Шөкеевтің қателігін Сатыбалды қайталай ма?

Oinet.kz 15-09-2022 1801

Соңғы апталарда Түркістан облысында болған ауыс-түйістердің арғы жағы сыбайлас жемқорлық қылмыстармен байланысты екендігі жасырын емес. Дәлірегі Шөкеевтің карьерасының түбіне коррупцияға қарсы күреске мән бермеу, керісінше, осы бағыттағы жұмыстарда өрескел қателіктерге жол беру жетті десек артық айтқанымыз емес. Кейінгілер осы қателіктен қаншалықты сабақ алады? Бұл енді уақыттың еншісіндегі дүние. 

Screenshot_1.jpg

Ал облыста жемқорлыққа былыққа аудандарда шенеуніктердің ұсталуы, сотталуы әлі жалғасып жатыр. Жуырда Келес ауданы Қошқара ауылдық округінің әкімі Қонай  Бекмұратовқа қатысты үкім шықты. Сот оны сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмысы үшін кінәлі деп тапты. Енді үкім апелляциялық сатыда өзгеріссіз күшіне енсе, тәртіп бойынша Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев облыс әкімінің атына отставкіге кету туралы арыз беруге міндетті. Бұл Есбаевтың  соңғы екі жылға жетпейтін уақыт ішінде отставкіге арызды үшінші мәрте рет жазуы болмақ. Қайталап айтайық үшінші мәрте...

 Бұл мәселеге аздан кейін тоқталамыз. Алдымен Қонай Бекмұратовтың не бүлдіргенін баяндап шықсақ. 

Бекмұратов пен оның сыбайласына шығарған үкімге қарағанда, Қошқаратада шенеунік пен мердігер бірігіп, мемлекеттің қазынасына қол салған, дәлірегі бюджеттің ақшасын жымқырған. Бірақ сыбайластардың саны екеу ғана дегенге көңіл құрығыр онша сеніңкірмейді. Арғы жақта әлдебіреулердің сұлбалары байқалады. Күдікті күмәнді жайттар көп. 

Бекмұратов Қошқарата ауылдық округінің әкімі қызметіне 2018 жылы тағайындалған. 2020 жылы Қошқарата ауылдық округінің бюджеттік тапсырысына сәйкес елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, өлексе тастау (биотермиялық шұңқырлар) орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 4 480 000 теңге, малдарды шомылдыру  орнындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп 3 472 000 теңге қарастырылған. Ақша ауылдық округтік әкімдігіне, дәлірегі Бекмұратовтың «қазанына» түскен. 

Тергеушілердің тұжырыман қарағанда, екі лот бойынша түскен жалпы көлемі  7 952 000 қаражатты «жеп қоюды» Бекмұртов осы кезден бастап жоспарлаған.  Ол 15 шілдеде қаржыны игеру үшін  «Sirgeli Stroy Capital» ЖШС-інің директоры Б.Ергешбаевпен «бір көзден» келісім жасайды. Келесі күні, яғни 16 шілдеде Б.Ергешбаев қылмыстық жоспар бойынша жұмыстар толық көлемде орындалмаса да, қабылдау актілерін ауыл әкімі Қ.Бекмұратовқа тапсырған. Ал Қ.Бекмұратов келісім-шартта көзделген жұмыстардың атқарылмағанын біле тұра, қылмыстық пиғылдарын ақырына дейін жеткізу мақсатында актілерге қол қойып, мекеме мөрін басып береді. Осыдан кейін мердігердің банктегі шотына 4 480 000 теңгені аударған. Б.Ергешбаев сол баяғы қылмыстық жоспар бойынша 17 шілдеде есеп шотына түскен 4 480 000 теңгені алдын ала сөз байланысқан К.Бекмұратовпен талан-таражға салған, яғни жымқырған. Бұл бірінші лот бойынша бөлінген қаражаттың жайы. 

Екінші лот бойынша бөлінген 3 472 000 теңге де дәл жоғарыдағыдай сценарий бойынша «игерілген». 20 шілдеде Ергешбаев Бекмұратовқа актілерді тапсырады.  Сол күні ауыл әкімі оған қол қояды, мөр басады, ақшаны аудырап жібереді. 21 шілдеде мердігер ақшаны банктен шешіп алып, ауыл әкімі екеуі талан-таражға салады. Сонда 8 миллион теңге жуық қаражаттың тағдыры бар-жоғы бір аптада сыбайластардың қалтасына түсе салған. Сот үкімінде осы қылмыстық әрекеттер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың көлемі   7 820 626 теңге деп көрсетілген. 

Бір қызығы, Қ.Бекмұратов сот барысында мердігермен келісім шарттар жасасқанын, ешқандай құрылыс жұмыстарының басталмағанын біле тұра құжаттарға қол қойып, ақшаларын толықтай аударып жібергендігін растаған. Бірақ оның бұлай істеуіне аудан әкімінің орынбасарлары А.Жаңбырбаев пен С.Қарақұловтың ықпал еткендігін алға тартқан. Дәлірегі  оған қос орынбасар «келісім шартты жаса да, ақшаларын аударып бер» деп қысым жасаған көрінеді. Осы мәлімдемеден кейін тергеу барысында Қ.Бекмұратов екі әкім орынбасарымен беттестірілген. Екі шенеунік ешқандай да ақшаның аударылғанын білмейтіндігін, ауыл әкіміне ешқандай да ықпал етпегенін, қысым жасамағанын айтып ант-су ішкенге ұқсайды. Дәл осындай жауапты сотта Қарақұлов тағы да қайталаған. Ешқандай дәлел, айғақ болмаған соң сот Қ.Бекмұратовтың уәжін негізсіз деп санаған. 

Сот үкімімен  Қонай Бекмұратов үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал Ергешбаевқа 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ескерте кетейік, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.  Сотталушыларда апелляциялық алқаға шағымдану құқығы бар. Егер алқа үкімді өзгеріссіз қалдырса, онда Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев облыс әкімінң алдына өзін отставкіге жіберу мәселесін қояды. Есбаев отставкіге арызды бұған дейін екі рет жазып, екеуінде де кешіріммен қызметінде қалдырылған болатын.    

Еске түсіріп көрейік, 2020 жылы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиев жер беру үшін бір азаматтан 400 мың теңге пара алып,  12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. Былтыр Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды.   Аудандық әкімдіктегі қарапайым бөлім басшысының осыншама пара дәметкені көпшіліктің жағасын ұстатты. Биыл енді міне, тағы бір ауыл әкімі жемқорлық қылмыс бойынша кінәлі деп танылды... Осының бәрі кездейсоқтық па? 

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов қарамағындағы ауыл әкімінің парақорлық қылмысы бойынша облыс әкімі Шөкеевтің атына отставкіге кету туралы арыз берген болатын. Махажанов сол жолы кешіріммен қызметінде қалдырылды. Бірақ одан Кентаудағы жемқорлық тоқтамады. Артынша әкімдіктегі бөлім басшысы сыбайластыққа барды деген күдікпен, істі болса, биыл Махажановтың өзі 98 500 доллар пара алды деген айыппен ұсталды. Шілдеде сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Тамызда сот үкімі күшіне енген соң облыс әкімі Шөкеевтің отставкіге берген арызын президент қабылдады. Егер облыста коррупцияға қарсы күреске жеткілікті деңгейде назар аударылғанда, бәлкім бұлай болмас па еді?! Әрине, бәрі де тағдыр. Бірақ сыбайластыққа қарсы тәртіп-талаптардың да аспаннан алынбағандығын, оның өмірлік тәжірибе екендігін де мойындау керек шығар.

Облыстың жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының коорупцияға деген ұстанымы қандай? Ол да Шөкеевтің қателігін қайталуы мүмкін бе? Егер Есбаев отставкіге үшінші мәрте арыз берсе...Айтпақшы, облыс басшысы Дархан Сатыбалдының туған жері Келес ауданы. Маңызды шешім қабылдауда жерлестік мәселесі қаншалықты рөл ойнайды? 

Бәрі тақсыр уақыттың еншісінде. Біз бұл мәселеге уақыты келгенде қайта оралатын боламыз? 

"Рейтинг" газеті, қыркүйек, 2022 ж

«Тәшкен көрген-2» Асқар Мырзахметов салған соқпаққа Дархан Сатыбалды да түсті
Дінислам Болатханұлы! Оқушының өмірімен ойнамаңыз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу