«Дайын асқа тік қасық болу» абырой әпермейді

Oinet.kz 09-05-2009 2173

2018101112422369240_thumb.jpg

Жуырда 2009 жылға арналған облыстық бюджет тағы да қайта қаралды. Толықтырулар енгізіліп, қайта нақтыланды. Денсаулық сақтау министрлігі қосымша бөлген 2 миллиард 478 миллион теңгемен толығып,  облыс бюджеттіндегі қаржы 197 миллиард 270 миллион теңге болып бектілді. Дағдарыс дендеп бара жатыр деп дабыра қылғанымен қазынадығы биылғы қаржы былтырғыдан 18 миллиардқа артық. Әйтсе де соңғы он жылдағы облыстық бюджеттің ахуалын сарапқа салар болсақ, оның республикадан келетін трансферттерге қаншалықты тәуелді екенін айқын аңғаруға болады. 

Мәселен, 1999 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті небәрі 14 миллиард 800 миллион теңгеден сәл-ақ асатын. Ондағы республикалық трансферттердің үлесі 43 пайыз болатын.  Сол жылғы салық түсімдері  7 жарым миллиард теңгеге жетіп, бюджет кірісінің  54 пайызы алымдармен толықты. 2000 жылғы көрсеткіш те тәуір болды. 12 миллиард теңгенің салығы жиналып, облыстың бюджетке қосқан үлесі 59 пайызға дейін өсті. Енді соғы жылдардағы жағдайға назар аударайық. Былтырғы бюджетте республикадан түсетін трансферттік аударымдардың үлесі бірден 77 пайыздан асып жығылды. Ал, өз күшімізбен тапқанымыз бар-жоғы 20 пайызды құрады. Биліктегілер сөйтіп белі ауырып ақша табудың орнына, жоғарыдан келген оңай олжаны қалай жаратуға бас қатыратын болды.   Әрине мұны масылдық демеске лажың жоқ.   

Енді, қазынадағы қиындықсыз келіп жатқан сол ақша қалай жұмсалады деген мәселені зерделеп көрсек.  1999 жылмен салыстырғанда (6,5 миллиард теңге) 2008 жылы білім саласына бөлінген қаржы көлемі 10 есе артқан (70 миллиард теңге). Осыған қарап өңірде білім сапасы да күрт артып кеткен болар деген ойдың пайда болуы әрине заңды. Алайда, оңтүстікқазақстандық шәкірттер білімдарлар көшінің соңында әлі келе жатыр салпақтап. Қайта ұстаздардың біліксіздігі мен мектептердегі парақорлық өңірдің атын көпке әйгілеп  жатыр.     

Бюджеттің қаржысын жұмсауға келгенде шенеуніктер «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегенді берік ұстанатын тәрізді. Спорт саласына келсек, қарама-қайшылықтардан басыңыз айналып кете жаздайды. 1999 жылы бұл салаға қаржы жетіспей тым аз қарадлатын. Келесі жылы  облыс спортшылары Сидней олимпиадасынан ширек ғасыр шөліркеп күткен бір алтын, екі күміс медаль олжалап қайтты. Былтыр дәл осы салаға бөлінген қаржы бірнеше есе көп. Бейжің олимпиадасында есіл қаржының қайтарымы қандай болғаны  белгілі – 1 күміс пен екі қола медаль. Оның өзінде екі жүлдені шеттен шақырылған спортшылар  еншілегені әмбеге аян. 

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Мемлекеттен  бөлінген қаржы дұрыс игеріліп жатыр ма? Бұған көптің күмәні бар. Алысқа бармай-ақ, облыс әкімдігінің былтыр бірден 38 «Тойота-Камри» мен бірнеше «Джип» автокөліктерін сатып алғанын  мысал ретінде келтірсек те жеткілікті.  Бюджеттің қаржысын жарату әкімдер үшін шиборбай балалардың бәске тігіп ойнайтын кәмпиттің қағазын табудан да оңай. 

Сонымен бюджеттің 10 жылда 14 есеге көбейгеніне  бір жағынан қуандық, бір жағынан мұңайдық. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының  жылдан-жылға арттып келе жатуы әрине жақсы. Соның арқасында тозығы жеткен жол мен  мектептер жөнделіп қана қоймай, жаңа білім ұялары, ауруханалар салынса  әлеуметтік жағдайдың жақсара түскені де. Бірақ мәселенің екінші ұшы  трансфертке дәніккен  әкімдер соңғы кезде «дайын асқа тік қасық» философиясына тым беріліп кеткен сыңайлы. Өйткені кәсіпкерлікті дамытып, табан ақы, маңдай термен табыс табудың орнына алдына алып келген асты жұтуға дағдыланған  шенеуніктердің дағдарыс кезінде не істерін білмей, сасып қалғаны  көрініп тұр. 

Ғашықтар күні "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" ұлттық мерекеге айналады
Аралас неке - адасқан бақыт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу