Жолаев неге екі сөйледі?

Oinet.kz 18-02-2021 2752

Жаңа жылдан бастап барлық аудан, қалалық білім беру бөлімдері облыстық білім басқармаларының құрамына өтті. Бұл дегеніңіз енді облыстық білім басқармалары өңірдегі барлық мектеп, балабақшаларға басшылық жасайды деген сөз. Бұл шараға білім басқармаларының алдын ала қызу әзірлік жасағаны белгілі. Біраз пікірталастардың болғаны да рас.

Естеріңізде болса, былтыр «Рейтинг» газетінде біз Adalbilim жобалық офисінің онлайн жиынында білім саласындағы жемқорлыққа тосқауыл қою тақырыбында қызу әңгіме болғанын, оған Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту (облыстық білім басқармасының қазіргі заманауи атауы) басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың  қатысып, құлақтың құрышын қандырарлықтай әңгіме айтқанын жазған едік.  

Рахымбек Жолаев.jpg

- Білім бөлімдері басқармаға өткен соң, жұмысты неден бастайсыз? - деген сауалға келгенде облыстың бас ұстазы модератор айтпақшы, «үлкен мәлімдеме» жасады:

- Аудандық білім бөлімдері басшыларының дипломын тексеруден бастаймын. Өйткені бізде бір аудандық білім бөлімі басшысының дипломының жалған екендігі әлеуметтік желіде жазылды. Басшы бірнеше айға қызметінен шеттетілді. Кейін дипломының жалған екендігі расталды. Сотта білім басшысы жеңіп шықты. Аудан әкімі оны осыдан кейін оны қызметіне қайта қойды. Қазір ол азаматша жұмысын істеп жатыр. Дипломының жалған екендігі рас, - деген болатын Жолаев.  

Басқарма басшысы мектеп директорларының да дипломын тексеретінін мәлім етті. 

- Адалдықты алдымен білім саласынан, біліктілік сәйкестігінен бастау керек. Білім бөлімі басшыларының біразы білім саласында істемеген. Бірнешеуі мұғалім болып, 45 минут сабақ беріп көрмеген. Белгілі себептермен білім бөлімінде әдіскер, маман болып, ары қарай басшылыққа тағайындалғандар. Ондайлар жұмыс істемеуі керек, - деген еді Жолаев. 

«Дипломы жалған» қызметкердің Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова екендігін, оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, Түркістан қалалық соты дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты басшыны ақтағаны бұған дейін де жазылған. «Аманова енді Жолаевтың құрығынан құтыла алмауы мүмкін» деген едік. Қателескен сияқтымыз. Білім бөлімдерінің адами әлеуетті дамыту басқармасының құрамына өткеніне міне бір жарым айдан асты. Алайда Аманова бүгінде өзінің сол баяғы қызметін атқарып жүр. Сонда Жолаев сотта ақталып шыққан  білім бөлімінің басшысын не үшін мысалға келтірген? Түсініксіз. 

Жолаев қызықтың көкесін білім бөлімдері басқармаға өткен соң көрсетті. Ол алғаш болып «өмірінде 45 минут сабақ беріп көрмеген» Баянғали Жұмабаевты Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы етіп тағайындады.  

Жалпы, Баянғали Жұмабаевтың онсыз да айқай-шудан, дау-дамайдан көз ашпаған, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері шетінен парамен ұсталып жатқан Кентау қалалық білім бөлімінің басшылығына былтыр наурызда келген. Ол алғашқыда басшының міндетін атқарушы болып тағайындалады. Себебі бізге жеткен мәлімтерге қарағанда, Баянғали мырзаның басшы болуға еңбек өтілі жетпеген көрінеді. Бөлімге заңды түрде басшы тағайындауға шенеуніктер де асықпайды. Оның неге екендігі оқиғалардың осыдан кейінгі барысынан байқайсыз.  

Адами әлеуетті дамыту басқармасы былтыр қарашада Кентау қалалық білім бөлімі басшысының бос тұрған орнына конкурс жариялайды. Бұл конкурсқа жергілікті мектеп директоры қызметін атқарып жүрген екі үміткер құжат тапсырған. Кентаулық ұстаздардың айтуынша, екеуі де тәжірибесі мол, білім саласының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген, өз саласының нағыз мамандары саналған. Үміткерлер тәртіп бойынша эссе жазған, әңгімелесуден өткен. Алайда комиссия ол екеуін де конкурстан өтпеді деп таныған. 

Бір қызығы, адами әлеуетті дамыту басқармасының ресми сайтында бұл конкурс туралы ешқандай мәлімет жарияланбаған. Бұл жерде қандай құпия бар? Жоқ әлде  конкурс жәй ғана көзбояушылық па? 

Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, желтоқсанда Баянғали Жұмабаевтың еңбек өтілі басшы болуға жеткен соң басқарма Кентау қалалық білім бөлімінің басшылығына ішкі конкурс жариялайды. Басқарманың сайтындағы мәліметке сенсек, оған Б.Жұмабаев құжат тапсырып, 31 желтоқсанда конкурстың келесі кезеңіне өткен. Қаңтардың басында  комиссияның шешімімен оның кандидатурасы Кентау қалалық білім бөлімінің басшылығына ұсынылған. Қаңтардың басында Жолаевтың өзі жаңа басшыны Кентау қалалық білім бөлімінің ұжымымен таныстырған. Яғни әлдебіреулер Баянғали Жұмабаевтың жеңімпаз атануына барынша жағдай жасап берген бе деген күдіктің құлағы қылтияды. Тәртіп бойынша бос орынға алдымен ішкі конкурс, осыдан кейін жалпы конкурс жарияланушы еді. Ал бұл жолы неге  керісінше жасалғаны жұмбақ күйінде қалып отыр? 

Жолаев пен Баянғали.jpg

(Фото Б. Жұмабаевтың фейсбуктегі парақшасынан алынған)

Сол кездері ғаламторда жарияланған мәліметтерге қарағанда, Баянғали Жұмабаев еңбек жолын Шымкент қаласындағы «ОҚО мемелекеттік мұрағатында» мұрағатшы болып бастаған. Бұдан кейінгі жылдары облыстық басқармаларда бас маман болып істеп, Кентауға келгенге дейін  Түркістан облысы білім басқармасы кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 

Өмірбаянынан байқағандарыңыздай Жұмабаев өмірінде «45 минут сабақ беріп көрмеген» маман.  Түркістанның бас мұғалімі өзі айтқан «адалдықты» осылайша елді аң-таң қылған тағайындаумен бастап кетті. Жолаевтың  ай жарықта  өзі айтқан жоба-жоспарынан, бағыт-бағдарынан көз жазып қалатындай басына не күн туды екен?! 

Былтыр «Рейтинг» газетінде біз Кентау қаласына қарасты Вахидов атындағы мектептің директоры Изатуллаеваның қарамағындағы қызметкерлерінен ақша жинап, антикордың құрығына түскені, бірақ белгісіз жағдайда оның қылмыстық ісінің қысқартылғанын жазған едік. Кейінірек тергеушілер Изатуллаеваны тәртіптік жазамен қызметінен босату жөнінде  Кентау қалалық білім бөліміне ұсыныс береді. Бірақ сол кездегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Баянғали Жұмабаев заң талаптарын дұрыс қолданбайды. Изатуллаева біраз уақыт өткен соң Еңбек инспекциясына арызданады. Еңбек инспекциясы Б.Жұмабаевтың директорды қызметтен босату жөніндегі бұйрықта Еңбек кодексінің баптарын ауыстырып жібергенін анықтап, Изатуллаеваны қызметіне қайта тағайындатқызады. Мәселе ақпарат құралдарында жарияланған соң антикор облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа хат жолдайды. Алайда бұл кезде мектеп директорын тәртіптік жазаға тарту мерзімі өтіп кеткен болып шығады. Осылайша Жұмабаевтың арқасында Изатуллаева қызметін сақтап қалды. 

Өзіне тиесілі міндетке жауапсыз қарайтын, Жолаевша айтқанда  «белгілі себептермен басшы болып тағайындалған» Жұмабаев Кентаудың білім саласын қаншалықты біліктілікпен, адалдықпен басқара алады? Мұны уақыт көрсете жатар.

Ал жұрт өте сыпайы, мәдениеті деп мақтап жүрген Жолаевтың енді тағы қандай жаңалық ашатынын кім білсін?! Біздің қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, жуырда білім бөлімі басшыларынан жүйелі түрде пара алады деген факті бойынша Жолаевтың бір орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ол кейінірек «қылмыс құрамының болмауына байланысты» деген әдеттегі негізбен қысқартылған көрінеді. Білім басқармасында ақша жинауға қатысты дау-дамайлар неге толастамайды? 

Өткен аптаға редакцияға хабарласқан бір топ директорлар адами әлеуетті дамыту басқармасының құзырына өткен мектептердің құжаттарын, мөрлерін ауыстыру үшін ұстаздардан жаппай ақша жиналып жатқанын мәлім етті. Мұндай жанайқай қаншалықты рас? Бұл келер күндері кеңінен тоқталатын, өз алдына бөлек әңгіме.  

"Рейтинг" газеті, №7, 18 ақпан, 2021 жыл

«Қазақтың немқұрайлылығы, бейқамдығы кінәлі» - Ринат Зайытов (видео)
«Балық басынан шіриді». Сот төрағасы Баратбеков кеткеннен бір нәрсе өзгерді ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу