Сэндвич-панель шығаратын зауыт ашылады
Түркістан қаласында өндірісті дамыту, зауыттар ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Жақында Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар қатысқан болатын. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Аталған өнеркәсіпте өндірілетін сэндвич-панельдер келешекте өңірдегі іске асырылатын жобалардың құрылысына қолданылады», деді Дархан Сатыбалды. Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 миллиард теңге. 32 астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылмақ. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. «Panel Sistem KZT» компаниясының бұл жобасы биыл жүзеге асады.
Сонымен қатар «TURKISTAN» 2 индустриалды кәсіпорны ашылды. Жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 миллиард теңгені құрады. 50 жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.