Арықтаймын деп жүріп ажалына жолықты

Oinet.kz 17-01-2009 1237

9651722-i7o8o.jpg

«Арықтау.  Диета талап етпестен аз ғана күннің ішінде 5-30 келіге дейін салмақ тастауға көмектесеміз...». Газеттен, теледидарлардан түспейтін бұл жарнама негізінен қыз-келіншектерді еліктіріп, желіктіріп жатады. Бірақ, сіз білесіз бе, «сынымды бұзбай, сымбатымды, сұлулығымды сақтау үшін артық салмақтан арыламын» деп дәрігердің кеңесінсіз өз-өзіне тәжірибе жасаудың ақыры қайғылы оқиғамен аяқталуы әбден мүмкін.  

  «Небәрі жиырма жастан енді асқан қызымыздың өмірі қыршынынан қиылды. Ешқайсысымыз күтпеген қайғылы оқиға. Ашығына көшсек арықтаймын деп жүріп аңдамай ажалына жолықты. Мұндай тосын қайғыны бастан кешірген біз ғана емес екенбіз. Көпшілігі әлі отау құрып үлгермеген қаршадай қыздар, шиеттей бала-шағасы бар жас келіншектер. Алайда олардың ағайын-туысы  жұмбақ өлімнің шындығын мойындаудан қашады.  Жұртқа айтуды ар санайды, намыс көреді. Біз-ақ ұятты, жалған намысты жиып қойып, шындықты елдің естігені жөн деп шештік. Өзгелердің өміріне төнген қауіпті көріп, біліп тұрып, сақтандырмауға, көз жұма қарауға жанымыз шыдамады».  «Жас Алаштың»  облыстағы тілшілер қосынына марқұм қыздың анасы, ағасы және нағашысы үшеуі Түркістан қаласынан арнайы іздеп келіп, ой-пікірлері газет бетінде жариялануын өтінді. Оқиға былай өрбіген екен.

   Қарағандыда сауда-саттықпен айналысып жүрген 21 жасар Береке Ералықызы ойда-жоқта ауруханаға түседі. Кенеттен қан құса бастаған қызды жан-жақты тексерген дәрігерлер бастапқыда «өкпесі қабынған» дейді. Бұл кезде  әлі күздің күні  суытып үлгермеген еді. Берекенің жұмыс істейтін жері де жылы. Сондықтан дәрігерлердің диагнозына қыздың туысқандары күдік танытқанмен бәрібір басқа амалдары болмай оның 3 апта ауруханада емделуіне қарсылық білдірмейді. Алайда емделуден ешбір өзгеріс байқалмай 2 аптадан кейін қайтадан ауруханаға апарады. Берекенің жанашырларының  әуел бастағы күдігі бекер емес екен. Оған бұл жолы «қатерлі ісікке шалдыққан» деп диагноз қояды. Онкологтар ойласа келе осындай диагнозға бірауыздан тоқтағандарымен қатерлі ісіктің бұлайша бірдестен пайда болып, тым жылдам дамығаны оларға да жұмбақ күйі  қалған. Арада бірнеше күн өткенде байғұс қыз бақилыққа аттанады. 

     Келер жылы өзі  сырттай оқитын жоғарғы оқу орнын бітіріп, мамандығы бойыншы жұмыс істеуді армандап жүрген Берекенің жұмбақ өлімінің құпиясын туған-туыстарының өздері анықтапты. Бар бәлекетке себепкер арықтауға арналған қытайлық «Си Шу» дейтін дәрі болып шыққан. Әлгі марқұм қыз ауруға шалдығардың алдында 3000 теңгеге әлдекімдер қолдан сатып кеткен сол дәріні пайдаланыпты. 30 данадан тұратын дәрінің 25-ін ішіпті. Қалған дәрінің біреуін су толы кесеге салып көргенде кесе ілезде құрғап шыға келген. Берекенің өлерінен бұрын суды өте көп тұтынғаны осыдан болса керек. Анасының айтуынша арықтаймын деп ажалына жолыққандардың талайының туысқандарымен тілдесіпті. Барлығы ойласқандай «бақилыққа аттанған адам қайтыс боларының алдында қытайлық дәрі ішкенін» алға тартқан. Солардың бірі артында төрт бірдей шиеттей бала-шағасы жылап қалған келінінің өлімін дәрігерлерге жан-жақты тексерткенде « ішегінен капсуладағы қытайлық дәрі арқылы түскен ұзындығы 55 сантиметрге дейінгі құрттар табылған». Құрттар өкпедегі, бауырдағы, жұлындағы, жалпы ішкі ағзадағы майлы жердің бәрін жеп тастағаны белгілі болған.  

  Мәселе мынада. Шекара асып келіп жатқан мұндай ажал шақыратын дәрілер кедендік бақылаудан қалай өтіп кеткен? Сертификатсыз, мемлекеттік тіркеуге алынбаған дәріні  қолдан-қолға емін-еркін сатқызып, жауапты мекемелер ай қарап, жұлдыз санап жүр ме? Президент Н.Назарбаевтың ауыр сынынан соң министр Дерновой бастаған денсаулық сақтау саласындағы бірқатар басшылар таяуда қызметімен қош айтысты.  Бірақ бұл қытайлық дәрінің кесірінен қара жамылып қалған отбасылардың қайғысын жеңілдетеді дейсіз бе?

Ғалымжан Елшібай, 

Оңтүстік Қазақстан облысы 

Бақыт Сыздықова, Мәжіліс депутаты: «Заңға көп күйеу алу туралы норма енгіземін»
У.Қайназаров бастаған шенеуніктер қан тапсырып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу