Дінислам Болатханұлы! Оқушының өмірімен ойнамаңыз!

Oinet.kz 22-09-2022 2039

Қашаннан басынан қиқу кетпеген Түркістан облысының білім саласынан тағы да шу шықты. Облыста 2010 жылы салынған мектеп апатты деп танылды. Осыдан 12 жыл бұрын лентасы Тәуелсіздік күнінде алаулатып, жалаулатып қиылған нысан сарапшылардың берген қорытындысы бойынша енді толығымен бұзылып тасталуы тиіс. Білім ұясында сабақ беру тоқтатылып, шәкірттер көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр болып отыр.  

Screenshot_12.jpg

Қостөбедегі қауіпті жағдай біраздан бері айтылып келе жатқанымен облыстың білім саласына жауапты басшылардың салғырттығынан бұл мәселеге уақтысында жіті назар аударылмады. Ұстаздардың, ата-аналардың, қала берді ел аманатын арқалаған депутаттардың жанайқайына дер кезінде мән берілмеді. Ел-жұрт шулап жатқан кезде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың апатты мектептің басы-қасына баруға уақыт таппағаны таңғаларлық.  Ал облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы болып сәуірде тағайындалған Дінислам Болатханұлы туралы әңгіме қозғағанда, «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген сөз еріксіз еске түседі.  

Өткен аптада облыстық мәслихаттың сессиясында Қостөбедегі апатты мектептің мәселесі қабырғасынан қойылды. Депутат әрі «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің  төрағасы Ғалымжан Елшібай облыстың жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыдан  осы мәселеге салғырттық танытқан шенеуніктердің жауапкершілігін қарауды сұранды.    

– Төлеби ауданы Қостөбе ауылындағы мектептің апатты жағдайда тұрғанын былтырдан бері шырылдап айтып келеміз. Мәслихаттың тұрақты комиссиясында, облыстық Қоғамдық кеңесте бір емес бірнеше дүркін талқыланды. Осы мәселені мұның алдындағы сессияда да көтердім. Сол кезде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы «мектептің жайын өз көзіммен барып көремін, бірге барамыз» деген еді.  Қостөбедегі мектептің мәселесі шұғыл түрде шешілмесе, шәкірттердің білім алудан қол үзіп қалатынын тамызда Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова төрағалық ететін «Amanat» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алқалы жиынында да қатаң сынға алдым.  Сол жиында қалыптасқан жағдайды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың да назарына кезекті мәрте салдым. Оған телефондағы тікелей эфирге шығатын әуестігінен, әдетінен арылуды,  одан қайта  арызданған ауыл тұрғындарымен  тікелей тілдесу керектігін, арнайы барып  көріп қайтпай шиеленісті мәселе шешілмейтінін елдің көзінше ескерттім.  Алайда сіздердің екеуіңіз де Қостөбеге барған жоқсыздар,– деген депутат Ғалымжан Елшібай облыстың жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыдан Қостөбедегі апатты мектептің мәселесін тікелей бақылауына алып, елдің жанайқайына немқұрайдылық танытқандардың жауапкершілігін қарауды сұранды.  

Облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібайдың сессиядағы сөзін әрі қарай сабақтасақ, жаңа оқу жылы басталған кезде оқушылар бір аптадай білім алмаған. «Балалар сабақты онлайн өтіп жатыр» деген мәліметтің жалған, көзбояушылық  екендігін көпшілік жақсы біледі. Себебі ауылда ғаламтор байланысының мүлдем нашар екендігі бәріне белгілі. Енді ауылдағы  134 оқушы көршілес Қаратөбе орта мектебіне автобуспен қатынап оқып жатыр.  

Ең сорақысы, Қостөбедегі мектептің апатты жағдайда екендігін біле тұра  аталған білім ұясын күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен ақша бөлініп, тендер өткізілген. Тек маусымда барып, мектеп апатты жағдайда деп танылған, алайда одан кейін де ол облыстағы апатты мектептердің тізіміне енбеген.   

«Мектепті шұғыл түрде бұзу керек»  

Қостөбедегі мектептің директоры Данияр Айтбаевпен біз апта басында тілдестік. Оның айтуынша, мектеп құрылысы 2010 жылы басталған. 150 орындық, үш қабатты, төрт корпустан тұрады. Үш жылдан кейін алғаш рет асхана сыр берген. Дәл қазіргі уақытта  барлық корпустың қабырғаларында сызаттар бар. Олардың кейбірінің көлемі 40-50 сантиметрге дейін ажыраған. Әсіресе, адам аяғы көп жиналатын спортзал, акті зал және асхана қауіптірек.  

