Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Түркия полициясы «Ислам мемлекеті» қарулы тобына қатысы бар деп күдікке ілінген 33 адамды ұстады. Полиция болжамынша, олар жергілікті сайлау қарсаңында шабуыл әзірлеген.
Түркияда жалпыұлттық муниципалдық сайлау 31 наурызда өтеді. Терроризммен күрес жөніндегі полиция елдің солтүстік-батысындағы Сакарья қаласында рейд кезінде қару, қағаз ақша және құжаттар табылғанын хабарлады. «Ешқандай террористерге төзбейміз. Күштік құрылымның талпынысының арқасында күресімізді үздіксіз жалғастыра береміз»,– деді Түркия Ішкі істер министрі Әли Ерлікай. Оның сөзінен AP үзінді келтіреді.
Оның сөзінше, ұсталғандар мешіт пен медреселерде заңсыз жұмыс істеп, "Ислам мемлекеті" ұйымына қаржылай қолдау көрсеткен. Кейінгі он жылда Түркияда "Ислам мемлекеті" радикалды ұйымына қатысы бар көп шабуыл болған. Қаңтарда Стамбулдағы шіркеулердің бірі атқыланып, нәтижесінде бір адам қаза болды. Аталған топ ел тарихындағы ең қанды оқиғалардың бірі – 2015 жылдың қазан айында Анкарадағы бейбіт митингіде болған шабуылға да қатысы бар. Ол кезде шабуылдан жүзден астам адам қаза болған, 246 адам жараланған.
Айта кетелік, Түркияда наурыз айының соңында өтетін муниципалды сайлау елдің қазіргі Президенті Режеп Тайып Ердоған үшін соңғысы болмақ. Саясаткер 2028 жылы президенттіктен кеткеннен кейін АКП-ның консерваторлары билікте қала беретініне сенім білдірді. Бұл туралы мемлекет басшысы TUGVA жастар ұйымының отырысында мәлімдеді. Ердоған заңнама бойынша өзіне берілген өкілеттіктерге тоқталды. Сонымен бірге, 70 жастағы саясаткер өзі жетекшілік ететін консервативті Әділет және даму партиясы Ердоған мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін де билікте қалатынына сенім білдірді. «Жұмысымды үздіксіз жалғастырып келемін. Себебі бұл мен үшін мәре. Заңның маған берген өкілеттілігіне сәйкес бұл менің соңғы сайлауым. Бірақ бұл жерде шығатын нәтиже менен кейін келетін бауырларым үшін аманат кезеңі болмақ. Сондықтан соған сәйкес пысықтап, нық қадамдар арқылы басқа көзқарастағыларға 31 наурыз күні жауап қайтарайық. 1 сәуірден бастап жаңа дәуірді бастайық», – деді Ердоған. 30 жылда 17 сайлауда жеңіске жеткен Ердоғанның бұл сөздері түрлі пікірталастарға жол ашты. Жергілікті БАҚ, билеуші партия үшін әлеуметтік эксперимент және Конституцияға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы ескерту, жергілікті сайлауда өз партиясы үшін көбірек дауыс алу мақсатында жасалған қадам, партия ішіндегілердің осы мәлімдемеден кейінгі әрекетін көру үшін жасалған әлеуметтік эксперимент деп жазды. Көп ұзамай бұрынғы Әділет министрі және Парламент төрағасы орынбасары Бекир Боздағ көптің сұрағына жауа берді. Оппозициялық партия атынан сайланған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұның да жауабы кешікпеді. Мұның жергілікті сайлауға әсер ету мақсатында жасалғанын меңзеді. «Сіз жуырда ғана Президент болып сайланған жоқсыз ба? Бұл халық сізге Президентті сайлау үшін дауыс берді емес пе? Тағы төрт жыл міндетің жоқ па? Бұл сайлау 10 ай бұрын аяқталды. Естеріңізге сала кетейін: Бұл муниципалды сайлау, бұл Ыстамбұл сайлауы. Қарсыласымыз кім деп шатастыра бастадық. Қызық, біздің қарсыласымыз расында кім? «Ол басқа жерге кандидат, біз оны білмей қалдық па?», – деді , Экрем Имамоғлұ.
70 жастағы сақа саясаткер Ердоған саяси мансабын 1994 жылы Ыстамбұл мэрі ретінде бастаған. 1999 жылы «Әскер тілегі» өлеңін оқығаны үшін төрт ай абақтыға қамалды. Бұл оқиға оның саяси мансабында жаңа кезең іспетті. 2003-2014 жылдар аралығында Премьер-министр. 2014 жылынан бастап Президент қызметін атқарды. Үшінші рет 2023 жылы президенттікке сайланған Ердоғанның өкілеттілігі 2028 жылы аяқталмақ. Әлемді мойындатқан көшбасшының екі ұл, екі қызы бар.