Жаңа кандидаттар "Жаңа Қазақстанды" жарылқай ма?

Oinet.kz 08-02-2023 1082

Кеше, 7 ақпанда көптен күткен «Аманат» партиясының съезі өтіп, онда Мәжіліске  ұсынылған кандидаттарды тізімі бекітілді. Көптен күтетіндей жөні бар. Бұған дейін «Аманаттың» биліктің партиясы болғаны рас. Төрағалықта президенттің өзі болса, өңірлік филиалдарындағы тізгін әкімдердің қолында тұрды.  Қаңтар оқиғасынан кейін Президент те, әкімдер де төрағалықты тапсырды. Әрине, құжат жүзінде. Ал шын мәнінде биліктің «Аманатқа» деген ықпалы қаншалықты өзгерді? Көпшілікті қызықтыратын осы сауал. 

Screenshot_1.jpg

«Аманаттың»  төрағасы Ерлан Қошанов жуырда партия атынан  облыстық мәслихаттарға ұсынылған кандидаттардың 75 пайызға жаңарғанын атап өтті. Енді 75 пайыз жаңарған партия мәслихаттағы  мандаттарды бұрығысынша 75-80 пайыз иелене ала ма? Әліптің артын бағалық.   

Ал,  Мәжіліске ұсынылған кандидаттарды жаңарту бұдан да қарқындырақ жүрген сияқты. Кешегі съезде «Жаңа Қазақстаннан» бөлек, «жаңа адамдар», «жаңа есімдер» деген сөздер көп аталды. Осындай науқаншылықтың салдары ме, Мәжіліске Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан ұсынылған үміткерлер 100 пайызға жаңарып шыға келді. Бұған дейінгі Мәжіліс депутаты болғандардың ешқайсысы  жаңа тізімге енген жоқ. Неге?

Мандаттан айрылған депутаттардың біразы бұған дейін Мәжілістің бір емес, екі шақырылымына депутат болғандар. Мәселен облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымына депутат, оның ішінде мәслихат хатшысы, ал соңғы екі шақырылымда Мәжіліс депутаты болған Құдайберген Ержанның енді біреуге өкпелейтіндей жөні жоқ-ау. Бір кездері Бас прокурор, Жоғарғы соттың, Конституциялық кеңестің, Сенаттың төрағасы болған Қайрат Мәмидің бажасы  делінген Қ. Ержанның осыменен құрметті демалысқа кететіні айтпаса да түсінікті сияқты. Басты себеп бажасында баяғыдай билік болмай тұр. 

Ал, Мәжілістің соңғы екі шақырылымында депутат болған Дархан Мыңбай  уақтысында облыс әкімнің орынбасары лауазымын екі рет атқарған. Бұдан кейін Ақпарат және мәдениет министрі болды.  Мықты идеолог, тәжірибелі маман. Мұндай азаматқа қандай жауапты жұмыс тапсырылса да лайықты. 

Мәжілістің екі шақырылымына депутат болған қос Берік: дәлірегі Мырзахметовтың тұсында  облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Берік Оспанов пен бұрын сот саласында жұмыс істеген, соңғы жылдары Кәсіподақтар кеңесіне жетекшілік еткен Берік Бекжанов та жұмыссыз қалмайды. Б.Оспанов ауыл шаруашылығы саласының ғалымы, ал Бекжанов білікті заңгер.   

Тек бұрынғы депутаттардың ішінде  Қайнар Абасов пен Ғани Ташқараевқа обалдау тиді демесеңіз. 2020 жылы праймеризден ақ тер, көк тер болып өткен бұл екеуіне  депутаттық мандаттың қызығын көру бақыты екі жылға ғана жазылды.  

Бұл жолы партия жалпы 119 адамды ұсынды. Оның 90-ы партиялық тізімге тиесілі.  Әрине, партиялық тізімде кандидаттар нақты бір округтен түспейді.  Дегенмен жалпы  тізімді жасақтауда өңірлік үлес ескеріледі. Осы үлеске сәйкес Түркістан облысынан кемінде бес үміткер енуі тиіс еді. Алайда «Аманат» бұл жолы  партиялық тізімге халқының саны бойынша ең көп өңір Түркістан облысынан екі кандидатты ғана атады. Олар: Шырынбек Оңғаров пен Әбдібақыт Мақұлбаев. 

Шырынбек Оңғаров ұзақ жылдары ішкі істер органдарында қызмет еткен. Облыстық ішкі істер департаментінде өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы, бұдан кейін Келес аудандық Полиция бөліміне жетекшілік жасаған. Қазір «Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Ал, Әбдібақыт Мақұлбаев комсомолдан келе жатқан кадр.  Қазығұрт,  Сарыағаш аудандарының, Кентау қаласының әкімі  қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы. Шамасы партия басшылары Түркістан облысының атынан өкілдік ететіндердің қатарына Түркістаннан шыққан түлектер: партияның атқарушы хатшысы, кентаулық  Елнұр Бейсембаевты,  уақтысында облыс әкімі болған Жансейіт Түймебаевтың баспасөз қызметінде істеген арыстық Максим Рожинды мен  «Қазақ газеттері» ЖШС-інің директоры, белгілі ғалым, түлкібастық  Дихан Қамзабекұлын енгізгенге ұқсайды. 

Ал үшінші мегаполистен Бақытжан Пазыловтың, Жадыра Таңатарованың, Әлия Жүсіпованың аттары аталды. Бақытжан Пазылов Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы. Бүгінде қаладағы «Медикер»  жекеменшік емханасына басшылық етеді. Әлия Жүсіпова белгілі гиманстшы-бапкер, оны таныстырып жату артық шығар.  Шымкеттегі мектеп-интернаттың директоры Жадыра Таңатарова 2020 жылы Шымкенттегі праймеризде үздік шығып, Мәжіліске кандидат ретінде ұсынылған еді. Алайда Таңатароваға ол жолы мандат бұйырмай қалды. Бұл жолы қалай болар екен? Айтпақшы, Әлия Жүсіпованың, Бақытжан Пазыловтың, Жадыра Таңатарованың кандидатуралары Шымкент қалалық мәслихатына да ұсынылып отыр. 

Енді сайлауға «Аманаттың» жалауын жеке мандатпен желбіретіп шығатын кандидаттарға тоқталсақ. Шымкенттегі екі округтің бірінен «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің жетекшісі Данабек Исабеков ұсынылды. Д.Исабеков партия белсенділерінің бірі. Оның есімі 2020 жылғы праймеризде көп аталған болатын. Екінші округтен  облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, бүгінде бизнесмен Болатбек Әлиев түспек. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде бақ сынайтынын және «Аманат» партиясымен бірге жұмыс істеуге әзір екенін білдірген еді. Партия оның бұл емеурінін ескерусіз қалдырмаған сияқты. 

Ал Түркістан облысындағы үш округтің бірінен Сайрам ауданының әкімі, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары, бұған дейін де бір мәрте Мәжіліс депутаты болған Ұласбек Сәдібеков ұсынылды. Екінші кандидат облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев. Жалпы Оңтүстікте мәсхатшыларды Парламент депутаты етіп сайлап жіберу бұрыннан бар үрдіс. Осындай бақ енді Балабиевке де бұйыратын сияқты.  Ал үшінші кандидат кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты болған  Темір Қырықбаев. 

Енді Мәжіліске өзге партиялардан ұсынылған шымкенттіктер мен түркістандықтардың біразына тоқтала кетсек. «Ауыл» партиясының тізімінде  кезінде Қазығұрт, Шардара аудандарының әкімі болған Болатбек Қыстауовтың аты бар. Тізімге сондай-ақ, облыс әкімі аппараты басшысының бұрынғы орынбасары, Шөкеевтің ең сенімді кадрларының бірі болған Ильяс Досқожаев енді.  

«Ақ жол» партиясынан облыстық мәслихаттың депутаты болған, кәсіпкер  Сұлтан  Көшенов ұсынылды. Тізімде сондай-ақ, партияның Шымкент пен Түркістандағы филиалдарының төрағалары Әлімхан Әбжанов пен Абзал Салықбаев та бар. Ал, жеке мандат бойынша түсетіндердің қатарында ғалым, профессор Құлбек  Ергөбек Шымкент қаласынан, кәсіпкерлер Нұрбол Бижанов пен Төлеген Ибадуллаев Түркістан облысынан түспек. 

Бір қызығы, «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалының конференциясы өткен бейсенбіде өткен болатын. Жиында облыстық мәслихатқа ұсынылатын кандидаттардың тізімі бекітілді.  Міне, бір аптаға жуық уақыт өтсе де бұл тізім әлі еш жерде жарияланған жоқ. Елден жасыратындай бұл неғылған құпия тізім болды екен? Дегенмен бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, облыстық мәслихатқа 46 үміткер партиялық тізіммен 23 үміткер жеке мандатпен ұсынылған. 

Мәжіліс пен мәслихат сайлауындағы  талас –тартыстың дені жеке мандаттардың арасында өтеді. Мәжіліске бұрынғы «нұротандық», бұрынғы мәжілісмен, соңғы жылдары қып-қызыл оппозиционер Нұржан Әлтаев Түркістан жақтан түседі деген ақпараттар бар. Бұрынғы Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов те бақ сынап көрмек деген әңгімелерді естідік. Облыстық мәслихаттың мандатынан дәмелілердің қатарында есімі елге белгілі азаматтар да жүр. «Пәленшенің кандидатурасын алдыртып тастапты», «Түгеншенің құжаттарын қабылдамай қойыпты» деген жаңалықтар жер жарып тұр.

Қызықтың бәрі әлі алда. 

"Рейтинг" газеті, 8 ақпан, 2023 ж

Шымкенттің күні Машкеевичке қарап тұр
Ит піштіру Әйтенов ойлап тапқан жаңалық па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу