Шөкеев премьер-министр болуы мүмкін

Oinet.kz 29-10-2021 5201

Жалпы үкіметтің отставкісі туралы әңгіме жылдың басынан бері айтылып келе жатыр. Сайлаудан кейін Мамин үкіметі Конституцияға сәйкес жаңадан жасақталған Мәжілістің алдында қызметін доғарды.  Бірақ жаңа Үкіметтің құрамы анау айтқандай жаңарған жоқ. Маминнің өзінен бастап министрлердің дені креслоларын сақтап қалды. Отставкі туралы әңгімелер көп ұзамай қайта қозғалды. Соңғы уақытта оның күшейе түскені рас. 

Screenshot_5.jpg

Бірақ елдің пікірін ескерсек деген ой не үкіметтің, не Ақорданың миына кіріп шықпайтын сияқты.   

Үкіметтің отставкісі туралы мәселені бұған дейін қоғам белсенділері көтерсе, енді міне, Парламент депутаттары айта бастады. Жуырда сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед журналистерге берген сұхбатында: 

- Биліктің басты міндеті — азық-түлік бағасын төмендету. Бірақ өндірушілер тарапынан әдейі жасалып жатқан әрекет секілді көрінеді. Егер Үкімет қымбатшылықты ауыздықтай алмаса, инфляцияны тоқтата алмаса, оны басқа адамдар атқаруы керек. Мен министрлер кабинетін жұмысын "қанағаттанарлық" деп бағалаймын. Бұл дегеніміз үш деген сөз ғой, — деп мәлімдеді. 

Алайда сенатор «үш» деген баға берген үкіметтің жұмысын президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бестікпен» бағалар отырғандай әсерде қаласыз. 

Президент жуырда  Маминді қабылдады. Ақорданың таратқан ақпаратына қарағанда, кездесуде  Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының қайта қалпына келу үдерісі қарқынды жүріп жатқанын, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,4 пайызды құрағанын, дер кезінде дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында экономика қайта қалпына келгенін атап өткен.

Сонда бұл қалай, үкіметтің жұмысын сенаторлар үшке, ал президент беске бағалайды. Сонда үкіметтің қауқарсыздығы туралы әңгімелердің бос сөз болғаны ма? 

Осы жерге Маминге дейінгі Сағынтаев үкіметінің қалай отставкіге кеткенін еске түсіріп көрейікші. 2019 жылдың қаңтарында өткен үкімет отырысында Елбасы Н.Назарбаев министрлер кабинетін аяусыз сынады. Тіпті ауыр сөздерді де айтты. Президенттің:

- Министр емессіздер, үкімет емессіздер, қорқақсыздар. Шешім қабылдарда аяқ-қолдарыңыз дірілдейді. Не үшін жұмыс істеп отырмыз? - деген де есте қалыпты. Бір айдан кейін, яғни 2019 жылдың ақпанында Назарбаев үкіметті отставкіге жіберді, бір айға жетпей өзі де президенттің постты тапсырғаны белгілі... Бұдан нендей түйін жасауға болады?  Министрлер кабинетінің жұмысы расында да  керемет пе әлде Тоқаевтың Мамин үкіметіне тісі батпай ма?  

Дәл қазіргі жағдайда Мамин үкіметінің жұмысының оңбай тұрғаны жасырын емес. Азық-түлік бағасы күн санап қымбаттап барады. Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары қағаз жүзінде керемет шығар, іс жүзінде көзге көрінбейді. Коронавирусқа қарсы екпе салу туралы міндеттеме толық орындалмады. Вакцинациялау жұмыстарының ойдағыдай болмағанын жуырда Мәжіліс депутаттары да атап өтті. Биыл батыс облыстарындағы құрғақшылыққа үкімет дер кезінде мән бермеді. Осының салдарынан мал шығыны көп болды.

Егер үкімет отставкіге кеткен жағдайда Қазақстанның жаңа премьері кім болады? Біз үш кандидатқа тоқталсақ.  

Былтыр жыл соңында сайлаудан кейін қайта жасақталатын үкіметке Сауат Мыңбаевтың жетекшілік ететіні жөнінде ақпарат тараған болатын. Білгіштер мұны Мыңбаев пен Тоқаевтың арасындағы жақындықпен байланыстырған. 

Биыл 59-ға толатын Мыңбаев  Мәскеуде білім алған. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын 1995 жылы Қаржы министрінің орынбасары лауазымынан бастаған. 25 жылдық карьерасында Сауат Мыңбаев Қазақстанның бес министрлігіне басшылық жасаған. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, екі мәрте вице-премьер  лауазымын атқарған. Соңғы жылдары мұнай және газ министрі, одан кейін «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясына жетекшілік етті. 2018 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан темір жолында басқарма төрағасы лауазымын атқарады. Алайда биыл қаңтарында ол  "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының басшылығынан босатылды. Компания Мыңбаевтың  спортпен айналысып жатқан кезде омыртқасынан жарақат алғанын де мәлім етті. Бірақ бұл Мыңбаевтың премьер болу ықтималдылығын жоққа шығара алмайды. 

Екіншісі және ең басты кандидат ретінде Өмірзақ Шөкеевтің аты аталуда. Шөкеев бір қызметте  ұзақ отырмайтын кадр. Сонау 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына кіріскенен бергі аралықта ол  15-ке жуық қызметтерді атқарған екен (Президент әкімшілігінде, үкіметте, әкімдікте). Үкімет басшысының бірінші орынбасарына дейін өсті. Бір қызығы, карьерасында Шөкеев бір қызметте 2-3 жылдан артық отырмаған. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқаруы бір жылға да жеткен жоқ. Тіпті кейбір лаузымдарды алты ай ғана істеген. Ол тек Қостанай облысының әкімі мен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының креслосында алты жылдан отырыпты. Егер осы «дәстүрінен» жаңылмаса, Шөкеевтің жуық арада елордаға қызмет ауыстырып, премьер-министрдің креслосын иеленуі әбден мүмкін. 

Үшінші кандидат бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов та уақтысында Назарбаев көп мақтаған кадрлардың бірі саналады. Алайда жалпы былайғы көпшілік үшін ол оншалықты танымал тұлға емес. Кезінде комитеті төрағасы, министр, президенттің көмекшісі қызметтерін атқарған. Смайыловтың премьер болатындай бір артықшылығы бар: бұған дейінгі  тәжірибелерден байқалғандай, Қазақстанда жаңа премьер көбіне вице-премьер лауазымынан ауысып келеді (мұның ішінде көбіне бірінші вице-премьерліктен).  Мамин де, Сағынтаев та, Мәсімов те, Тасмағамбетов те, Тоқаев та Үкімет басқаруға вице-премьер лауазымдарынан барған. Осы жөн-жоралғы Смайыловқа да бұйырып жатса, таңқалуға болмайды. 

"Рейтинг" газеті, қазан, 2021 ж

Байбек Мамайға көше сыпыртқызбақ
«ҚазТрансГаз Аймақ»-тың шартымен келіспейміз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу