Директор тағайындауды депутат шеше ме? Білім басқармасы Қожабаевтың қолжаулығы емес
«Рейтинг» газетінде бұған дейін Кентау қаласының білім саласында орын алып жатқан былық-шылықтар туралы бір емес бірнеше мақала жарияланған болатын. Өткен аптада Кентаудың білім саласындағы келеңсіздіктерді алға тартып, редакцияға тағы да арызданушылар келді. Бұл жолғы арыздың кейіпкерлері тағы да сол шуы бітпейтін Шаға ауылдық округінен болып шықты.
Хайрулла Қожабаев
Даудың басы Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы елді мекенде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі жатқан мектеп болып тұр. Дәлірегі «осы мектептің директоры кім болады?» деген мәселеге келгенде текетірес туындаған. Ауыл тұрғындары бір жақ, атқамінерлер бір жақ.
– Ауылымыздағы Молда Мұса атындағы мектептің негізі 1974 жылы қаланған. Бүгінде онда 2300-дей оқушы 3 ауысымда білім алады. Мәселені шешу үшін 2019 жылы ауылда 300 орындық мектептің құрылысы басталған, қазіргі уақытта ол білім ошағы оқушы қабылдауға 100 пайыз дайын тұр. Былтыр қазанда Кентау қалалық білім беру (адами әлеуетті дамыту) бөлімі басшысының міндетін атқарушы Баянғали Жұмабаев Сауран ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің бұрынғы директоры Қайрат Дүйсенбиевті ауылымыздағы пайдалануға берілгелі жатқан осы білім ұясына директордың міндетін атқарушы етіп тағайындады, – деді «отызжылдықтағы» ағайындардың арызын редакциямызға алып келген ақсақал Әлішер Абдукаримов. Оның әңгімесін әрі қарай өрбітсек, «и.о.» директордың кадрлық мәселеге қатысты жоспары да тұрғындарға ұнамаған. Бізбенен телефон арқылы сөйлескен Шаға ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразгелді Егізбаев та осы ойды қоштап, «Қ.Дүйсенбиев ауылда өткен жиында жаңа мектепке мұғалімдерді Молда Мұса мектебінен емес, Түркістан қаласынан әкелетінін мәлім еткені бізге ұнамады» дейді. Бұған көпшілік болып наразылық білдірген. Ең таңданарлығы мынада болып тұр.
Қос ақсақал айтқандай, былтыр қазанда Қайрат Дүйсенбиевтің жаңа мектепте директордың міндетін атқарушы болуына ықпал еткен Кентау трансформатор зауытының директоры, өткен сайлауда Мәжіліс депутаттығына ұсынылып өтпей қалған, қазіргі уақытта Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Хайрулла Қожабаев екендігі қаншалықты рас?
– Былтыр біз осы мәселе бойынша Қожабаевтың қабылдауына кірген болатынбыз. Ол кезде Қожабаев Кентау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын әрі Кентау қалалық мәслихатының депутаты еді. Ол Дүйсенбиевтің қызметке тағайындалуына ықпалы тигенін жоққа шығарған жоқ. Егер олай болмаса әңгіме барысында «Сіздер онымен тіл табысып жұмыс істеңіздер. Қажет болса, оны шақырып алып, алдарыңызда шөкелетіп тұрып кешірім сұратамын, ол сіздердің айтқандарыңызды істейді» деген сөзді қозғар ма еді?,– деді Әлішер Абдукаримов. Оның сөзінен түсінгеніміз, халықтың талабы – жаңа мектепке директорды сырттан емес, Молда Мұса мектебіндегі ұстаздардың арасынан тағайындау.
Ақсақалдар бұған дейін бірнеше мекемелерге арызданған. Бір қызығы, жазылған арыздардың бәріне келген жауаптардың мазмұны бірдей. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай Шаға ауылындағы жаңа мектеп директорының әлі тағайындалмағанын, директордың алдағы уақытта уәкілетті органның алқа комиссиясының шешімімен тағайындалатынын мәлім етіпті.
Дәл осындай жауапты облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев та жолдаған. Дұрыс қой мектеп директоры ақсақалдар айтқан талаппен емес, заңдылықтарға сәйкес тағайындалуы тиіс. Олай болса заңдылыққа сүйенген жауап қатудың орнына арызданушылардың айтуына еріп облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар Қайрат Дүйсенбиевті қызметінен алып тастаймыз деп үш мәрте уәде бергені, онысы алдандырып шығарып салу болғаны ақылға қонатын әрекет пе?
Ал Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Баянғали Жұмабаев Қ.Дүйсенбиевтің бұл қызметке жоғарыдағылардың ықпалымен тағайындалып отырғанын ақсақалдардың алдында мойындағаны рас болса, нағыз сорақылықтың өзі емес пе? Ендеше заңнан аттап ықпал жасаушы “жарты құдай” кім?
Жоғарыдағы келтірілген фактілерден кейін қандай қорытынды жасауға болады? Айтылған жәйт, келтірілген деректердің бәрі де мектеп директорларын конкурспен тағайындаудың Оңтүстікте жай ғана көз қылып көрсету үшін, формалды түрде атқарылатын рәсім екендігін байқататын сияқты. Шындығында директорлық орынға кандидаттар жоғарыдағы азаматтардың ықпалымен тағайындалса сұмдық емес пе?! Ал облыстық, аудан, қала көлеміндегі білім саласындағы басшылар сол ықпалдылардың ығына жығыла кетпеске амалы қайсы?
Қысқасы, «мықтының арты диірмен тартадының» нағыз өзі. Бүгінде мәслихат депутаты Хайрулла Қожабаев Кентау қаласы ғана емес, облыс көлемінде ықпалы, абыройы бар азамат. Осы ықпалды, депутаттық мандатын, Елбасының өзі тізгінін ұстаған «Nur Otan» партиясының мүшесі екенін пайдаланып, Қожабаев кадр мәселесін шешуге кірісіп кеткені ме? Қожабаевты мұндай қожайындық жасап жүр дегенге қиюға бола ма? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек онда Шағада жаңа мектептегі шатаққа байланысты оның аты-жөнін арызданушылар неге қайта-қайта алға тарта береді?
Біз осы сауалға қатысты депутат Қожабаевтың тікелей өзімен тілдесе алмағандықтан амалсыз оның ықпалын пайдаланып жүр деген әңгімеге түрткі болған Қайрат Дүйсенбиевпен пікірлескен едік.
– Ол кісінің (Қожабаевты айтып отыр-автор) бұл іске ешқандай қатысы жоқ. Маған білім басшылары тарапынан осы жаңа мектеп директорының міндетін уақытша атқару, білім ұясының барлық құжаттарын рәсімдеу жөнінде ұсыныс түсті. Мен оған келісімімді бердім. Бары сол ғана,– деді Қ.Дүйсенбиев. – Мектеп ашылған соң Молда Мұса мектебіндегі шәкірттер бізге ұстаздарымен бірге келеді. Жаңа білім ұясы оларды қабылдауға міндетті, қажеттілік болмаса сырттан басқа мұғалім алмайды. Жалпы ақсақалдардың арызданып жүргенінің өзі ақылға сыйымсыздау тірлік. Себебі мектеп әлі мемлекеттік қабылдаудан өтпеген. Қабылдаудан өтсін, одан кейін тиісті конкурс директорды анықтап береді. Ал оған дейін атқарылатын шаруалар шаш етектен. Білім ұясының құрылысы бітті дегенімен, не суы, не жылуы жоқ. Қаншама құжат жинап жүріп, жарықты қостырдым. Ғимараттағы кейбір кафельдер көтеріліп кеткен. Мердігерді шақырып жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Егер менің атқарып жатқан жұмысымда кемшілік табылса немесе ештеңе істемей жүрген болсам, айтатын сынын сол кезде айтсын. Менің қазіргі мақсатым – қалайда мектепті ашу. Ал кімнің директор болатынын уақыт көрсетеді.
Осылай деген Қайрат Дүйсенбиев ақсақалдардың директорлыққа көздеп жүрген өз адамдары болуы мүмкін деген күдігін де жасырған жоқ. «Мектеп директорлығына жарияланатын конкурсқа қатысасыз ба?», деген сауалға ол: «Конкурсқа кез келген азаматтың қатысуға құқығы бар»,– деп қысқа жауап қайырды.
Осылайша Кентауда тағы бір білім ұясынан шу шығып жатыр. Бұл шудың немен аяқталары ертеңгі күннің еншісінде. Айтпақшы, біз талап қылғанмен тілдесудің сәті түспеген облыстық мәслихат депутаты Хайрулла Қожабаевтың арызданушылардың айыптауларына қарсы айтары болса газет бетінде жариялауға әзірміз.
"Рейтинг" газеті, №15, 2021 ж