Түркістанда шұлық тоқылады
«Түркістан» ӘКК» АҚ – ы тарапынан облыс орталығында орналасқан «TURKISTAN» индустриалды аймағындағы Brownfield өндірістік ғимаратына инвесторлар тартылып, шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорны іске қосылды. Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысып, кәсіпорынды аралап көрді. "Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды. Біздің басым бағыттарымыз – инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты әлі де жандандыра түсуі керек. Инвестиция тарту жұмысы жыл, он екі ай бойы үздіксіз жүргізілсін. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі мәселелер бар. Нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді тіркеп, есепке алу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікке тұрғындарды ынталандыру, қолдау көрсету жұмыстарын жандандырыңыздар",- деді облыс басшысы.
Бұл жобаның құны – 1 миллиард теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.
Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 миллиард теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр. Бүгін аталған жоба да таныстырылып, өнімдер жұртшылық назарына ұсынылды.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2023 жылы Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын. Сол келіссөздер нәтижесінде өңірде бірқатар жоба жүзеге асады деп жоспарланған.