– Маусымда алматылық компанияның сарапшылары мектепті апатты жағдайда, оны бұзып тастау керек деген қорытынды жасады. Қазір 130 оқушы екі автобуспен көршілес Қаратөбе ауылындағы мектепке барып білім алып жатыр. 33 мұғалім сабақты сол жақта береді,–  деген директор  басқа мектепке қатынауда да біраз қиындықтардың барын айтып қалды. Екі ауылдың ортасындағы көпірдің жайы өз алдына бөлек «жыр». Құрылысы әлі бітпегендіктен көліктер оны айналып өтетін көрінеді. Қостөбе таулы өңірде орналасқан ауыл. Ертең қыстың көзі қырауда, қолайсыз ауа райында жағдайдың қалай боларын бір Алла біледі.        

Screenshot_14.jpg

Осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу барысында байқағанымыз, алғашқыда шенеуніктер мәселені күрделі жөндеумен шешуге тырысқан. Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің жариялаған мәліметіне қарағанда, 2020 жылы мектепке «АДС Эксперт» компаниясы техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «мектеп күрделі жөндеуге жатады» деген қорытынды берген. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, бұл сараптамаға кеткен шығынды мектеп басшылығы демеушілер арқылы тапқан көрінеді. «Сараптама жасатыңдар» деген нұсқау шамасы аудандық, бәлкім облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан түссе керек. Әйтеуір,  осы жәйт түрлі күдіктерге жетелейді.   

– Былтыр нысанды күрделі жөндеуден өткізуге қанша қаржы қажет екендігін анықтау үшін жобалық ізденіс жұмыстарына тендер жарияладық. Оны «Диас –проект» деген мердігер ұтып алып, іске кірісті. Алайда  артынша компанияның басшысы бізге мектепті визуальді көру барысында  негізгі конструкцияларында ақау анықталғанын алға тартып, қайта техникалық зерттеу өткізіп беруімізді сұранды. Осыдан кейін біз тендер жариялап, мектепке техникалық зерттеу жұмыстарына тапсырыс жасадық.  Оны ұтып алған «Казпрофобразование» ЖШС-ы «мектеп ғимаратының техникалық жағдайы жарамсыз, яғни физикалық және моральдық тозуы 80 пайызға дейін деп бағаланып отыр. Сонымен қатар мектепті шұғыл түрде бұзу керек» деген қорытынды жасады,– дейді біз сөйлескен Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Пернебек Асанов.   

«Құдайдан қорықпағаннан қорық»  

Мектептің лентасын қиюдан «апатты жағдайда» деген қорытындыға дейінгі қысқаша тарихы міне, осындай.  Бюджеттің қыруар қаржысы кеткен нысан қалайша мұндай жағдайға душар болды. Біз ««Казпрофобразование» ЖШС-ының берген сараптама  қорытындысымен де танысып шықтық.  Оған қарағанда, құрылысқа сапасыз материалдар қолданылған, құрылыс жұмыстары талапқа сәйкес орындалмаған. Облыста бұған дейін талай әлеуметтік нысандарды салып жүрген «А.Р.Т.-Құрылыс» ЖШС бұған қалайша жол берді?  Біз компанияның құрылтайшысы Бекжігіт Төлендиевпен хабарласқан едік. Ол «бұзып тастау керек» деген сараптама қорытындысымен келіспейтінін, «апатты жағдайда» деген «диагноздың» дұрыс еместігін алға тартты.  

– «Жарылды» дегендері мектептің бөлмеаралық қабырғалары.  Бұл мектепті салғанымызға 13 жыл ма, 11 жыл ма болған ғой, құрылысшы болғандықтан өзіміздің мамандарымызды жібердік. Содан кейін лицензиясы бар үлкен компанияға сараптама жасаттық. Мектеп ешқандай да апатты жағдайда емес болып шықты. Қорытындыны Құрылыс басқармасына тапсырдық. Нысан апатты жағдайда болуы үшін негізгі қабырғалары,  іргетасы  жарылуы керек.  Ол мектептің «содержаниесі» дұрыс емес.  Нешеме уақыт су кете берген.  Екі-үш жыл бұрын мектептерге «балаларды  сыртқа шығармаңдар, дәретхана ішінде болсын» деген талап болды.  Сол кезде шамасы  дәретханалардың бәрін қолдана бастаған.  Сол себепті су кеткен, дұрыс пайдаланылмаған.  

– Бұл сонда жобалауда кеткен қателік пе?  

–  Басында біз суды, канализацияны жүргізіп бергенбіз.  Әртүрлі жағдайларға байланысты болған шығар,  унитаздарға бірнәрсе тастайды дегендей, біз ол жағын білмейміз. Жарылған бөлмеаралық қабырғалар. Олар құлап қалса да қайта соға беруге болады. Себебі оған ешқандай плита салынбаған. Мен «апатты жағдайда» деп сараптама берген компанияны сотқа беруге дайынмын.  

– Сіздің ойыңызша, осындай жағдайда балалардың сабақ оқуы қауіпті емес пе?  

– Егер қабырғаларына жөндеу жұмыстарын жүргізсе, білім алуларына болады.  Екіарадағы әңгіме барысында біз құрылтайшыдан егер мектеп бұзылған жағдайда компанияның құқықтық жауапкершілігі туралы мәселені де сұрадық.  – Апатты емес мектепті қалай бұзып тастайды? Оны бұзу үшін сот шешімі керек,– деді Б.Төлендиев.  

– Егер сот шешімі шықса, сараптама қорытындысы «80 пайызға тозған» деп отыр...  

– Онымен келіспейміз. Жалпы мен өз бетімше ізденбесем де болады, гарантия да жоқ, баяғыда салынған мектеп. Мен тек «апатты жағдайда болуы мүмкін емес» деп, сараптама жасатып отырмын.  Оны құрылыс басқармасына тапсырдым.  

– Дегенмен білім бөліміндегілер 5 жылдық кепілдеменің болғанын айтып отыр... 

– Иә, 5 жыл гарантия болған. Оның уақыты өтіп кетті. Егер мектеп дұрыс соғылмаған болса, қабырғалары алғашқы бір-екі жылда жарылар еді. Одан кейін отырмайды. «Апатты жағдайда емес» деп сараптама берген компания өз қорытындысы үшін жауап береді. Енді мектепті ремонттау керек. 11 жылдан кейін ремонтты біз жасамайтын шығармыз?!– деді құрылтайшы әңгімесінің соңында. 

Құрылтайшымен арадағы әңгімеден байқағанымыз, компания тек ертең мектепті бұзып тастаса, алдағы тапсырыстарымызға зияны тиіп кете ме деп алаңдайтын сияқты. Яғни өткен-кеткенге емес, алдағы тірлігін көбірек күйттейді. Сараптама қорытындысын құрылыс басқармасына апарып тапсырғанын басқаша қалай түсінуге болады?   Көрер көзге байқалып тұрған жағдайдан, қабырғалардағы жарықтардан кейін «нысан апатты жағдайда емес» деп сараптама берген мекеменің қорытындысына не айтасыз? Жұрт улап-шулап жатқан кезде «ешқандай да апатты жағдайда емес» деп, арқасын кеңге салып отырған құрылтайшының жауабына не деуге болады? «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген осы шығар. Құдай бетін аулақ қылсын, күні ертең осындай апатты ғимаратта бақытсыз жағдай болса, кім жауап береді?!      

Тексеру үшін бақытсыз оқиға болуы керек пе?  

Screenshot_13.jpg

Біз кешегі күні биыл осы мектептегі жағдайды арнайы барып танысқан Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбаймен хабарласып, қалыптасқан жағдайға қатысты пікірін сұраған едік.  

– Мектеп, мешіт, көпір үлкен сауапты іс. Сондықтан мұндай маңызды нысандардың құрылысын жауапты адамдар ғана қолға алуы тиіс деп есептеймін.  Аталған мектептегі сапасыз жұмысты көріп, қынжылғаным рас. Осындай апатты мектепте білім алған шәкірттерге не тәрбие беріп отырмыз? Сол жерде сабақ беріп жүрген ұстаздардың құрылысшыларға деген көзқарасы енді қандай болады? Мектепті салған иманы бар, болашақты ойлайтын азаматтар шығар деп ойлаймын. Арада қанша уақыт өтсе де олар жанашырлық, демеушілік танытып, өз бастамаларымен қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісуі керек деп есептеймін. Бұл зауыт немесе фабрика емес, мектеп. Мұндай қасиетті мекеменің құрылысын  жауапсыздықпен жүргізу заңдық тұрғыдан да адамгершілік тұрғыдан да дұрыс емес. Ондай мердігерлердің аты-жөндерін ақпарат құралдарында ашық жариялау керек. Күні ертең бақытсыз оқиға болса, кім жауап береді? Тергеу, тексеру жұмыстары тек осындай қиын жәйттардан кейін ғана жасалуы тиіс пе? Олай болса біздің қоғамның саналылығы қайда қалады?! –  деді Мәжіліс депутаты.  

Мамандардың берген мәліметіне қарағанда, Қостөбедегі мектептің құрылысына қазынадан 348 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған екен. Бұл 2010 жылы. Одан бергі аралықта құрылыс материалдарының кемінде 4-5 есеге қымбаттағанын ескерсеңіз, шығын дегеніңіз әжептәуір болып тұр. Бұған кімнің жаны ашиды? Мердігердің жауабы мынау, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының тірлігі анау.   Ал Қостөбедегі мектептің  басы-қасына баруға осыған дейін уақыт таппаған, жауырды жаба тоқыған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына облыс басшысы тарапынан қандай шара көріледі? Біз бұл мәселеге әлі қайта оралатын боламыз.  

"Рейтинг" газеті, қыркүйек, 2022 ж

Шөкеевтің қателігін Сатыбалды қайталай ма?
Адамгершілік ашаршылығы баяғыдан басталып кетіпті ғой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу