ОҚО-да «таза су» көлденең табыстың көзі болып тұр

Oinet.kz 20-02-2009 980

Screenshot_1.jpg

Елбасының бастамасымен елімізде «Таза су» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қолға алынып облыстық мәслихаттың шешімімен елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде 2005-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарлама қабылданған еді. Облыстық прокуратураның мәліметтеріне сүйенсек,  қазір облыста 372 елді мекенде ғана орталықтандырылған су құбырлары бар екен. Оның өзінде 26 елді-мекенде су құбырлары істен шығып, жарамсызданған. 42 құбырдың санитарлық қорғау аймағы бұзылса, 213 құбырға су залалсыздандырылмай беріледі. Ал 72 құбырға меншік иесі осы күнге дейін белгіленбеген. Демек, бұлар да қараусыз қалған құбырлардың қатарын толықтырады деген сөз. Ал аурудың көбі сапасыз ауыз судан тарайтыны әлдеқашан дәлелденген дүние.

219 елді мекенде ауыз су тек белгіленген уақытпен беріледі. Облыс аумағындағы барлық аудан, қалада ауыз мәселесі күн тәртібінде тұр десек те Шардара, Бәйдібек, Қазығұрт, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 39 пайыздан аспайды. - Өкінішке орай, «Таза су» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысында заң бұзушылықтар жылдан-жылға жалғасып келеді, - дейді облыстық прокуратура басқарма бастығының орынбасары Марат Сматов. – Бұрынғы жылдары мердігерлер қолданыста болған, ескі құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы айласын асырса,  қазір бюджет қаржысын талан-таражға салудың басқа да тәсілдерін меңгеріп алыпты.

Мәселен, «Проектировщик» ЖШС дайындаған жоба-сметалық құжаттамасында Мақтарал ауданы Ленинабад және Абибулла ауылдарында 215 метр тереңдіктен су алуға болады деп көрсетілген. Алайда, осындай тереңдіктен алынған судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейді. 35,6 миллион теңге қаражат жұмсау арқылы алынған судың құрамында сульфаттар мен хлоридтер тым көп, тұзды. Дәл осындай суды қыруар қаражат жұмсамай-ақ, кәдімгі құдықтардан да алуға болады екен. Осылайша мердігер, біріншіден, қулыққа бару арқылы халықты алдап, ортақ қоржынға қол салса, екіншіден, қолдану мерзімі өтіп кеткен зерттеу қорытындысын басшылыққа алып, заңдылықтан аттап өткен. Ал бүкіл заңдылықтың сақталуын қадағалап, жобаға қорытынды беретін «Оңтүстікмемсараптама» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының көзжұмбайлық танытуының астарында не сыр бары айтпаса да түсінікті. 

Көптеген жобалар су құбырларын тұтынушының үйіне дейін жеткізудің орнына магистралды су құбырын салумен ғана шектелген. Ал бұл жобадан ауытқуға, атқарылмаған жұмыстарды қосып жазуға таптырмайтын тәсіл болып табылады. Мәселен, Сарыағаш ауданы Абай ауылы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2006-2008 жылдары 290,2 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Енді қараңыз, нысан өткен жылдың 15-тамызында пайдалануға қабылданса да, 18 мың халқы бар Абай ауылының тұрғындары ауыз су азабынан құтылатын күнге әлі де қол жеткізе алған жоқ. Себебі, жоба магистралды су құбырын салуға ғана арналған. Ендігі жерде жергілікті тұрғындардың әрқайсысы суды үйіне өз күштерімен тартады ма, әлде үйіне дейін жеткізетін жаңа жобаның жасалуын күтеді ме? Сонда құны 300 миллион теңгеге жуық  жарымжан жобаның жергілікті тұрғындарға қаншалықты пайдасы бар? Осыған оң баға беріп, жобаны қабылдаған мемлекеттік сарапшылардың да тірлігі түсініксіз. 

«Салқын-2001» ЖШС 2005 жылы Ордабасы ауданындағы Төрткөл елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету конкурсының жеңімпазы болған. Қолында техникасы жоқ мердігер қайдан сапалы жұмыс істесін? Жобада диаметрі 250 мм. деп көрсетілген құбырдың орнына 2 шақырым жерге 160 миллиметрлік құбыр салынған. Тек осы қитұрқылығы арқылы жеке әмианына 5,5 миллион теңге кіріс кірген. Жалпы жобаны орындау барысында 11 миллион теңгеден астам атқарылмаған жұмысты қосып жазып жіберген. Осы секілді келеңсіздіктердің салдарынан 2006 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс су құбыры әлі күнге дейін іске қосылмаған. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот 14.05.2008 жылы «Салқын-2001»ЖШС-нан келісім-шарттың мерзімін бұзғаны үшін 15 миллион  896 мың теңге үстемақы өндіруге шешім шығарғанымен, оны өндіру мүмкін болмай отыр. Себебі, бұл серіктестік әу баста-ақ И.Сәрсенбаев дегеннің құжатын пайдалану арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында  құрылғаны анықталды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс те қозғалды. 

  Мақтарал ауданының Қарақай, Ленинабад және Ақниет ауылдарында су жүйелерінің құрылысын қабылдау жөніндегі актіге өткен жылдың жаз айларында аудан әкімінің орынбасары Шоқан Кенжеев басқаратын  8 комиссия мүшесі толығымен қол қойған. Бұл нысандарда жобада қарастырылған 27 су таратқыш жәшік, 27 бақылау құдықшасының қақпақтары орнатылмаған және санитарлық аймақтарға көгалдандыру жұмыстары жүргізілмеген. Атқарылмаған осы жұмыстардың құны 1,4 миллион теңгеге тең келеді. Шенеуніктердің мердігерлерге келгенде «мырзалықтары» да таңқаларлық жағдайда. Екеуара жасалған келісім-шартта жобаға қаралған қаржының соңғы 5 пайызы құрылыс аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясы пайдалануға қабылданғаннан кейін аударылуы тиіс екендігі көрсетілген. Осыған қарамастан, Бәйдібек аудандық құрылыс бөлімінің меңгерушісі А.Тілеуқабылов «Оңтүстік Құрылыс-ТУ» ЖШС-ның есеп-шотына қолға алған құрылыс жұмыстары аяқталмаса да әлгі айтылған 5 пайыздық 6,4 миллион теңгені толығымен аудартып жіберген. «Қаражатты түгел алдым, енді қалған жұмысты істемесем де ұтылмаймын» деді ме, әйтеуір аталған құрылыс осы күнге дейін аяқталмай тұр. Ауыл адамдары болса ауыз суды  күтіп отыр. 

Аудандардағы қалыптасқан ахуалдардың барлығы бірінші басшыға тікелей байланысты екені белгілі. Басқа-басқа, Елбасының өзі тапсырған, көптеген ауылдықтарды азапқа салған, көз алдындағы, иек астындағы ауқымды тірлікке тиянақты бақылау жасай алмаған аталған аудандардың әкімдері Марғұлан Марайым, Садық Кенжебаев, Нұржан Әжіметов, Ұласбек Сәдібеков, Бейбіт Сыздықов пен Мақтааралдың бұрынғы әкімі Омарбек Нұржанов қайда қараған? Ай қарап жұлдыз санап жүрген бе? Келеңсіздіктерге көпе-көрнеу көзжұмбайлық танытқандарына қарап мұны жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа баласақ, « ұсталмаған ұры емес» демекші, әкімдердің қай-қайсысы да айтылған сынмен келіспей ат-тондарын бауырына алып тулайтыны даусыз. 

Міне, айта берсек, «Таза су» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан тірліктер осындай былықтарға толы. Ал «Таза судың» «тағдырын» тікелей бақылауға алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев қашан көрсең де таза суға байланысты тірлікті тамаша деуінен танбайды. Бәлкім шенеуніктердің «тамашасы» осындай тамаша шығар?!                                                                    

Шадияр Молдабек,

«Заң», «Қазақстан-Заман»газеттерінің меншікті тілшісі

Халқының әл-ауқаты жөнінен Қазақстан әлемде 56 орында
Бағдат Шайманов: «Санақтан соң Шымкентте қанша халық тұратыны белгілі болады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу