«Көктем» базары маңында қауіп көп

Oinet.kz 23-09-2021 3764

Шымкент қаласындағы проблемеларды жиі қозғап жүрген, «Рейтинг» газетінің тұрақты оқырманы, тыл ардагері Өркен Әбдіреев жуырда редакциямызға арнайы бас сұқты. 

Screenshot_1.jpg

– Облысты жеті жылдай басқарған Асқар Мырзахметов те, Жансейіт Түймебаев та шырайлы шаһардың жанға саялы мекен болғанын қалады. Жазы аптап ыстық қалада саябақтар санын көбейтіп, ағаштар отырғызып, шатқалдарды да көгалдандыруға ұмтылды. Өкінішке қарай, одан кейінгі басшылардың тұсында игі істер аяқсыз қап барады. Мен айтып жүрген «Фосфоршылар» сарайының алдындағы алаңға жақын Жібек жолы көшесінің екі жағы да кең, нағыз аллеяға сұранып тұрған жер еді. Құрылыс дүкендері мен басқа да сауда орталықтары қаптап, тыныстау былай тұрсын, жаяу жүрер жол қалдырмады. Бұлар «қызыл сызыққа»да пысқырмайды. Қаланың күре тамырындай бір емес, төрт су құбыры жүйесінің үстіне салынған «Көктем» базары сол маңдағы көпқабатты үйлерге апарар жолды жауып, тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. Осы көктемде әлгі құбырлардың бірі жарылып, жер астынан шыққан қара су базарды шайып кетті.  Селге айналған су  Жібек жолы көшесіне дейін ақты. Егер жоғары қысымға шыдамаған құбырлар бірінен соң бірі жарылса, не боларын елестету қиын. Оның үстіне сауда қатары жоғары кернеулі электр желілерінің астында тұр. Егер токтың тұйықталуынан өрт шықса ше? Әп-сәтте-ақ қауіпсіздік талаптарына жауап бере алмайтын «Көктемнің» күлі көкке ұшуы да ғажап емес. Өйткені өрт сөндірушілер кіре алмайды. Ондайда кәсібін кеңейтем деп кредит алып күнелткендер әкімдіктің табалдырығын тоздырады. Сол қатарды жағалай әлі де нысандар салынып жатыр. Елбасы Назарбаевтың назарындағы мегаполистің сәулетшісі, бақылаушы органдары жоқ па? Мұндай заңсыздықтар «Айна» базарына дейін аралықта қаптап тұр. Жібек жолы көшесіне тақалған нысандардың арты адам көргісіз. Көп жылдан бері су ақпай тазаланбаған канал қоқысқа толы, сасық иісі қолқаңды жарады. Дәл мұндай соғыстан қалғандай сұрықсыз сарайдың төңірегін еліміздің басқа мегаполисінен таппайсың. Осы маңдағы мен сияқты бірнеше мың тұрғынның билікке, маслихат депутаттарына өкпесі қара қазандай, – деп ашынады Өркен Әбдіреев. 

Screenshot_2.jpg

Расында да жолға жақын салынған сауда қатарларына келушілер кептелістің көкесін көрсетеді. Осындай заңсыздықтар көшенің қарсы жақ бетінде де жетіп артылады. 

Қазақстан Республикасының Су кодексі мен Үкімет бекіткен санитарлық талаптар ережесінде көрсетілгендей диаметрі 400-1000 миллиметр болатын су және кәріз құбырлары өткен аумақтардың екі жағынан кем дегенде 10 метрге дейін құрылыс жүргізуге болмайды. Ал мұнда диаметрі 800 миллиметрді құрайтын төрт құбыр жүйесі сауда нысандарының астында қалып қойғанын топографиялық түсірілімдерден анық көруге болады. Аталған учаскелерде құрылыс нормалары мен ережелері өрескел бұзылған. Тіпті қажеттілік туындаған жағдайда құбырларды мамандар күрделі жөндеуден қалай өткізетіні де түсініксіз. Сосын үлкен жолдың бойында нысандардың көшеге өте жақын орналасуы заңды айтпағанда, адами әрекетке де қайшы емес пе? Құдай бетін аулақ қылсын, егер көлігін игере алмаған жүргізуші жаяу жүргендерді қағып кетсе не болады? Осындай қауіп-қатердің алдын алмасақ, соңы бармақ шайнатуы ғажап емес. 

Осындай «өзім білеміндікке» салып, газ, су құбыры өткен жерлерді, аумақты (біліп-білмей, қасақана) иеленіп алған адамдарды тәртіпке кім шақырады? Қадағалаушы органдар жолдың екі қапталын құрылыс дүкендерімен жауып тастағандарды неге жауапқа тартпайды? Неге мұндай заңсыздықтарға көз жұмып қарайды? «Қызыл сызықтағы» құрылыстарды қиратып, жол салуға жұмыла кіріскен қала әкімдігі заңсыз нысандарды бұздыруға, базарды басқа жаққа көшіруге неге қауқарсыз?

"Рейтинг" газеті, қыркүйек, 2021 ж

Шымкенттің коммуналдық саласын кәсіби емес кадрлар басқарады
Байбек Мамайға көше сыпыртқызбақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу