Экобазарда жәрмеңке өтті

Oinet.kz 20-08-2024 589

image.png

Әне-міне дегенше жаздың жайралы күндері аяқталып, қоңыз күздің салқыны басталуға жақын. Бұл дегеніңіз жаңа оқу жылының жақындағанын білдіреді. Қыркүйек таяған сайын ата-ананың басты мәселесі балаларын сабаққа дайындау. Киім-кешегі, оқу құралдарын түгелдеу дегендей... Күз жақындағаннан базардағы кеңсе тауарлары мен оқушы киімдерінің бағасы шарықтап кететіні бар. Осы орайда Түркістан қаласының әкімдігі  базар, сауда орталықтарының бағасын үнемі бақылап, тұрақтарып отырады. Тіпті тұрғындар үшін апта сайын азық-түлік, өзге де тұрмысқа қажетті тауарларды  нарықтағыдан да төмен бағада ұсынатын жәрмеңке ұйымдастырып тұрады.   Бүгін Түркістан қаласындағы «Эко базарда» осындай  жәрмеңкенің бірі өтті. Шараның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде мектеп тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатып алуға жағдай жасап, дайындықты жеңілдетуге бағытталған.  Аталған жәрмеңкеде оқушыларға арналған оқу құралдары, кеңсе заттары, сөмкелер, мектеп формасы мен аяқ киімдер төмен бағада сатылды. «Мектепке жол» акциясы барысында өткен жәрмеңкеге 26 кәсіпкер қатысты. Ата-аналарға көмек болған жәрмеңке екі күнге созылды. 

Жалпы шаһардағы «Эко базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері Түркістан облысының ауыл шарушылық өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде өтуде.  Экобазарда Түркістан облысы мен басқа да облыс, қалалардың диқандары өз өнімдерін саудалай алады. Аталған сауда кешені жаңа автовокзал маңында орналасқан. Онда өзге облыстар мен Өзбекстанға көліктер қатынайды. Заман талабына сай сауда орталығында қала тұрғындарына және Түркі елінің рухани астанасына келетін туристерге қолайлы сауда жасауға барлық жағдай жасалған. Базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қойма бар. Сонымен бірге, «Grand Bazar Yassy & EcoBazar» Экобазары келушілерге қонақ үй, демалатын орындар, ойын-сауық кешендерін мен фудкортты ұсынады.  Қауіпсіздікті сақтау үшін күзет қызметкерлері жұмыс істейді, бейнабақылау камералары орнатылған. Барлық санитарлық нормалар сақталған. Базарда электронды және ақылды қоларбалар іске қосылған. Сондай-ақ, базарда кәсіпкерлер үшін «Яссы бизнес» бағдарламасы арқылы 4 пайызбен 5 жылға 60 миллион теңгеге дейін кепілдік арқылы несие беріледі. Бұл жөнінде Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен келісім жасалған.  «Экобазар – дәстүрлі ауыл шаруашылығы нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары. 14 гектар жерге орналасқан базарда 3000-ға жуық сауда орны бар. Оның ішінде 900 орын – азық-түлікке, 1500 орын – киім-кешекке, 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына арнайы жабдықталған. Жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалған. Көтерме бағадағы бұл базар диқандардың өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдау шығынын азайтуға өте қолайлы болмақ», – дейді Экобазардың бас директоры Бақнұр Аюбек. 

Мұнда сауда жасайтындарға қыста – жылы, жазда – салқын демалыс орындары, жуынып-шайынатын кең бөлмелері, шахмат, теннис ойнайтын залдары, асханалары, саудалайтын өнімдерді дереу тексеріп отыратын санитарлық қызмет орындары, шағын емханалары, ойын-сауық, жиын өткізетін залдары секілді адамның өмірі мен денсаулығына, еңбек етуіне қолайлы нәрсенің бәрі бар, аймағы атшаптырым тұтасқан ғимараттар кешені болса, мұндай базарларды «қала сәнін бұзады» деп ешкім айта алмас еді. Мұндай базарлар қаланың көркі, мақтаны болып, тұрғындардың тұрмыс-тірлігін де байқататын халық ең көп шоғырланған тамаша орынға айналуы әбден мүмкін. Осы орайда, киелі шаһардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында экобазар қалаға көрік беретіндей сәулетті де сәнді, тынысы кең, заңғар биік болып салынды. Қазір мұнда сауда қыз-қыз қайнап, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.  Мұнда балаларға арналған ойын-сауық орталығы, банктер, фуд-корттар, санитарлық қызмет орындары сынды тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, еңбек етуіне қолайлы орындардың барлығы болады.

Сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары
Үмітті ақтаған жоба
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу