дейін де кеңінен жазған болатынбыз. Сол кемшілік әлі қайталанып келеді.
Бізбен тілдескен арнайы комиссияның мүшелері айрықша атап айтқан бір жайт, амбулаториялық саланың жұмысындағы кемшілік шаш-етектен. Емханалар мен стационарлық мекемелердің қызметіндегі үйлесімсіздік жиі ұшырасады. Жүкті әйелдерге кеңес беретін бөлімдер мен емханалдарды біріктіріп, инновациялық реформа жасаудың «игі нәтижесі» міне осылай болғаны өкінішті-ақ. Оған қоса облыстық денсаулық сақтау басқармасының тізгінін Жұмағали Исмаилов ұстағалы бері шетелдерден дәрігерлер шақырып, әр алуан конференциялар өткізуді дәстүрге айналды. Бұдан ана өліміне қатысты ешқандай оң өзгеріс байқалмағаны қынжылтады. Мұндай жиындарды ұйымдастырушы ретінде жұртқа Жұмағали Исмаиловтың іскерлігі, кемеңгерлігі керемет насихатталып жүр. Алайда сол шетелдік қонақтармен жиі жиын өткізудің, оларды күтіп алғаннан шығарып салғанға дейінгі сый-құрмет көрсетудің міндеті оңай деймсіз? Соңғы кезде осыған атсалысып, үлесін қосып жүрген медициналық мекемелердегі бас дәрігерлердің біртіндеп жүйкесіне ши жүгірте бастаған сыңайлы. Бәлкім, мемлекет басшысының таяудағы қаптаған конференцияларды азайту туралы тапсырмасынан кейін Жұмағали Исмаиловтің өзі де ес жинап қалар.
Әуелі өршіген ана өлімінен байланысты «қайтыс болған жүкті әйелдер доңыз тұмауын жұқтырып алған» деген ақпарат тарады. Артынан шындыққа жанаспайтыны анықталды.
-- Тұмау төңірегінде айтсам былтырғыға қарағанда биыл жағдай біршама тұрақты. Бүгінге дейін біздің облыста Н1N1 вирусын жұқтырған жәйт тіркелген жоқ,--дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабек.
Астанадан келген арнайы комиссияның қатысуымен ана өлімінің өршуіне арналған алқалы жиын өтетінін алдын ала естіген-ақ едік. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі төрағалық еткен жиынға журналистер шақырылмай дәл қазіргі таңда оңтүстік халқын айрықша алаңдатқан өзекті мәселе неліктен жабық түрде талқыланғанына таңданыс білдірдік. Солай бола тұра Астанадан келген комиссияның көзқарасын көпшілікке жариялаудың бәрібір мүмкіндігін таптық. Ащы ақиқат айтылған сол жиында денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов бірінен кейін бірінің өмірі қыршынынан қиылған небәрі 19-22 жастағы аналардың өліміне дәрігерлердің кінәсі көптігін ерекше ескертіп өтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың қызметіне қаншалықты сәйкестігін министрдің алдына қабырғасынан қоятынын қадап айтты. Оның бұлайша кесімді пікір білдіруі бекер емес. Өйткені арнайы комиссия 7 ана өлімінің себеп-салдарын жіті тексергенде дәрігерлер тарапынан сапалы қызмет көрсетілгенде тек біреуінен басқасының барлығын ажалдан құтқарып қалуға мүмкіндік болған екен. Жалпы, өткен жылғы желтоқсан айының соңғы күндері мен биылғы ақпан айының аралығында, яғни айналдырған бір айдың о жақ, бұ жағында Оңтүстік Қазақстан облысында 10 ананың өлімі тіркелгенін бейресми мәліметке сүйеніп бұқаралық ақпарат құралдары жарыса айтып жатыр. Бұл мәліметтің анық-қанығына кеңінен түсінік беруін, нендей уәж айтатынын сұранып облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының ана мен бала өліміне жауапты орынбасары Балжан Исабековаға бірнеше рет қоңырау шалдық. Кездесуді, сұхбаттасуды күнде ертеңге ысырып-ысырып, ақыры тілдесе алмадық. Алдын ала ескертпей жұмыс орнына іздеп барғанымызбен не өзіне, не бастығына жолығудың сәті түспеді. Басқарманың баспасөз хатшысы Айжан Омаровадан да басшылармен сөйлестіруді өтінгенімізбен еш нәтиже шықпады. Есесіне басқарма бастығы Жұмағали Исмаиловтың мемлекеттік басылымдарда көлдей-көлдей сұхбаттары жарияланғанын көзіміз шалып қалды. Турасына көшсек «Егемен Қазақстан» газетінің 12 қаңтардағы санында жарық көрген сұқбатына «Елбасының тапсырмалары мүлтіксіз орындалуда» деген тақырып қойылып, өңірдегі ана өлімі 38 пайызға азайғанын мақтанышпен мәлімдепті. Арада екі күн өткенде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінен, яғни 14 қаңтарда оқырманға жол тартқан басылымнан «Ана өлімі 45 пайызға азайды» деген айқайлап тұрған тақырыппен берілген сұқбатын оқып қатты таңдандық. Екі күннің бірінде облыста ана өлімі бірінен соң бірі тіркеліп жатқанда оның екі күннің бірінде көрсеткішті жақсы жағынан көпе-көрнеу көбейтіп айтқанына күлесіз бе, жылайсыз ба? Жұмағали Исмаилов сонда елбасыны, ең бастысы жұртты жалған ақпаратпен алдамақ па? Бұған Сіз не дейсіз, мәртебелі оқырман!
Жалпы Жұмағали Исмаилов Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық саласын басқаруға келген кезден бастап-ақ ана өліміне байланысты аты шығып жүр. Ана өлімін жасыру фактісіне жол берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гаухар Үкбаеваға жаза қолданудың орнына оны қолдап, қорғаштап, абыройы төгілді. Сол тұстағы облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Уәлихан Қайназаровтың табандылығының нәтижесінде Гаухар Сапартайқызы бәрібір айқай-шумен қызметінен кетіп тынды. Бүгінде №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері болып жүрген Гаухар Үкбаеваға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов өз қолымен жылы жымиып тұрып Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған медаль тапсырғанынан хабардармыз. Нендей еңбегі, қандай жетістігі үшін? Мақтаралда ана өлімін жасырып, денсаулық сақтау басқармасын дау-дамайға қалдырғаны үшін бе? Марапат қай уақытта да адамның өткен еңбегін елеп-екшеп барып жасалады емес пе?! Олай болса, марапатқа ұсынған азаматтар Г.Үкбаеваның өткен-кеткенін білмейді деу қисынға сия ма? Ол, ол ма, аталған ауруханада қоймашы болып істейтін Жұмагүл Мырзмұратованың да медаль алғандардың тізіміне ілінгеніне таңдандық. Аты-жөнін көпшілік біле бермейтін қоймашы қандай ерен еңбек сіңірді екен? Ол еңбекті елге сіңірді ме, әлде бас дәрігерге сіңірді ме?
Соңғы жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының басынан дау арылмай-ақ қойды. Басшы ауысқан сайын берекесіз тірліктердің мойны жиі қылтиып шыға беретініне жұрттың еті өліп, көзі үйренді. Тасмағамбетованың тұсындағы ВИЧ трагедиясы, Дудниктің кезіндегі кадрлардың дүрбелеңі, Маймақов басқарған шақта қырым-қанды безгегінің асқынуын ел ұмыта қойған жоқ. Енді, міне, Жұмағали Исмайыловтың тұсында да ана өлімі өршіп даудың түңлігі түріліп тұрғаны мынау.
Ғалымжан Елшібай,
«Рейтинг» газеті №6, 9 ақпан 2012 жыл