​Төребек Байтасов: «Жібек жолы» әкемнің аманаты»

Oinet.kz 09-08-2019 2240

Screenshot_10.jpg

Төребек Байтасов, тележурналист

-         Әкеңіз Төрегелді Байтасовтың қазақ жұртшылығы үшін есімі ерек. Оның қазақ журналистикасындағы қалған іздерін атап өтсеңіз...

-         Әкем Төрегелді Байтасовтың есімі  Орта Азия көлемінде  тәуелсіз журнал шығарған ең алғашқы қазақ ретінде тарихта қалғаны мәлім. Аласапыран, күн көрісі қиын кезеңде тәукелге бел буып, журнал ашуды нағыз ерлік деп білемін. «Жібек жолы» дін, тарих, әдебиет туралы айтуға, жазуға қорқатын тұста небір шындықтың бетін ашқан басылым болды. Қазаққа Мұстафа Өзтүрікті таныстырған, Тәуе ханның «Жеті жарғысын» алғаш журнал бетіне жариялаған, елдікті қозғаған да осы «Жібек жолы» еді. Одақ тарағасын өңірдегі жазушы, ақындардың жұмыссыз қалған кезінде әкем барлығын бір шаңырақтың астына жиып, жалақымен қамтамасыз етіп отырды. 1993 жылы ол «Жібек жолы» баспасын құрды. Онда тарих, әдебиет, мәдениет, намаз секілді тақырыптарды қозғаған алғашқы кітаптарды баспадан шығарып отырды. Әлі күнге дейін Түркия, Моңғолияның  ғалымдары елге іссапармен келген кезде «Жібек жолы» журналын таппай қалдық, Қазір бар ма?» деп сұрайды. Олардың  «Моңғолия, Қытай, Германия, Франция қазақтары кезінде Отанды, қазақты, дәстүрді, тілді ұмытып кетпейік деп іздеп жүріп оқығанын»айтқаны көңіл толқытады. Бұл Төрегелді Байтасовтың еңбегінің еш кетпегенін, журналдың мәртебесінің биік болғанын көрсетеді. Кейіннен әкем «Тәуекел» газетін шығарды. Аталған басылымда да қоғамдық-саяси тақырыптарды тереңірек қозғап, елдің мүддесі үшін қызмет етті.

-         Жалпы әкеңіз өмірде қандай адам еді?

-   Мен әкемнен 13 жасымда айырылдым. Ол «жігіттің құны-жүз жылқы, ар-намысы мың-жылқы» дегенді жиі айтып отыратын. Замандастары, қаламдастары оның ең алдымен азаматтығын, бір сөзділігін еске алады. Ар-намысын бәрінен де жоғары қоятын. Нағыз «Атымтай Жомарттың» өзі еді. Оның көзін көрген, шапағатын сезінген жандар әлі күнге дейін баспадан кітабын тегін шығарып бергендігін айтып жүреді.

-         Әкеңіздің орындалмай қалған арман-тілектері бар ма еді?

-      Ол өз естелігінде «тұңғышым менің жолымды қуады» деп жазып кеткен екен. Менің журналистика саласын таңдауыма  әкемнің осы өсиеті себеп болды. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей оның бұл арманы орындалды деп білемін. Ал «Жібек жолы» журналы әкемнің маған қалдырған аманаты. Сол себепті алдағы уақытта журнал шығаруды жалғастырып, журналистика саласында өз қолтаңбамды қалдырғым келеді.        

Мұрағаттан, 2016 ж

Мұхамеджан Тазабек: «Сұрағына қате жауап тапқан адам түбі оңбайды»
Зәуре Оралбаева: «Тілшілерге ынтымақ жетіспейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу