Арыстағы жарылыс: Ақиқат қашан айтылады?
Қорғаныс министрлігінің басшыларына қатысты қолайсыз әңгімелердің туындауына түрткі болған оқыс оқиға биыл Оңтүстік Қазақстан облысында тағы қайталанды. Қайсыбір жылы облыс орталығының іргесіндегі Төле би ауданында министр Сәт Тоқпақбаев мінген тікұшақ құлады. Министрдің тікұшақтан құлауы кішкентай баланың есегінен құлағаны сияқты күлкілі көрініс емес қой. Анау-мынау емес, тұтас мемлекетіміздің тыныштығын сақтайды, қауіпсіздігін қорғайды деп сеніп жүрген әскери саладағы бірінші басшының өзі айдың-күннің аманында тікұшақтан құлап, ауруханаға түскені министрдің жеке басы былай тұрсын сыншы саналатын сырт көз үшін күллі Қазақстанның беделіне абырой әпермегені анық. Ал осыдан екі ай бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып, төрткүл дүниені шулатқан, төрт бірдей адамның өмірін қыршынынан қиған апаттың шығуына байланысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл мәжіліс өткізді. Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында мәселелері «майшаммен» қаралған қорғаныс министрі Даниал Ахметовтің өзі ескертумен құтылып, екі орынбасары қатаң сөгіс алды.
Арыстағы апатқа екі ай толып үлгергенімен үрейден әлі арыла алмаған елге ешбір құзырлы орган ресми ақпарат беруге асықпай отыр. Апаттың түп-төркініне тереңірек үңіліп, аты аталып, түсі түстелетін кінәлі адамдарды бұлтартпас айғақтармен айыптауы тиіс әскери-тергеу басқармасының тергеушісі Бағлан Қожықов бізбен әңгімелескенде әзірге ешқандай ақпарат бере алмауының мәнісін түсіндірді. Ол таяу арада қылмыстық кодекстің 246-бабының 2-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық істі сотқа жолдағаннан кейін баспасөз конференциясын ұйымдастыруы мүмкін екенін тілге тиек етті. Апаттын жай-жапсарын жан-жақты саралап, сараптайтын бірнеше комиссия құрылса, солардың бірін басқарған Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Кәрімберді Балтабаевқа хабарластық. Жарылыс жасалған нысан қорғаныс министрлігіне қарайтынын алға тартып, бірді-екілі толықтырулар болмаса қорытындысы шығарылып қойған ақпаратты айтудан бас тартты. Неліктен? Әскери құпия есептелетін деректер айтылмаса да әскери қойманың маңайындағы қаншама мыңдаған адамдардың өміріне қауіп төндірген жарылыстың себеп-салдарын білуге халық құқылы ғой. Ертеңге күніне алаңдаған ел асыға күткен шындыққа қанығып, құзырлы мекемелер тарапынан қайғылы оқиға қайталанбайтындай шара қолданылғанын қалайды. Оқыс оқиғаның себеп-салдарын халыққа хабарлаудың несі құпия? Ресми мәлімет таратылмаған соң қазір баспасөз беттерінде өтірік-расы белгісіз, «отқа май құйған» әрқилы ақпарат қаптап жүр. Тәуелсіз сарапшы Оскар Даубаевтың сөзіне сенсек жыл басында индустрия және сауда министрі Владимир Школьникке хат жазып, әскери қоймаларда еңбек қауіпсіздігі, талап пен тәртіп сақталмаса апат болуы мүмкіндігін ескерткенімен жанайқайына құлақ асқан жан табылмапты. «Қазақжарылыс» деп аталатын компанияның директоры Олег Пак болса 50 жылдан бері жұмыс істейтін мемлекеттің меншігіндегі компанияны өзіне дейінгі басшылар соңғы жылдары талан-таражға түсіргенін сынап, құны өте қымбат дүние-мүліктердің азын-аулақ қаржыға сатылғанына нақты фактілер келтіреді. «Бүгінде жеке тұлғалар да жарылғыш заттардың «тағдырымен» шұғылдануға рұқсат алған. Не өндірістік базасы жоқ, не білікті мамандары жетіспейтін жекеменшік фирмаларға оқ-дәріні залалсыздандыруға қалайша лицензия берілгеніне таңым бар?»дейді ол. Оның таңданысын, кімдерді тұспалдап тұрғанын тарқата түссек жіптің бір ұшы арнайы мамандығы жоқ адамдарды жұмысқа алғаны жиі айтылатын «Қазарсенал» ЖШС-ға барып тіреледі. «Жерсу» корпорациясының құрамына кіретін осы ғылыми-өндірістік бірлестік Арыстағы әскери қоймаға қоса еліміздің басқа да өңірлерінде оқ-дәріні залалсыздандыру жұмыстарымен шұғылданатын көрінеді. Әдетте телеарналардан жиі көрінетін «Жерсу» корпорациясының президенті, кәсіпқой бокстың белгілі демеушісі Бауыржан Оспановтың сын сағатта белсенді қимылымен көзге ілікпегені түсініксіз. Кінәлілерді қатаң жазалап, зардап шеккендерге, абайсызда ажал құшқандардың отбасыларына моралдық, материалдық жағынан көп көмек көрсетілуіне алдымен атсалысуы тиіс Бауыржан Оспановтың қайғылы оқиғаға байланысты қандай қам-қаракет жасағынан көпшілік бейхабар. Тіпті бірқатар ақпарат құралдары тұспалдамай-ақ «Қазарсенал» ЖШС қожайындары жұмысшылардың құқығын көпе-көрнеу аяққа таптайтынын, еңбек пен техникалық қауіпсіздік сақталуын талап еткендер қуғындауға, қудалауға ұшырайтынын қадап тұрып та айтты. Оқ-дәрі, қару-жарақ ұрлағанда із жасыру үшін әскери қоймада жарылыс жасау тәсілі тәжірибеде кеңінен қолданылатыны туралы да ақпарат тарады. Әйтеуір ресми мәлімет айтылмағандықтан Арыстағы апат төңірегінде әр алуан ақпарат мол. Қайсысы жел сөз, қайсысы жөн сөз, кім білсін?...
Біздің білетініміз құзырлы органдардың бірінен қолға әрең іліктірген құжаттарға жүгінсек жарылысқа тексеру жүргізген мамандар «Қазарсенал» ЖШС әскери қоймада қауіпсіздік ережелерін сақтамаған» деген қорытынды әзірлепті. Артиллериялық снарядтар өндірістік қондырғылармен жабдықталған, жарықтандырылған және гильзаларды жинайтын арнайы цехтарда залалсыздандырылмай ашық аспан астында жүргізілген. Темір гильзаны төңкеріп, қайта орнына қойғанда ұшқын шықпау үшін қауіпсіздік ережесіне сәйкес бос гильзаны резиналық төсеніштердің үстіне жайғастыру қажет. Жарылыс болған күні жұмысшылар төсеніштерді пайдаланбаған. Кешкі ауысымның жұмысшысы, оператор Қорғанов түсініктемесінде қараңғыда гильзалардан оқ-дәрінің шашылып түскенін алғашында байқамай қалғанын айтады. Сегізінші снарядтың бос гильзасын асфальтқа қойып, тоғызыншы снарядқа кірісер сәтте биіктігі 1 метр өрттің пайда болғанын көреді. Жанында тұрған әріптесі Доронинді шақырып, жалынды өшірмек болып резиналық төсенішпен жабады. Алайда, бұл әрекеттерінен түк шықпайды. Сәт сайын күшейіп келе жатқан тілсіз жау жақында тұрған оқ-дәрі жәшіктеріне тиіп көп ұзамай өрт қоймада сақталған снарядтарға да жеткен.
Жүк артушы Мұхамеджанов түсініктемесінде 4 адам болып штабельден алаңшаға 100 дана гильзаны тасығанын айтады. Жұмысшылар гильзаның ішінде қалып қойған оқ-дәріні алу үшін снарядты асфальтқа ұрғылаған. Бір кезде асфальтқа құлаған гильзаның дауысы естілді. Мұхамеджанов жалт бұрылып қарағанда снарядтардың жанында өрттің пайда болғанын байқайды. Жақын маңда өрт сөндіргіштер табылмаған. «Қазарсенал» жұмысшыларының нақты жұмыс орны болмаған. Бригадалардың құрамы жиі өзгеріп отырғандықтан, әркім қалаған цехқа барып жұмыс істей берген. Мұндайда қызметкерлердің біліктілігі мен арнайы рұқсатының бар-жоғы ескеріле бермегендігі де анық.
Мамандардың айтуынша, бос гильза асфальттің үстіне қойылғанда үйкелістен температурасы 1500 градусқа дейін жететін механикалық ұшқын пайда болады. Бұл бірінші болжам. Өрттің шығуына қатысты екінші болжам - электр желісіндегі ақаулар.
20 наурыздағы жарылыстың салдарынан шамамен 33 тонна «Тротил», 200 тоннадан астам «Гранипор» мен 2,3 тонна «Гексоген» жарылғыш заттары және 15000 данаға жуық снаряд көкке ұшқан. Жарылыс орын алған үш жерде диаметрі 20 метр, тереңдігі 6-7 метр шұңқырлар пайда болған.
1989 жылы Кеңес одағының әскерлері Ауғанстанды тастап шыққанда қыруар қару-жарақтың талайы Арыстағы әскери қоймаға әкелініпті. Тарихы тым әріден басталатын әскери қоймада 1943 жылдың 6 шілдесінде де жарылыс болыпты. Енді міне екінші рет...Арыстықтар мүмкіндік болса бұл әскери қойманың тұрғындар тұратын аумақтан алыс жаққа көшірілуін көздеп отыр.