Жұртты шулатпаңыз генерал Жұмаханбетов!
Шымкентте кейінгі кездері өздерінің наразылығын білдіргісі келгендерді әкімшілік жауапқа тарту, соққыға жығу, қыр соңына түсіп аңду үдеп барады. Мегаполистің полицейлері арасында «шаш ал да десе, бас алудан» тайынбайтындығын көрсетушілер аз болмай тұр десек асыра айтқандық емес шығар. Шымкент қаласының полициясын басқаруға Ералы Жұмаханбетов келгелі тәртіп сақшыларының тірлігіне қатысты у-шулар жиіледі. Таяуда тағы қайталанды.
Өткен аптаның аяғында Шымкент қаласына қарасты Алтынтөбе ауылында алтын бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпкердің тұтқындалуы жергілікті тұрғындар арасында наразылыққа ұласты. Елуге жуық адам ұсталды. Олардың наразылығы ақылға қона ма? Бұл өз алдына бөлек тақырып. Халықтың нарызылығына тосқауыл қою операциясы кезінде тәртіп сақшылары төртінші билік өкілдері саналатын журналистерге күш көрсетіп, қол жұмсаған. Тіпті оқиға кезінде бір полицей журналистердің бірін «өлтіріп кетемін» деп қорқытқаны көпшіліктің жағасын ұстатты. Жалпы Шымкентте журналисті тәртіп сақшыларының соққыға жығуы бірінші кездесіп отырған жағдай емес.
Осыдан бір ай бұрын, дәлірегі 2 наурызда қаладағы «Тұлпар» базары өртеніп, «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Бахрам Талибжанов пен «31 арна» тілшісі Бахрам Абдуллаев осы төтенше оқиғаны түсіруге барғаны, сол жолы тәртіп сақшылары олардың жұмысына кедергі жасағаны, оның соңы Бахрам Талибжановқа полицейлердің қол жұмсауымен аяқталғаны мәлім болған еді. Сол жолы әлеуметтік желіде қос Бахрамды қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генаралы Ералы Жұмаханбетовтың арнайы қабылдап, тергеу амалдарын бақылауына алатынын, кінәлілердің жазаланатыныны жарияланған. Міне, арада бір ай өтер өтпес келеңсіздік тағы да қайталанып отыр. Бұл жолғысы тым шектен шыққандық. Осыған байланысты дүйсенбіде полицейлердің қол жұмсауы мен қоқан-лоқысына ұшыраған журналистер бейбіт акция өткізді.
Қалалық Полиция департаментінің алдына «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Бахрам Талибжанов, 31 арнаның тілшісі Бахрам Абдуллаев және «КТК» телеарнасының тілшісі Бек Әбиев «Журналистерді ұрғып соғуды доғарыңдар» деген плакат ұстап келіп, тәртіп сақшыларының әрекетіне наразылығын білдірді. Оларға бір топ әріптестері қолдау көрсетті
-Мен бұл жерге азаматтық позициямды білдіруге келдім. Осыдан бір ай бұрын қаладағы «Тұлпар» базарында тәртіп сақшылары қол жұмсаған Бахрам Талибжановтың арызы бойынша қылмыстық іс бір орыннан жылжымай келеді. Қайта соңғы кездері тергеушілер журналистке «мүмкін сені көшеде кетіп бара жатқан біреу ұрып кеткен шығар» деген сөздерді айта бастаған. Тергеудің бәрі циркке айналды,-деді журналист Бек Әбиев.
Наразы журналистердің айтуымен, Алтынтөбе ауылындағы келеңсіздікке қайта оралсақ тәртіп сақшыларының бірі ақпарат жинап жанталасып жүрген тілші Бахрам Абдуллаевтың камераның үстіне ұстап тұрған қолшатырын жұлып алып, сындырған. Осы әрекет кезінде Абдуллаев қолынан жеңіл жарақат алған. Тәртіп сақшылары «Азаттықтың» тілшісі Диляра Исаның ұялы телефонын тартып алмақ болған. Ал Бахрам Талибжановқа азаматтық формадағы бір қызметкер шүйліккен. Ол алғашқыда Талибжановқа «қылмыскерсің» деген, кейін жақын келіп, оған орыс тілінде «я тебя прикончу» деген сөзді айтып, қорқытқан. Оқиға кезінде тәртіп сақшылары жергілікті «Отырар» телеарнасының операторын да ұрған.
Жәбірленген журналистер Полиция департаменті ғимараты алдында әріптестеріне сұхбат беріп тұрған кезде оқиға орнына генерал Ералы Жұмаханбетов келіп, мәселені ішке кіріп талқылауға шақырды. Генерал барлық мәселені өзара түсіністікпен шешуге шақырып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас полицейдің тапсырмасымен осыдан кейін өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі журналистердің алдына шығып, 2 наурызда «Тұлпар» базарындағы өртті сөндіру барысында тәртіп сақшыларынан таяқ жеген «Астана» телеарнасының тілшісі Бахрам Талибжановтың арызы бойынша нендей жұмыстардың атқарылғанын баяндады. Бірақ ол «қылмыстық іс қозғалған, тергеу жүріп жатыр» дегеннен басқа жарытып ештең айтқан жоқ.
-Бұл іс бойынша күдікті бар ма?-деген журналистердің қойған сауалын тергеуші жауапсыз қалдырды. Тергеушінің айтқанынан түсінгеніміз қылмыстық іс тәртіп сақшыларының тартпасында жатып қалған сияқты. Оның тағдыры да күні бұрын шешіліп қойылған десек қателеспеуіміз мүмкін. Тергеушілер уақыты келгенде бұл істі «қылмыс құрамының болмауына немесе күдіктілердің анықталмауына байланысты» деген негіздермен қысқартып жібере сала ма деген күдік бар. Генералдың жеке бақылауына алынған істің жай-күйі осындай болған соң басқасына не айтуға болады? Журналистің мүддесі, құқығы генерал үшін түкке тұрғысыз дүние болғаны ма?
Айтпақшы, тәртіп сақшылары сол жерде Талибжановқа «өлтіріп кетемін» деген полицейдің кім екендігін анықтап берді. Дәл қазіргі уақытта оның денсаулығына байланысты «больничныйда» екендігі айтылды. Ералы Жұмаханбетов тілшілердің жазған арыз-шағымы бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілетінін мәлім етіп, тіпті қызметкерлері үшін кешірім сұрады. Алайда:
"Мен департамент қызметкерлері үшін жауап беремін, мен жұрттың көзінше кешірім сұраймын, жетеді ме?" - деген генералдың сөзін қалай қабылдарымызды білмедік. Бас полицейдің әңгіме арасында полицейлердің қандай жағдай болса да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететінін, сондай кездері журналистерге де байқаусызда тиіп кетуі мүмкін екендігін мәлім етті. Сонда полицейлер абайсызда бәрін төңкеріп кете беретін дөрекі, қара тобыр болғаны ма? Сонда соншама журналист жиылып, наразылардың плакат ұстап шығудағы мақсаты генералдың бір ауыз кешірімін алу ма? Төртінші билік өкілдеріне күш көрсетіп, қол жұмсаған, «өлтіріп кетемін» деп қорқытқан полицейлер заң алдында жауапқа тартылмай ма? Қарамағындағы қызметкерлері үшін жауап беретін генерал Жұмаханбетов әділдікті қамтамасыз ете алады ма? Әліптің артын бағалық.
Жалпы, генерал Ералы Жұмаханбетов туралы «Рейтинг» газетінде бұған дейін бірнеше сын материалдар жарияланды. Шымкент облыстан бөлінген кезде бас полицей Жұмаханбатовті айыптап жұмыссыз қалған қызметкерлер арыз-шағым жазған еді. Жаңаталаптың тұрғындары Бадам өзенінен тас ұрлауда полицияның пәрменсіздігіне қатысты шағым айтты. Сол кезде бұл мәселеге қала әкімі Мұрат Әйтенов назар аударып, тиісті тапсырмалар берген болатын. Алайда жаңталаптықтардың айтуынша, ел сенім артқан полициядан қаймықпай бұдан кейін де тас ұрлаушылар тірлігін жалғастыра берген... Бәрі де бірінші басшыға байланысты ғой. Жұртты шулатпаңыз генерал Жұмаханбетов дегіміз келеді.
P.S. Сейсенбіде журналистерді жәбірлеген тәртіп сақшыларының мәселесі департаменттегі Тәртіптік кеңесте қаралғаны, жиынның соңы журналистер мен полицейлердің қол алысуымен аяқталғаны туралы ақпараттар таратылды. Осылайша "Журналистің жұмысына кедергі жасау" бабының белгілері бар қылмыстық істің ақыры тәртіптік іспен аяқталды. Бұл заңның, әділдіктің қағидаларына қаншалықты сай келетінін енді сіз сұрамаңыз, біз айтпай-ақ қоялық. Бірақ тәртіп сақшыларының журналистердің жұмысына кедергі жасауы, күш көрсетуі, соққыға жығуы, қоқан-лоқы жасауы осыменен тоқтай ма? Генерал Ералы Жұмаханбетов осыған кепілдік бере ала ма?
Бәрін уақыттың төрелегіне тапсырдық.
"Рейтинг" газеті, №14, 2021 ж