Ербол Садырдың ендігі тағдыры белгісіз болып тұр
«Рейтинг» газетінде бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары, одан кейінгі жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған, былтыр індет өршіп тұрған кезде қызметінен кеткен Ербол Садырдың аты-жөні соттың шығарған айыптау үкімінде келтірілгенін, дәлірегі бірінші орынбасардың қарамағында қызметкерлеріне заңсыз тапсырмалар бергені баяндалғанын жазған едік. Енді міне, Ербол Садырдың аты тағы да бір қылмыстық істе аталды.
Садырға қатысты сауал да, күдік де көбейіп тұр.
Жалпы, өз басымыз ешкімге де жамандық тілемейміз. Әркім өзінің жасаған әрекеті үшін өзі жауап береді. Ең бастысы, біреуді жазықсыз соттағаннан, кінәсіз қуғын-сүргінге ұшыратқаннан сақтасын. Бірақ соңғы уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің басынан қиқу кетпей қойғаны рас. Жыл басынан бері біраз шенеунік қазынаның қаржысына қол салғаны үшін, пара алғаны үшін сотталып кетті. 80 миллион теңге пара беруге оқталуға қатысты бір ғана жағдайдың өзі неге тұрады десеңізші?! Бұл істің ақыры біраз шенеунікке барып тірелері, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалған біраз жайтты қопаратыны айдан анық. Әйтеуір Құдай ақырын берсін дейік. Дерттің өршіп тұрғаны мынау, «жау жағадан алғанда бөрі етектен тарттының» кері келейін деп тұр.
Шымкентте кадрлық сапырылыс та жүріп жатыр. Әкімдікте қазір кем дегенде екі басқарма басшысыз жұмыс істеуде. Ішкі саясат басқармасының басшысы Мәди Манатбектің кетіп қалғаны екі-үш апта бұрын айтылған. Қазір жұртшылық әлеуметтік желіде басқарманың тізгінін ұстауға лайықтылардың тізімін жасауға көшті. Әйтеновтің таңдауы кімге түсерін уақыт көрсетеді. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, әйтеуір рас болса бұл жолы ішкі саясатқа басшыны сырттан келіп кететін «уақытша қонақ» емес, енді елдің айтуынша, жергілікті кадрларды іздеуге кірісіпті.
Ал екінші басқарма басшысы еңбек демалысына немесе денсаулығына байланысты «больничныйға» шығып кеткен жоқ. Қалалық қаржы басқармасының басшысы Кенжебек Жанбосынов істі болып жатыр. Жуырда оның қылмыстық ісі сотта қаралды.
Енді бір-екі жылда елуге толатын Кенжебек Жанбосыновтың еңбек жолы адам таңғаларлық. Ол институтты бітірген соң көп ұзамай, 1996 жылы Шымкент қаласы қаржы бөліміне қарапайым бас маман болып жұмысқа орналасқан екен.
Осы бөлімде табан аудармастан 25 жыл жұмыс істеген. 2016 жылы бөлімнің басшысы, ал 2018 жылы Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген соң қайта құрылымдаудан өткен қаржы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған. Ширек ғасыр бойы бір мекемеде істеп, бас маманнан басқарма басшысына дейін өскен шенеуніктің тәжірибесіне, кәсібилігіне бұдан кейін күмән келтіру қиын, әрине. Ал енді осындай мықты шенеунік қылмыстық жауапқа тартылатындай шынымен бірдеңе бүлдірді ме әлде әлдекімдердің тапсырмасын орындаймын деп «отқа күйіп» кетіп отыр ма? Әңгімені әрі қарай өрбітейік.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 9 тамыз күні сотталушы К.Жанбосыновқа қатысты шығарған қаулысына қарағанда, 2019 жылдың 19 желтоқсанында (Бұл кезде Шымкент қаласында Ерлан Айтаханов әкім болып отырған) «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің отырысы өткен. Отырыста құны 4 823 806 953 теңге ішкі қарызға салынған көпқабатты 518 пәтері бар 9 тұрғын үйді қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына 3 704 886 000 теңгеге сату мәселесі қаралады. Қылмыстық қудалау органдары Жанбосыновқа осы жиында «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 69-бабының талаптарын, яғни ірі мәміле жасасуда шығысталатын жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын ескеру қажеттігін басшылыққа алмай, «оң» дауыс бергені үшін айып таққан. Дәлірегі Жанбосыновтың «оң» дауыс беру салдарынан жоғарыда аты аталған акционерлік қоғамға 1 118 920 953 теңге, яғни аса ірі мөлшерде зиян келген көрінеді. Қаулыға қарағанда, Директорлар кеңесіне бес адам мүше болған. Оның екеуі Н.Кабиштаев пен К.Маликов дауыс беруде қалыс қалған. Қалған үшеудің біреуі Жанбосынов екендігі айтпаса да түсінікті. Ал қалған екеуі кімдер дейсіз ғой?
Екеудің біреуі Б.Қалмырза деген азамат. Ал біреуі сол кезде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Ербол Садыр. Садыр кеңестің жай ғана мүшесі емес, төрағасы болыпты.
Соңғы үшеу ұсынысты қолдап дауыс берген. «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамына аса ірі мөлшерде зиян келтірген шешім осылайша басым көпшілік дауыспен қабылданып кеткен. Ең қызығы, бұл емес. «Қылмыстық қудалау органдарының айыптау актісінде және айыпталушы К.Жанбосыновтың іс әрекеттерін саралау туралы қаулысында «соңғылар» «оң» дауыс беріп» деп осы АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Е.Садыр мен оның мүшесі Б.Қалмырзаны меңзеп отырса осы екі азаматқа қатысты іс құжаттарын аталған қылмыстық істен бөлектеп алған. Өйткені осы екі азамат та көпқабатты 518 пәтері бар 9 тұрғын үйлерді 3 704 886 000 теңгеге сатылуына «оң» дауыс бергендер болатын. Демек, АҚ Директорлар кеңесінің 5 мүшесінің 3-і пәтерлерді сату- сатып алу туралы келісімшарт жасалсын деп «оң» дауыс берген, ал 2-і қалыс қалған, яғни көпшілік дауыс бойынша пәтерлер «сатылсын» деп шешілген»,– делінген сот қаулысында.
Сот Е.Садыр мен Б.Қалмырзаға қатысты қылмыстық істің құжаттарын бөлектеп, айыпталушы К.Жанбосыновқа қатысты қылмыстық істі бөлек қарау істің жан-жақтылығына және объективтілігіне кері әсерін тигізетінін алға тартады. Орын алған елеулі заңбұзушылықты жою үшін істі прокурорға қайтарған.
Яғни, соттың тұжырымынан түсінгеніміз, Жанбосынов пен Садырдың және Қалмырзаның істерін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бірақ осыған қарамастан тергеушілер, прокурорлар Жанбосыновтың ісін бөлектеп, сотқа жіберген. Бұл не үшін қажет? Басқаларды жауапкершіліктен құтқарып жіберу үшін бе? Прокуратура енді нендей шешім қабылдайды, ал сот бұған қандай төрелік айтады?
Жалпы жоғарыдағы жәйт бойынша Ербол Садырдың үстінен қылмыстық іс қозғалған ба? Біз осы сауалды алға тартып, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметімен байланысқан болатынбыз. Ондағылар антикордың өндірісінде Е.Садырға қатысты істің жоқтығын мәлім етті. Мұны қалай жоруға болады? Садырдың ісімен өзге құзырлы органдардың тергеушілері айналысып жатқан болуы мүмкін. Болмаса экс-орынбасар «судан құрғақ шығып», жауапкершіліктен құтылып кетті деген сөз. Бұдан басқа қандай болжам болуы мүмкін. Не де болса Ербол Садырдың ендігі тағдыры белгісіз болып тұр.
Маусымда Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған Ернар Мырзақұлов Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Сот үкіміне қарағанда, Мырзақұлов 2020 жылдың мамыр айында лауазымдық өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, көрінеу жалған құжаттар әзірлеп, соны пайдалану арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне келісімшарт негізінде төленуге тиісті 1 391 587 000 теңгеге шектеу қойған.
Үкімде осы қылмыстық істе қала әкімінің денсаулық сақтау саласына бақылау жасайтын орынбасары Ербол Садырдың «заңсыз тапсырмалары» туралы жазылған. Мырзақұлов 3 жылға сотталып кетті, ал Садырдың нендей «сыбаға» алғаны белгісіз күйінде қалған еді. Енді міне Жанбосыновтың тағдыры тәлкекке түсіп жатқаны мынау... Ербол Садырдың ісі сотқа келеді ме, жоқ па? Әліптің артын бағып, бұл мәселеге қайта оралатын боламыз.
Рейтинг газеті,
№34, тамыз, 2021 ж