Қырғыздың саудагері Шымкенттің тергеушілерін сатып алған ба?
OINET.KZ - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында мемлекеттік органның қызметкерлері тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап қана қоймай, оны нақты шешу қажеттігін ескерткені белгілі. Алайда бұл талаптың Шымкенттің кейбір құзырлы органдарына қатысы жоқ сияқты.
«Мегаполистің полицейлері мен прокурорлары қарапайым тұрғындардың арыз-шағымдарына назар аудармайды, өздеріне тиесілі міндеттерін орындамайды. Олар тіпті елордадан берілген тапсырмаларға да немқұрайлы қарайды». «Рейтинг» газетінің редакциясына шағымданып келген Камила Орынбаева осылай дейді. Ол екі жылдан астам уақыттан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғанын, ал тергеушілер мен прокурорлардың әбден жүйкесін жұқартқанын айтып отыр.
К.Орынбаева өзін алаяқтықтың құрбаны болдым деп есептейді. Соңғы жылдары адамның сеніміне қиянат жасау, бөтеннің ақшасын алдап алу сияқты алаяқтық «дамып» кетті. Ал құзырлы органдардың осыған қарсы әрекетінің, әдіс-тәсілдерінің дамымай жатқаны рас. Сол баяғыша жәбірленушінің өзін кінәлауға, қылмыстық істі созбалаңға салуға тергеушілер де бой үйретіп алды.
Арызданушының айтуынша, 2019 жылдың көктемінде оған «Автонұр» базарында саудамен айналысатын танысы, Қырғызстан азаматшасы, қазіргі уақытта Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген, Шымкентте отбасымен бірге соңғы жиырма жылда тұратын Кенжегүл Карыяева ұсыныс білдірген. Ол күйеуінің Ресейден көлік әкеліп сататынын алға тартып, осы бизнеске ортақтасу, дәлірегі қаражат салу қажеттігін айтқан.
– Дәл сол кездері саудагерлікпен айналысатын менің жұмысым онша жүрмей тұрған еді, осы себепті Кенжегүлге ірі көлемде ақша бердім. Ақшаның жетпеген бөлігін біреулерден қарызға алдым. Біз көлік сатудан түсетін пайданы тең бөлісіп отыру жөнінде ауызша уағдаластық жасадық. Арада біраз уақыт өтті. Уәде орындалған жоқ. Кенжегүл әртүрлі сылтауларды айта бастады. Бірде ол «көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізу үшін тағы ақша бер, кейін бәрінен құтыламын» деді. Мен оған банктен тағы 2 миллион теңге несие алып бердім. Осылайша Кенжегүлге берген ақшалардың жалпы сомасы 10 миллион теңгеге жетті. Осы ақшаны екі жылдан астам уақыттан бері әлі қайтара алмай жүрмін, – деді К.Орынбаева. Ал енді К.Карыяеваның ортаға «разборщиктерді» салып, қорқытып-үркіту шараларын жүргізгені қаншалықты рас?
– Бір күні Кенжегүл маған «ақшаңды беремін, базарға кел» деді. Мен қуанғанымнан алып-ұшып базарға келсем, Кенжегүл екі әйелмен отыр екен. Олардың бірі өзін «разборщиктер» сияқты ұстады. Ол маған «считай что ты крупно лоханулась» деген сөзді айтты. Алайда мен мұндай үркітулерден қорыққаным жоқ. Кенжегүлден ақшамды қайтаруды талап еттім. Екі арада айқай-шу болды. Мен құзырлы органдарға арызданатымды айттым. Осыдан кейін Кенжегүл бір адвокатты шақырды. Ол адвокат екеуі көліктің ішінде гонорар мәселесін ақылдасты. Кейін біреумен телефон арқылы сөйлесіп, «осы мәселенің бәрін шешу үшін қанша ақша беруім керек?» деген сөзін естідім. Ол өзін «крышевать» етіп жүрген тергеушілермен сөйлесті ма деген күдігім бар. Осының бәрін мен видеоға түсірдім. Бейнежазбада ол менен ақша алғанын, алдағы уақытта бөліп-бөліп қайтарып беретінін мойындады. Алайда қасындағы сенген адамы «ешқандай ақша бермейсің, беретін болсаң, мені неге шақырдың?» деп дау шығарды. Мен осы оқиғаларды тағы да телефоныма түсірмек болғанымда, олар жабылып, менің қолымды қайырды,– дейді Камила. «Автонұрдағы» саудагерлер өздерінің мәселесін тоқсаныншы жылдардағыдай «разборщик», «рэкеттер» арқылы шешетін заманға қайта оралған ба? Оларды мұндай жағдайға жеткізген кім? Полицейлердің пәрменсіздігі, тергеушілердің табансыздығы ма?
Мәселе өзара келісіммен шешілмейтін болған соң К.Орынбаева 2019 жылдың жазында Абай аудандық полиция басқармасына арызданады. Адвокат жалдайды.
– Тамызда тергеуші «қылмыс құрамы жоқ» деп істі қысқартқанын, енді мәселені азаматтық тәртіппен шешу керектігі жөнінде қаулы шығарды. Болмаған соң Шымкент қалалық полиция департаментіне бардым. Департамент басшысы, генерал Ералы Жұмаханбетовтің қабылдауына кірдім. Ол тергеушілерге тиісті тапсырмалар берді. Арада төрт ай өтті. Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Мен осыдан кейін Жұмаханбетовтің қабылдауына қайта кірдім. Осы жерде тергеушілердің істі тағы да қысқартып тастағанын білдім. Генералдың тапсырмасына қарамағындағылар осылайша салғырт қараса, біз сияқты қарапайым халықтың талап-тілегіне назар аударады дегенге сенуге бола ма?– дейді арызданушы. Сонда бұл қалай, Шымкенттің бас полицейінің тапсырмасын қарамағындағылары жүре тыңдай ма? К.Орынбаеваның прокуратурадан да көңілі қалған.
– Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Қожабаевтың қабылдауына кіргенімде арызыма бір қарады да «отырған жеріңде тыныш қана отыра бермедің ба? Бұл қандай алаяқтық?!» деп, үстімнен күлгендей болды. Осыдан кейін елордаға ұшақпен барып, «Нұр Отан» партиясы басшылығына арыздандым. Сол жерде ішкі істер министрінің орынбасары арызымды тыңдап, шымкенттік тергеушілерге тапсырмалар берген. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың онлайн қабылдауында болдым. Министр де шымкенттік тергеушілерге қылмыстық істі барынша мұқият тергеуді тапсырған еді. Алайда ешқандай нәтиже жоқ,– дейді К.Орынбаева.
Тергеушілердің тірлігінде күмәнді жайттар көп. Олар Кенжегүлдің күйеуі З.Сазиевтен жауап алған. Бірақ К.Орынбаеваның айтуынша, оның айтқан сөздері хаттамаға толық енгізілмеген, кейбір сөздері бұрмаланған. Бұл жерде тергеушілердің қандай мүдделілік танытып отырғанын кім білсін? Бірақ осының бәрі де тегін емес сияқты. Айтпақшы, арызданушы бізге Кенжегүлдің күйеуі Замирбек Сазиевтің әлеуметтік желідегі парақшасынан оның өте қымбат тұратын көліктермен түскен суреттерін де көрсетті. Шамасы Орынбаевадан және басқалардан алынған ақшалармен басталған бизнес өте табысты жүріп жатқанға ұқсайды.
Енді құжаттарға назар салып көрейік. Қылмыстық істі жүргізу барысында тергеушілер К.Орынбаева мен К.Карыяева екеуінің арасындағы ұялы телефон арқылы жазылған хабарламаларды Нұр-Сұлтан қаласына сараптамаға жіберген. Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамалар орталығының Нұр Сұлтан қаласы бойынша сот сараптама институты директорының міндетін атқарушы Г.Сәрсенбаеваның орыс тілінде берген жауап хатына қарағанда, тексеруге берілген материалды зерттеу мүмкін болмапты, себебі Нұр-Сұлтанда қазақ тілін білетін сарапшы-психолог жоқ екен. Сонда Қазақстанда, мемлекеттік тіл қазақ тілі саналатын елдің бас қаласында қазақ тілін білетін бірде-бір сарапшы-психолог жоқ дегенге сенуге бола ма? Сенбейін десең, білдей басшының өзі жазып отыр. Бұл мәселеге Әділет министрлігі жауап беруі тиіс деп ойлаймыз.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Б.Сәрсенбаевтың шығарған қаулыларына қарағанда, бұл істе жәбірленуші жалғыз Камила Орынбаева ғана емес. 22 мамырда Кенжегүлдің үстінен Шымкент қаласының тұрғыны Л.Тулбаева деген азаматша арызданған. Арызында ол Кенжегүлдің 2019 жылдың қаңтарында киім алып беремін деп, 2 миллион теңгесін алып, осы уақытқа дейін қайтармағанын көрсеткен. Орынбаева мен Тулбаеваның арыздары бір іске біріктірілген.
Орынбаеваның айтуынша, ол кешегі күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың онлайн қабылдауында болуы керек екен. Алайда қабылдау кейінге қалдырылған. Осы қабылдауға жазылғалы бері шымкенттік тергеушілерден маза кетіпті. Қоңырау соғады, тіпті үйіне де келетінге ұқсайды. Тергеу басқармасының басшысы «Нұр Отанға» қоңырау шалып, «Орынбаеваның мәселесі шешілді, оны тізімнен алып тастаңыздар» дегенді де айтыпты. «Министрге жазылды» деген соң кешегі күні тергеушілер К. Карыяеваны апарып қамаған көрінеді. Бірақ тергеушілердің айтуынша, оны қамауда ұстап отыра беруге прокуратура келіспей жатқан көрінеді. Келісім берілмесе, ол бүгін-ертең қайтадан бостандыққа шығып кетуі мүмкін.
Кешегі күні Карыяевадан зардап шеккен тағы бір жәбірленушіні редакцияға келіп кетті. Өзін Бағила Әшірбекова деп таныстырған азаматшаның айтуынша, Кенжегүл одан 2019 жылы көлік әкеліп береміз деп, 3 миллион теңге алған. Ақша содан бері қайтарылмаған. Бұл бойынша құзырлы органдарға арызданған, қылмыстық іс қозғалған, бірақ нәтиже жоқ. Осыдан кейін тағы бір жәбірленуші Шолпан Сәттібаева хабарласты. Оның айтуынша, Кенжегүл Карыяева оның 4 миллион теңгесін алып, қайтармаған. Ол полицияға енді арыз жазып жатыр екен. Арызданушылардың сөзіне сенсек, зардап шеккендердің саны бұдан да көп. Біразы әлі ешқайда арызданбаған.
Арызданушылар қандай жағдай болса да Карыяеваны қамау қажеттігін айтып отыр. Олай болмаған жағдайда ол Қырғызстанға кетіп, тергеуден бой тасалауы әбден мүмкін. Бұл іс бойынша бір емес қазірдің өзінде бірнеше жәбірленуші бар. Осының өзі-ақ бұл істе алаяқтық белгілерінің барын байқататын сияқты. Сондықтан құзырлы органдар бұл істі заң аясында, әділ жүргізеді деген үміттеміз. Әрине, егер тергеушілер мен прокурорлар арызданушылар айтқандай «сатылып кетпеген» болса деңіз.
Арызданушылар бұл істі Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бақылауына алса дейді.