Үмітті ақтаған жоба
Түркістан қаласында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аймақ әу баста облыстың қаржылық әлеуетін арттыруды, кәсіпкерліктің тыныс кеңейтуді, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика қызметтерінің сапасын жақсартуды басты мақсат тұтты. Turkistan арнайы экономикалық аймағын құру мен дамыту жоспары 2043 жылға дейін жасалған. Межелі мерзімге дейін аты аталған аймаққа 1,2 миллиард теңге тарту көзделген. Үкімет қаулысы бойынша, Turkistan арнайы экономикалық аймаққа бөлінетін қаржыландыру сомасының 60 пайызы шетелдіктердің үлесінде болады.
Айта кетейік, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының құрылу мақсаты - Түркістан қаласын жедел дамыту еді. Және де Түркістан қаласының туристтік әлеуетін арттыру және Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптасуы және туристтердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристтік инфрақұрылымды дамыту, туристерге қызмет көрсетуге арналған бірыңғай ақпараттық база құру болды. Арнайы экономикалық аймақ аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 1938,0 гектарды құрайды. Арнайы экономикалық аймақ аумағының құрамына 4 қосалқы аймақ кіреді: ауданы - 188,0 гектар тарихи орталық, ауданы - 1350,0 гектар әкімшілік-іскерлік орталық, ауданы 365 гектар және 35 гектар өндіріс аймақтары.
Түркістан қаласында құрылған «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы қызметтің басым түрлері - туристтерді орналастыру орындарын, санаториялық және сауықтыру нысандарын салу және пайдалануға беру, инфрақұрылым нысандарын, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу және пайдалануға беру, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, мұражайларды, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін салу және пайдалануға беру, өндіріс және қайта өңдеу нысандарын салу және пайдалануға беру, құрылыс материалдарының өндірісі, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, дайын металл бұйымдарының өндірісі. Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы салықтық жеңілдіктер кәсіпкерлерге мол мүмкіндік сыйлайды. Айта кетсек, корпоративтік табыс салығы (КТС), жер салығы, мүлік салығы, қосылған құн салығы (ҚҚС) әжептеуір көмек. Және де арнайы экономикалық аймақ аумағындағы қатысушыларға ұсынылатын кедендік жеңілдіктер де бар. Нақтырақ тоқталсақ, Арнайы экономикалық аймақ аумағына тауарларды әкелу кезінде кедендік баждардан босату, 25 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) жер учаскелерін беру кез-келген кәсіпкердің аяқтан тұрып жұмысын жандандырып әкетуіне зор мүмкіндік екені айтпаса да түсінікті. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы Financial Times «Global Free zones of the year 2019» халықаралық рейтингісінде жетекші экономикалық аймақтардың бірі болып танылды. Бұл жаңалық Түркістанның экономикалық тұрғыдан дамуына елеулі ықпал етті. Бұл типтегі жеңістер Түркістан қаласын өзіне лайық деңгейге көтиерілуіне көмек беріп, халықаралық деңгейдегі инвесторларды тартуына мүмкіндік жасайтыны сөзсіз. Тек 2018 жылы құрылған «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы әлемнің үздік экономикалық аймақтарына лайықты бәсекеге ие болды және үш номинацияда SME Winner –Asia-Pacific (ШОБ жеңімпазы - Азия-Тынық мұхиты өңірі), Editor ' s choice awards - Ones to watch (редакторды таңдау – назар аударуға лайықты), Bespoke awards – Marketing slogan (арнайы марапат – маркетингтік ұран) жеңіске жетті. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының жеңісі бизнесті қолдау, брендті серпінді дамыту және жылжыту саласында инвестициялар тарту және де жеткен жетістіктер бойынша белсенді жұмысы үшін берілді. Бұл нәтиже «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының дұрыс даму стратегиясы мен басқару тиімділігінің сөзсіз көрсеткіші болып табылады. Әрине, осы тұрғыда «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының Түркістан қаласының экономикалық дамуына үлес қосып отырғаны мақтан тұтарлықтай жайт.
Бұл аймақтар – өндіріске инвестиция тартудың негізгі алаңдарының бірі. Себебі, оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Атап айтқанда, кәсіпорын ашу үшін инвесторға барлық инфрақұрылым желілері жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Оған қоса мұндағы компаниялар жер салығы, мүлік салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылады. АЭА аумағында тауар өндірушілерге электр қуаты арзандатылған тарифпен беріледі. Сонымен қатар, экономика ғылымдарының кандидаты Мадияр Кенжеболат бұған дейін «Turkistan» АЭА туралы былай деп еді: «Барлық арнайы экономикалық аймақтар үшін ортақ бір мақсат бар. Ол – Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеру және экспорттық тауарларды әртараптандыру. Біздің экономикамыз көбіне-көп шикізатқа арқа сүйеп келгендіктен, оған шектен тыс тәуелді болып қалдық. Мұнайдың бағасы құлдыраса, дағдарыс басталып кетуі мүмкін. Соңғы жылдары шикізаттың шылауынан шығып, тауарларды тереңдетіп өңдеуге, экономиканы барынша әртараптандыруға тырысып жатқанымыз осыған байланыс¬ты. Бұл орайда басқа арнайы экономикалық аймақтармен қатар, «Turkistan»-ға да салмақты міндет жүктелуі тиіс. Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанның басшылығына жаңа президент келгеннен кейін мемлекет басқа елдерге есігін айқара ашты. Ал 30 миллион халқы бар ел – үлкен нарық. Егер «Turkistan»-да өндірілген өнімдер Өзбекстанға шығарылса, бұл үлкен жетістік болады. Оған қоса, біздің оңтүстік өлкеміздің өзінің халқы да 3 миллионнан асады. Еліміздегі халық саны ең көп аймақ – осы Түркістан облысы. Іргелес орналасқан Жамбыл, Алматы облыстарының, Алматы қаласының да айтарлықтай көп халқы бар, үлкен нарығы бар. Яғни, «Turkistan»-да өндірілген тауарларды тұты¬натын халық жеткілікті. Осы жағынан алғанда, арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті өте зор деуге болады». Дәл осылай деген ғалым арнайы экономикалық аймақтың болашағы зор екендігін нық сеніммен баяндаған еді. Расында да бұл жоба үмітті ақтады.